• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
03 Шілде, 2014

Астананың алтын алқасы: «Астана – Арена»

934 рет
көрсетілді

Бүгін оның ашылғанына тура 5 жыл толып отыр

Біз әдетте бала күнгі, жас шақтағы әсерлердің есте жақсы сақталатынын айтып жатамыз ғой. Бақсақ, кісінің шау тарта бастаған шағында көрген көрікті көріністерінің де жүрекке жылы ұялап қалатын кездері кезігеді екен. Бұдан төрт жылға жуық уақыт бұрын, дәлірегі, 2010 жылғы қазанның 13-і күні футболдан Қазақстан мен Германия құрамасы арасындағы матчтан репортаж жазу үшін алғаш рет «Астана-Арена» стадионына кіріп барғанымда, мен тура сондай хәлді бастан кештім. Күмбезі көкпен таласқан көркем кешен бірден көңілді көтеріп жіберді. Бұл бір жағы қадамын енді қарыштатып жазып келе жатқан Қазақ елінің де әлемдегі алдыңғы қатарлы дәулеттер дүрмегінде заманауи жабық спорт ғимараттарын сала бастағанын танытатын жағымды жаңалық та болатын. Мұның өзі де біздің Тәуелсіздігіміздің кезекті бір символы іспеттес. Осы тұста менің жадымда сонау 1968 жылы Ташкенттегі «Пахтакор», 1971 жылы Алматыдағы Орталық стадиондарын бірінші мәрте көрген сәттерім жаңғырып тұра қалды. Сол бір балаң шақтарымда бірі қазан шұңқырға қаумалай қоныс тепкен, екіншісіне қыр арқасынан Алатаудың қарлы шыңдары төніп тұрған ареналар жаһандағы нағыз жауһарлар сияқты санамды қатты баурап алып еді. Енді, міне, арада қаншама жылдар өткеннен кейін сондай жанды жадыратып, талғамды тамсандырған жарыс жабдығы қатарына «Астана-Арена» кешені қосылды. Мұнда да дәл алдыңғылардай көргеніме көз тоят­тап, масаттану сезімі өне бойымнан дүркіреп шыға келген-ді. Әлбетте, елорда төріндегі бірінші жабық стадионды көргеннен кейін, жаһандағы мұндай кешендердің тарихы қашан және қайдан бастау алатыны туралы деректер білуге деген құштарлық бірден оянған. Сонда ақпарат көздерін ақтара отырып білгеніміз, Жер бетіндегі бірінші жарақты-жабдықты жабық спорт кешені АҚШ-тың Хьюстон қаласында бой көтерген екен. «Астродом» деп аталатын бұл стадионның ілкі идея­сы бейсболдың жоғары лигасында ойнайтын жеке командасы болуын армандаған жергілікті төреші Рой Хоффонтцтың ұшқыр қиялынан туындапты. Алайда, бүкіл жаз бойына ыстықтығы 40 градустан асып түсетін бұл өңірде ондай жарыс­тарды өткізу жөнінде ойға берілудің өзі күпірлік көрінген. Сондықтан, әлгі арбитр ауаны тазартып тұратын қондырғысы бар жабық стадион салу туралы тұжырымға тоқтам тастайды. Бұған қоса, ол жанкүйерлердің ойын сәттерін көрулеріне кедергі келтірмес үшін стадионның ішкі бағандарсыз, күмбез тектес болып салынуына бас­ты назар аударады. Оның аясындағы бейсбол алаңының айналасын жан-жағынан қоршаған трибуналарда бір мезгілде 50 мың адам отыруға тиіс. Ал әлем бұрын-соңды мұндай құрылысты салып көрмеген еді. Сондықтан идеяны қолдаушылар­мен қатар, оған қарсы шығушылар да аз болмаған. Соған қарамастан, алған бетінен қайтпайтын қайсар қазы алға қойған мақсатын орындап, 1961 жылы жаңа кешеннің жобасын жасаттырады. 1962 жылы оның құрылыс жұмыстары да басталып кетеді. Үш жыл бойы үздіксіз салынған жаңа стадион ақырында 1965 жылғы 9 сәуірде салтанатты жағдайда ашылады. Оның ашылу салтанатына АҚШ-тың сол кездегі президенті Линдон Джонсон қатысады. Негізінен жаңбырдан гөрі күннен қорғануға арналып жасалған ғимаратта кейін бейсболмен қатар, футбол, баскетбол, бокс секілді көптеген бұқаралық спорт жарыстары қанат қаға бастайды. Арада бірнеше жыл өткен соң тап осындай кешендер Жаңа Орлеан, Торонто, Понтиак, Сан-Антони, Сиэтл, Индианаполис және Миннеаполис қалаларында да пайда болады. Ал қазір мұндай құрылыстар әлемнің дамыған елдеріндегі басты қалалардың барлығында дерлік бар. Бұлардың қатарына 2009 жылғы 3 шілдеде елордадағы «Астана-Арена» кешені де келіп қосылды. Оның ресми ашылу салтанатына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Сол күні мұнда алматылық екі клубтың арқауында құрылған «Локомотив» футбол командасы мен еліміздің жастар құрамасы жабық стадион тарихындағы тұңғыш матч­ты өткізді. Осы жолдастық кездесуге италиялық белгілі арбитр Пьерлуиджи Коллина төрешілік етті. Оның алғашқы ысқырығы бойынша допты символдық сипатта ойынға қосу рәсімін біздің Елбасы жасады. Командалардың құрамдарында олардың негізгі тұрақты ойыншыларымен бірге, сырттан шақырылған төрт «жұлдыз» өнер көрсетті. Атап айтқанда, Қазақстан жастар құрамасы сапында Грузия терме жамағаты мен Италияның «Милан» командасының орталық қорғаушысы Кахи Каладзе мен Украина бас жасағының шабуылшысы Андрей Шевченко ойнаса, «Локомотив»-тің намысын белгілі түрік футболшылары Хасан Шаш пен Хакан Шукюр қорғады. Ал стадиондағы ұлттық құрамалар деңгейіндегі бірінші ресми матч 2009 жылғы 14 қазан күні өтті. Алаңға 2010 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі шеңберінде Қазақстан және Хорватия құрамалары шық­ты. Тар­тысты өткен кездесуде тәжіри­бе­лері мен шеберліктері басымдау меймандар 2:1 есебімен жеңіске жетті. Дегенмен, алаңдағы командалар матч­тың соңына дейін 1:1 деген есеп тұр­қында тепе-теңдікті сақтап келді. Қонақ­тар тек төреші қосқан қосымша уа­қыт­та ғана жеңіс тұтқасын тартып әкетті. Содан бері бұл ста­дионда Қазақстан Кубогы мен Супер­кубогының финалдық матч­тары, сондай-ақ, «Астана» және «Шахтер» коман­даларының Еуропа футболы дең­гейіндегі халықаралық сайыстары өтіп келеді. Жаңа стадион енді ашылған кезінде қазақтың атақты балуаны атын алды. Кейін әлемдегі осындай кешендердің үлгісімен «Астана-Арена» деген қазіргі атауына көшті. Өзінің алдындағы ізашарларынан жарты ғасырға жуық уақыт кейін қатарға қосылған бұл спорт кешенінің де өзіндік ерекшеліктері жеткілікті. Біріншіден, ол әлемдегі 10 мың шаршы метрден асатын жылжымалы шатырлы жүйесі бар алты спорт кешенінің бірі болып табылады. Ол осы арқылы толық жабылады. Мұндай құрылымдардың арасында Германияның Мюнхен қаласындағы «Альянс-Арена» кешені қазір көш бас­тап тұр. Ал посткеңестік елдерде біздің аренаға тең келетін басқа тап осындай спорт ғимараты жоқ. Екіншіден, біздің стадион барлық халықаралық стандарттардың талаптарына жауап бере алады, ол УЕФА-ның халықаралық сарабынан табысты өткен. Үшіншіден, кешен өзінің көп функциялығымен және қолайлылығымен ерекшеленеді. Дегенмен, стадион ең бірінші кезекте футбол ойынын өткізуге лайық­тан­ған. Онда, сонымен қатар, ішкі құрылымдарын бейімдеп, жылжыту арқылы спорттың күрес, спорттық гимнастика, дзюдо, бокс және каратэ сынды көпшілікті көп үйір ететін түрлері бойынша сайыстар ұйымдастыруға да әбден болады. Бұдан бөлек, қажетті жабдық-жарақтарымен жабдықталған бірнеше тренажер залдары тағы тұр. Жабық спорт кешені солтүстік, оңтүстік, батыс және шығыс деп аталатын 4 трибунадан тұрады. Ондағы алаңның аумағы 105х68 метрді құрайды. Табаны жасанды шөппен көмкерілген, ал орындықтары плас­тик материалдан жасалған. Кешеннің Президент лоджасында сондай-ақ, 450 орындық VIP-орындық пен 16 орындық VIP-лоджа орналасқан. Мұнда әлемдегі барша стадиондардағыдай белгілі бір категория ұжымдары үшін қызмет көрсету жағы да қарастырылған. Жарыстар арасындағы үзілістер кезінде барлар мен ресторандар жұмыс істейді. Бұдан әрі әр қабатта дүңгіршек, бутик секілді түрлі коммерциялық сауда нүктелері қызмет көрсетеді. Осында БАҚ өкілдері үшін де керекті жағдайдың бәрі жасалған. Оларға жоғарғы трибунада арнайы лоджа бөлінуімен қатар, 100 журналиске арналған тағы 4 бөлме берілген. Ал баспасөз мәслихаты залында 120 орын бар. Енді алаңның өзіне келсек, онда әрбірінің аумағы 92 шаршы метрді құрайтын екі үлкен экран мен 40 динамик орнатылған. Бұдан бөлек, тағы 2 заманауи табло тұр. Бұған қоса, тікелей эфирден хабар жүргізу үшін 126 орындық халықаралық баспасөз орталығы, жүргізушілер кабинасы, сұхбат беретін бөлме мен интернет-кафе жайғасқан. Кешенде ойнаушы командалар мен төрешілердің өздеріне де керекті жағдайлардың бәрі жасалып қойылған. Стадионның жалпы ауқымы 23 гектар жерді құрайды. Мұнда қоғам­дық көліктердің аялдамалары, так­си­лер мен жеңіл мәшинелерді қоя­тын орындар да қарастырылған. Бұлар­дың соңғыларының өзі 1219 орынға лайықталған. Ал кешеннің ішіндегі 30 мың адамды қондыра алатын арена екі деңгейлі үлкен амфитеатр құрылымы тұрғысында ойластырылып жасалған. Мұның ойын алаңын қоршай орналасқан төменгі терассасында 16 мың орындық болса, кешеннің батыс және шығыс жақтарын жайлаған жоғарғы позициясына 14 мың адам жайғаса алады. Трибуналардың екі деңгейінің барлық тұстарынан ойын алаңы алақандағыдай болып айқын көрінеді. Астанадағы аренаның тағы бір артықшылығы, ол бар-жоғы 20 минут ішінде айқара ашылып, сонша уақытта қайтадан қымтала жабыла алады. Стадионның инфрақұрылымы онда әлемдік деңгейдегі түрлі спорттық жарыстарды, театрландырылған көріністер мен шоу-карнавалдарды, үлкен концерттер мен цирк қойылымдарын ешбір кедергісіз өткізіп тұруға толық мүмкіндік береді. Мұндағы металл құрылғылардың өзі 10 500 тоннаны құрайды. Бұл жабдықтар спорттың тек жаздық қана емес, сонымен бірге, қыстық түрлерін де ұдайы өткізіп тұруға жол аша алады. Стадион ішінде қысты күндері 10 градустық жылылық ұсталады. Демек, онда жылыту жүйесі де жұмыс істейді. Сондықтан қажет бола қалған жағдайда жылу деңгейін 12 градусқа дейін үстеуге мүмкіндік бар. Ал трибуналар жанкүйерлерге толған кезде жылылық 16-18 градусқа дейін көтеріледі. «Астана-Арена» бұған дейін бір рет ірі көлемдегі халықаралық жарыс­ты қабылдап көрді. Онда 2011 жылы Қысқы Азия ойындарының ашылу салтанаты үлкен өрлеу үстінде өткізілді. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.