• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Банк 10 Сәуір, 2023

Алғашқы жарна – 30 пайыз

1034 рет
көрсетілді

Барлық адам өз баспанасы болғанын қалайды. Алайда оған жұрттың бәрінің мүмкіндігі жетпей жатады. Осы орайда тұрғын үйді сатып алу үшін «Өз үйім» бағдарламасы бойынша көңілге қонымды пайыз ұсынып отырған қаржылық институттың бірі – «Отбасы банк» .

Бұл банк өз салымшыларына тұрғын үйді 30 пайыздық бастапқы жарнамен сатып алуға мүмкіндік жасап отыр. Банктің Атырау облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Нұрболат Батырдың айтуынша, несиелеу тетігінің жылдық мөлшері – 7 па­йыз (ЖТСМ 7,2%-дан бас­тап). Несиенің ең көп сомасы 100 млн теңгеге дейін 25 жылға беріледі.

Осы кезге дейін «Отбасы банк» арқылы екінші нарықтағы тұрғын үйді сатып алушылар алғашқы жарнаны 50 пайызға дейін жинауы қажет еді. Бұл – банктің іске асы­­рып жатқан тұрғын үй құрылысы жинақ­тары жүйесінің талабы. Енді атыраулықтар үшін «MBS Capital» ЖШС-мен жасалған келісімшарттың нәтижесінде салымшылар үшін бастапқы жарнаның сомасы 30 пайызға дейін төмендейтін болды.

– Жыл сайын «Отбасы банк» арқы­лы тұрғын үй несиесін алатын қазақстан­дық­тар қатары көбейіп келеді. Мәселен, жыл басынан бері 10 200 несие берілді. Ал Атырауда біздің банктен тұрғын үй несиесін алған 700-ден астам адам жеке баспанаға ие болды. Өңір тұрғындары тұрғын үй жарнасын жинақтау және бас­пана сатып алу үшін күн сайын шамамен жаңадан 90-100 депозит ­ашады. Біздің инвесторларымыздың көпшілігі тұрғын үйді коммерциялық құрылымдардан сатып алады. Алайда олардың барлығы мемлекет­тік бағдарламалардың шарт­та­ры­на сәйкес келе бермейді. Сол себепті біз олар үшін несиелеудің жаңа тетігін әзірледік. Мұндағы негізгі мақсат – жарнаны 50-ден 30 пайыз­ға дейін төмендету. Тұрғын үй құрылы­сын жүргізетін компания бөлген субсидия оны азайтуға мүмкіндік беріп отыр, – дейді Нұрболат Батыр.

Қазір аталған компания Атырау қала­сындағы «Нұрсая» шағын ауданында «Elorda Residence» тұрғын үй кешенінің құ­ры­­лысын жүргізіп жатыр. Құрылыс компаниясы директорының орынбасары Ғазиза Керештің мәліметіне қарағанда, жаңа дәуір талабына сай бой көтеріп жатқан тұрғын үй кешені үшін 1,6 гектар жер телімі берілген. Мұнда 9 қабатты 4 тұрғын үйдің құрылысы қолға алынған. Жаңа тұрғын үйлерде 198 пәтер болады.

Тұрғын үй кешені алабында бірнеше мәселе оң шешімін табады. Нақты айтсақ, демалыс аллеясы жасалып, ландшафты көгал­дандыру қолға алынады, балалар және спорт алаңдары, жабық көлік тұрағы ашылады. Балалар және саламатты өмір салтын ұстанушылар үшін фитнес орталықтары болады. Пәтер иелерінің бәріне арнайы компания сервистік қызмет көрсетпекші.

– Біздің компания алдымен құрылыс материалдарының сапасына баса мән береді. Ең бастысы, компаниямызға «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-ның мемлекеттік кепілдемесі берілген. Бұл құрылысы жүріп жатқан тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алудың қауіпсіз екенін білдіреді. Біз мемлекеттік кепілдік арқылы тұрғынжай сатып алушылармен үлескерлік келісімшарт жасай аламыз. Алғашқы жарнасы 20 пайыздан басталады. Ал сатып алушылар пәтер құнын толық төлесе, баға жеңілдігі бар. Пәтерді қосымша кепілдіксіз ипотекаға сатып алуға болады, – деп түсіндірді Ғазиза Кереш.

Банк филиалы былтыр «Атырау жастары» тұрғын үй бағдарламасын іске қосты. Облыс әкімдігі мен «Отбасы банк» АҚ-ның бірлескен жобасы 35 жасқа дейінгі жастарға арналған. Бұл жобаға облыс әкімдігі 1 млрд теңге, ал аталған банк 600 млн теңге бөледі. Мақсат – жастардың барынша тиімді шарттармен баспана сатып алуына жол ашу. Бұл бағдарламаға дәрігерлер, мұғалімдер, мәдениет және спорт салаларының өкілдері, жоғары оқу орындарының профессорлары, ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми қызметкерлері, журналистер, әлеуметтік сала мен коммуналдық кәсіпорындарда жұ­мыс істейтіндер, сондай-ақ тұрғын үй кезе­гінде тұрған жетім балалар қатыса алады.

Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және автокөлік жолдары бөлімі тұрғын үй секторының меңгерушісі Рафхат Жолдиевтің мәліметіне сүйенсек, 1-20 ақпан аралығында «Атырау жастары» тұрғын үй бағдарламасына құжат қабылдау жүргізілген. Жаңа бағдарлама арқылы баспана сатып алу үшін 860 жас өтініш берген. Оның ішінде 830 жастың өтініші мақұлданған.

«Атырау жастары» бағдарламасы бо­йынша құжат тапсырғандардың арасынан 100 адамға баспана беріледі. Оның ішінде Атырау қаласынан – 55, аудандардан 45 жас бар. Баспана алу мүмкіндігі бар қалалық жастардың тізімі жасақталып жатыр. Бұл тізім банкке жолданады. Әрі қарай несиені рәсімдеу, тұрғын үй сатып алу басталады», дейді Р.Жолдиев.

Бағдарламаға қатысушылар өздерінің төлем қабілеттілігін растағаннан кейін жыл­дық 5 пайызбен тұрғын үй заемын алады. Оның алғашқы жарнасы – 10 пайыз. Берілетін несиенің ең көп сомасы 18 млн теңгені құрайды. Бұл қаржы Атырау қала­сынан үй сатып алушыларға беріледі. Ал өңір­дің аудандарынан баспана сатып алу үшін 13 млн теңгеге дейін несие беру көз­делген. Несие мерзімі – 25 жыл.

 

Атырау облысы