Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана күніне арналған салтанатты қабылдауға қатысты, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Қабылдауға жиналғандарға арнаған сөзінде Қазақстан Президенті елорданың іс жүзінде он жыл ішінде салынған ХХІ ғасырдағы бірден-бір астана екенін атап өтті.
– Астананың қалыптасуы халық тағдырымен және мемлекет тәуелсіздігінің жылнамасымен тығыз астасып жатыр. Біз осы елордада ел тарихының жаңа парағын ашып, болашаққа зор сеніммен қараймыз. Астана мемлекеттілік пен егемендіктің айрықша символына айналды. Осының бәрі біздің ортақ еңбегіміздің нәтижесі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы баршаға бақ-береке, денсаулық және табыс тіледі.
Елбасы, сондай-ақ, Қазіргі заманғы өнер музейінің директоры Н.Шивринаға, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының директоры Т.Мұхамеджановқа және «Sembol Insaat» АҚ президенті Ф.Таминджеге «Астана қаласының құрметті азаматы» атағын тапсырды.
Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.