Қазақстанда әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеу қолға алынады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүгінде жас қазақстандықтарды отаншылдыққа тәрбиелеу маңызды міндеттердің бірі болып отыр. Осы тұста елдің түпкір-түпкірінде 9 мыңға жуық әскери-патриоттық ұйым ашылған.
«Тағы бір маңызды міндет – жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу. Елімізде 9 мыңға жуық әскери-патриоттық ұйым жұмыс істейді. Сол ұйымдардың қатарында 260 мыңнан астам жасөспірім бар. «Жас сарбаз» қозғалысының аясында 400 «Смарт сарбаз» үйірмесі ашылды. Бұл үйірмелерге 6 мыңға жуық жас жеткіншек қатысады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев Бүкілармиялық кеңес отырысы барысында.
Бұл ретте Президент Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақтың даңқты батыры, әскери қолбасшы әрі талантты жазушы Бауыржан Момышұлының қанатты сөзін негізге алып, өскелең ұрпақтың патриоттық рухын көтеруге назар аудару қажет екенін айтты.
«Өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық рухын көтеруге баса мән беру қажет. Бауыржан Момышұлы «Ешкім батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді, өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деген. Біз батырларымыздың ерлігін үнемі дәріптеп отыруымыз қажет. Осыған орай әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеу керек. Сондай-ақ «Жас сарбаз» қозғалысын дамытып, оны ұлттық деңгейге көтерген жөн», деді Мемлекет басшысы.
Сөзін аяқтай келе, Президент қазақ армиясында қызмет ететін әр жауынгер Отан алдында, халық алдында берген антына адал болатынына сенім білдірді.
«Қорғаныс және қауіпсіздік саласы елімізді тұрақты дамыту ісінде айрықша маңызды рөл атқарады. Айбынды армия – қасиетті жерімізді және елімізді қорғайтын сенімді қалқан. Халқымыз алаңсыз өмір сүруі үшін әскери қызметшілер өз міндетін мүлтіксіз атқаруы керек. Мен Отан күзетіндегі әрбір жауынгеріміз антына адал болады деп сенемін», деп түйіндеді Қасым-Жомарт Кемелұлы.