«QazaqGaz» компаниялар тобы еліміздің 11 өңіріне – Алматы, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарына және Астана, Алматы, Шымкент қалаларына «көгілдір отын» жеткізеді.
Осы мақсат үшін пайдаланылатын магистралды газ құбырларының жалпы ұзындығы – 21 мың шақырымға, ал газ тарату желілері – 63 мың шақырымға жетіп, халықты газдандыру көрсеткіші 59 пайызды құрап отыр. Жақында Атырау облысындағы «Мақат – Солтүстік Кавказ» магистралды газ құбырының екінші тармағы іске қосылды. Ол Мақат ауданынан бастау алып, Махамбет ауданындағы Талдыкөл ауылына дейінгі 130 шақырымға тартылды. «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешовтің айтуынша, бұл – мұнайлы өңір үшін маңызды әлеуметтік және стратегиялық жоба. Оған салынған инвестицияның жалпы құны – шамамен 86 млрд теңге.
– Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен ұлттық компанияның «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесе қолға алған инвестициялық жобасының бірнеше стратегиялық маңызы бар. Өйткені бұл жоба Атырау облысының экономикасын өркендетуге үлкен септігін тигізеді. Біріншіден, өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Екіншіден, газбен жабдықтауды сенімді және үздіксіз қамтамасыз етуге, өндірістік нысандар мен шаруашылық жүргізуші субъектілерді отынның экологиялық түріне – табиғи газға көшіруді іске асыруға мүмкіндік туғызады. Үшіншіден, тұрғындардың өмір сапасын арттыру, еңбек және тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін қолға алынып отыр. Төртіншіден, бір желілік газ құбырын жөндеуге тоқтатуға байланысты төтенше жағдайларды болдырмау мақсаты көзделді. Бесіншіден, Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағын газбен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Санжар Жаркешов.
Қосымша желінің технологиялық сызбасына сәйкес жобалық қысымы – 7,4 МПа, тұрбаның диаметрі – 1000 мм. Жаңа желінің жобалық қуаты жылына 13,147 млрд текше метрді құрайды.
– «Мақат – Солтүстік Кавказ» магистралды газ құбырының іске қосылғанына 30 жылдан асты. Жер астындағы құбырда техникалық мәселелер туындап, ақаулар табылды. Егер магистралды газ құбыры істен шығатын болса, онда облыстың тұрғындары мен ірі кәсіпорындары, әсіресе балабақша, мектеп, аурухана секілді әлеуметтік нысандар газсыз қалуы мүмкін. Сол себептен, біздің облыс үшін жобаның маңызын ескерсек, «QazaqGaz» компаниясы магистралды газ құбырының екінші тармағын дер кезінде іске қосты. Бұл – Атырау облысы үшін әлеуметтік маңызы бар инвестициялық жоба, – деген пікірін білдірді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев.
Мақат желілік өндірістің басқармасының басшысы Манарбек Тұрсиевтің айтуынша, магистралды газ құбыры 1987 жылы іске қосылған. Бастапқыдағы газ тасымалдау қуаты тәулігіне 75 млн текше метрді құраған. Қазір Солтүстік Кавказ бағытына тәулігіне 43 млн текше метр, ал «Орта Азия – Орталық» құбырымен Саратов бағытына 42 млн текше метр газ тасымалданады.
Мұнда 2001 жылдан бері құбыр мен компрессорлық стансадағы негізгі және қосалқы жабдықтардың өткізу қабілетін әрі сапасын жақсарту үшін жаңа қондырғылар, оның ішінде агрегаттар мен бақылау автоматикасы, стансалар орнатылған. Сол жылы Мақат ауданын газбен қамту үшін Доссор кентінде «Саратов – 10» арналы газ тарату стансасы іске қосылған. Дәл осындай станса 2010 жылы Миялы ауылында да пайдалануға берілген. Мақсат – Қызылқоға ауданын газбен қамту.
Әр жылдары бірнеше турбокомпрессор цехы салынды. Сондай цехтың бірі 2013 жылы АҚШ-тағы «Solar turbines» компаниясының заманауи 7 агрегатымен жабдықталған. Жыл сайын дерлік құбырмен «көгілдір отын» тасымалын тоқтатпау үшін газ айдау агрегаттары ауыстырылып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Газ құбырларының ішкі беті дефектоскопиялық тексеруден өткізіледі.
Әрине, мұндай жұмыстарды білікті мамандарсыз іске асыру мүмкін емес. Қазір Мақат желілік өндірістік басқармасында 147 маман ортақ іске ұйымшылдықпен жұмылып, газ тасымалының үзілмеуін мінсіз қамтамасыз етіп отыр. Оның ішінде желілік бөлімшелерде – 136, «Қашаған» сығымдау компрессорлық стансасында 11 маман жұмыс істейді. Инженерлік техникалық құрамда 26 қызметкер бар. Бәрі де өз ісін жетік біледі. Олардың арасында «Үздік маман», «Жыл үздігі», «Үздік өндірістік сала қызметкері» атағын иеленгендер бар.
– Бізде, ең алдымен, еңбек қауіпсіздігін сақтауға баса мән беріледі. Мамандарымыз жұмыста қателесуге болмайтынын біледі. Сол себептен, қызметкерлерімізді салалық конкурстарға жиі қатыстырып, кәсіби біліктіліктерін арттыру жолға қойылды, – дейді басқарма басшысы Манарбек Тұрсиев.
Оның айтуынша, осы кезге дейін құбырдың негізгі тармағында жоспарлы күрделі жөндеу жүргізілгенде, газ беру уақытша тоқтатылатын еді. Сондай кезде тұтынушылар бір апта, тіпті 10 күнге дейін газсыз отыратын-ды. Енді екінші тармақтың іске қосылуы газ тасымалдау кезінде мұндай үзілісті болдырмайды. Өйткені негізгі құбырда жөндеу жүргізу қолға алынса, газ тұтынушыға екінші тармақпен жеткізіле береді.
Газ тасымалдау саласында 46 жыл жұмыс істеген ардагер Таңбай Наушиев еңбек жолын Мақат желілік өндірістік басқармасында бастаған. Бастапқыда технологиялық компрессордың машинисі болған. Кейін 90-жылдары құрылған «ҚазақГаз» холдингіне басшылық жасаған ардагердің айтуынша, бұрын «Мақат – Солтүстік Кавказ» магистралды газ құбырымен тәулігіне 190-195 млн текше метрге дейін газ тасымалданған. Қырық жылға жуық қолданыста болған құбыр бүгінде тозып тұр.
– Қазіргі кезде бұл құбырмен «Теңіз», «Қашаған», «Қарашығанақ» кен орындарының газы тасымалданады. Экологиялық таза отын түрі ретінде қолданылатын газдың бір текше метрін де жоғалтуға болмайды. Себебі газды тұтыну көлемі жылдан-жылға артып келеді. Тұтынушы көбейген кезде газды тозған құбырмен тасымалдай беретін болсақ, онда компания шығынға батады. Сондықтан қомақты инвестиция салынған екінші тармақты өзін ақтайтын жоба деуге болады. Ең бастысы, бұл – ел игілігі үшін іске асырылған жоба, – дейді Таңбай Наушиев.
Атырау облысы