Павлодар облысында ауыл тұрғындарының жайлы өмір сүруі үшін маңызды жобалар қолға алынып жатыр. Алдағы үш жылда ауылдарға кіреберіс жолдардың барлығы толықтай жөнделіп, биыл елді мекендердің ауыз сумен қамтылуы 98 пайызға дейін жетеді деп күтіліп отыр. Бұған қоса бірнеше мекенде жаңа мектептер бой көтереді.
Экология мәселесі етектен тартып тұр
Бүгінгі таңда Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық даму жоспары ұлттық және өңірлік стратегияларға, Мемлекет басшысының Жолдауларына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Жыл басынан өңір экономикасына 235 миллиард теңге инвестиция тартылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға көп. Ең маңыздысы, бұл салымдардың 84 пайызы – жеке инвесторлардың қаражаты. Аумақта жалпы сомасы 2 триллион теңгеден асатын ауқымды 113 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Нәтижесінде, 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Орталық коммуникациялар қызметінде облыс басшысы Асайын Байханов Ертіс-Баян өңірінің әлеуметтік-экономикалық даму барысы жайында баспасөз жиынын өткізіп, ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына жауап берді. Әкім ерекше атап өткендей, аймақтың барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері оң динамикаға ие. Десе де аумақтың экологиясына қатысты проблемалы жайттар да аз емес.
– Бүгінде Павлодар облысы электр энергиясы мен көмір өндіру, химия өнеркәсібі, мұнай өңдеу және машина жасау көлемін сенімді түрде арттыруда. Өкінішке қарай, біздің аймағымыз қоршаған ортаны ластайтын заттардың атмосфераға шығарылуы бойынша елдегі көшбасшы өңірдің бірі екені мәлім. Олардың жалпы көлемі 2022 жылы 727 мың тоннаға жуық болды. Бұл бізден, яғни жергілікті биліктен қоршаған ортаға жүктемені азайту және кәсіпорындардың кешенді экологиялық рұқсаттарына біртіндеп көшу бойынша белсенді жұмысты талап ететіні анық.
Осы жылдың алғашқы тоқсанында облыс бойынша эмиссиялар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 1 пайызға немесе 1,8 мың тоннаға қысқарды. Экология мәселелері өңірдің денсаулық сақтау жүйесін күшейтуге мәжбүр етуде. Онкология сырқаты бойынша республикада үшінші орынға шығып отырмыз. Жаңа медициналық жабдықтарды қолданып, ерте диагностиканы кеңейту есебінен онкологиялық науқастардың 5 жылдық өмір сүру көрсеткіші 51-ден 57 пайызға дейін ұлғайды. Сондай-ақ биыл 16 денсаулық сақтау нысанын жөндеу мен жаңартуға 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Келер жылдың басында облыс орталығындағы №1 қалалық аурухананы ауқымды жөндеу жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отырмыз. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 2 жыл ішінде 15 мың ауыл тұрғыны үшін жаңадан 30 жаңа медициналық мекеме салу жоспарда бар. Ауылдар үшін жаңадан 37 жедел жәрдем көлігі сатып алынып, шалғай елді мекендердің қажеттілігін толық қамтимыз деп ұйғарып отырмыз. Бұған қоса «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңадан 5 мектеп тұрғызылып, алдағы төрт жылда 176 орта білім беру мекемесі жөндеуден өтеді, деді әкім.
Ауыз су тарифіне миллиондар бөлінеді
Көлік инфрақұрылымын жаңартуға, ауылдардағы жолдарға асфальтті жабын төсеуге аумақта зор көңіл бөлініп отырғаны байқалады. Мәселен, биыл көлік жолдарын ретке келтіруге байланысты 136 жоба қолға алынып, облыстық және аудандық маңызға ие 656 шақырым жол мен елді мекендердегі көше жолдары жөнделіп жатыр. Бұл бағытқа аймақ үшін рекордтық сома – 27 млрд теңге бөлінген. Бір ғана мысал, Баянауылдағы Ұзынбұлақ, Аймауытов, Жұмат Шанин ауылдарына апаратын көлік жолдарына бұрын болмаған асфальтті жабын төселуде. Аталған жобалар шалғай ауылдарда халықтың тұрақтап қалуына мүмкіндік сыйлайды. Бұған қоса ауылдарға кіреберіс жолдардың барлығы алдағы үш жыл ішінде толықтай жаңарады деп жоспарланған.
Көлік жолдарын дамыту мен тасымал дәліздерін кеңейту мақсатында былтыр ел Президенті берген тапсырма аясында, облыс орталығында Ертіс өзені үстінен жаңа автомобиль көпірінің құрылысы басталады. Аймақта қоғамдық көлікті дамытуға басымдық беріліп, трамвай маршруттары да кеңейеді деп күтілуде. Ол үшін жаңадан 70 вагон сатып алынады. Үш қалада қоғамдық көлікте пайдаланылатын заманға сай жаңа 135 автобус жеткізілді. Облыс орталығында қоғамдық көлік тасымалы қазір қалыпқа келгендей. Енді жергілікті билік автобус бағыттарының жүру жиілігін барынша тиімді етуге тырысып жатқаны байқалады.
«Өңірде ауыз сумен қамту жобалары да қарқынды жүзеге асып жатқанын атап өткен абзал. Жыл соңында орталықтандырылған ауыз суға ауыл халқының 97,8 пайызы, қалалы жерлердің 97 пайызы қол жеткізеді. Көптеген елді мекендердің су құбыры жаңартылып жатыр. Ауылдарымыз үлкен-кішілігіне байланысты тарифтер әртүрлі. 224 елді мекен орталықтандырылған ауыз суға қосылған. Ең қымбат тариф – 264 теңге болса, ең арзаны – 100 теңге. Ауыз суды арзандату әрі салынған су құбырлары мен су мұнараларын күтіп ұстап мақсатында әр қала мен ауданда аумақтық ауыз су мекемелері құрылды. Қолданыстағы тариф жергілікті жердегі ауыз су ұйымының шығынын жабуға жеткіліксіз. Сондықтан көп ауылдар бюджеттен қаржыландырылады. Мысалы, Ертіс ауданындағы топтық су құбырына қазынадан 390 млн теңге бөлініп отыр. Нәтижесінде, ауыл тұрғындары тіршілік нәрінің бір текше метрін 264 теңгеден сатып алып отыр. Субсидия болмаса, ондағы нақты тариф 580 теңгені құрайтын еді. Ендігі арада мұндай субсидия Май ауданына да төлене бастауы мүмкін», дейді Асайын Қуандықұлы.
Жалпы, су мәселесін сөз еткенде, аймақтағы Қ.Сәтбаев атындағы су арнасының бүгінгі мүшкіл жағдайын айтпай кетпеуге болмас. «Қазсушар» РМК құрамына енгелі мекеме қызметкерлерінің кадрлық және әлеуметтік әлеуеті төмендеп қана қоймай, стратегиялық нысанның технологиясын жаңартуда елеулі кемшілік пайда болған. Мәжіліс депутаттары бұған дейін мекемеге дербес заңды тұлға мәртебесін қайтарып беруді сұраған еді. Қаржылық дербестігінен айрылған арнаның бүгінгі ахуалы өте нашар. Жыл сайын, шамамен 2 млрд теңгеден астам табысын тартып алып, өзге өңірлерге құяды. Республикалық мекеме Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе облыстарындағы суару жүйелерін жөндеуге халықаралық қаржы ұйымдарынан ұзақ жылға 316 млн АҚШ доллары көлемінде (145,4 млрд теңге) несие алып, оны Сәтбаев су арнасының есебінен жауып отырғаны туралы бұған дейін газетте мәселе көтергенбіз. Жергілікті жерде алынған пайда сол саланы дамытуға жұмсалуы тиіс емес пе?
Облыс басшысы бұл мәселені жуықта Экология министрімен арнайы талқылайтынын, су арнасының тағдырына жергілікті жауапты органдар бейжай қалмайтынын жеткізді. Облыстағы үш қаланы, сонымен қатар Астана, Қарағанды, Теміртау қалаларын тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп, үлкен өндірістерді жүргізіп тұрған арнаның дами алмай отырғаны үлкен кінәрат деп баға берді.
Ертіс-Баян өңірінде Ертіс өзенінің әлеуетін пайдаланып, суармалы егістікке көшіп жатқан шаруашылықтар жыл санап көбейіп келеді. Тек биыл суармалы жерлерлердің көлемі 9 мың гектарға ұлғаяды. Ал егіс алқаптарының аумағы көктемде 1,6 млн гектарға дейін өсіп, ауылдар маңындағы жайылым тапшылығы екі есеге дейін қысқарған. Елдегі орташа бағамен салыстырар болсақ, облыста бірінші сортты ұн, нан, қарақұмық жармасы, күнбағыс майы, сиыр еті, сүт пен айран, ірімшік, картоп және сәбіз бағасы әлдеқайда арзан. Өңірлік тұрақтандыру қоры 14 мың тонна өнімді сақтап, 273 дүкен арқылы босатып отырғаны тұтынушыларға үлкен сеп болуда. Былтыр облыс орталығында ашылған фермерлік базардың үлігісі енді Ақсу мен Екібастұз қалаларында да бой көтереді деген жоспар бар.
Екібастұз тағы мұз құрсана ма?
Көмірлі шаһардың жылу жүйесінде орын алған былтырғы төтенше жағдай аймақтағы инженерлік желілердің күйі тым нашарлап кеткенін дәлелдеп бергені анық. Облыстағы жылу желілерінің 82 пайызы тозып тұр. Үш қалада жаңадан жылу желілерін салуға, қолданыстағыларын жаңарту мен ағымдағы жөндеуге жалпы сомасы 22 млрд теңге қаражат бағытталған. Қазір Екібастұздың көшелері мен жылу орталығында алдағы қысқа дайындық қызу жүргізіліп жатыр. Жылу стансасындағы 10 қазандықтың екеуі толықтай жөнделген, өзгесі жылу маусымына дейін дайын болады деді әкім.
Екібастұздағы көпқабатты 690 үйдің 184-де басқару формалары жоқ екені анықталып, олардың коммуналдық желілерін қысқа тас-түйін дайындау міндеті жергілікті үлкен кәсіпорындарға, атап айтқанда қос МАЭС-ке, көмір кеніштеріне және «Павлодарэнергоның» еншілес ұйымдарына жүктеліпті. Өзгесін жергілікті тұрғын үй инспекциясы бақылауда ұстап, дайындықтарын күн сайын пысықтап отыр. Қазірдің өзінде 500-ден астам үй жылу маусымына дайын екендігі туралы актіге қол жеткізген. Жылу орталығына иелік ететін «ОАЭК» АҚ биыл жылу стансасы мен желілерді жамап-жасқауға 10 млрд теңге қаражат бөлетіні туралы алдын ала келісілсе, оның жартысынан астамы бүгінде құйылған.
Екібастұздағы жылу-электр орталығын мемлекет пен «ОАЭК» АҚ бірлесіп жөндейді. Қазіргі күні энергетикалық нысанның 50 пайызы қаладағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөліміне басыбүтін берілген. Оған 326,9 шақырым жылу желілері мен стансадағы су жылытқыш 5 қазандық агрегаты еніп отыр.
Павлодар облысы