Қостанайдың «Тобылы» УЕФА Конференция Лигасының екінші іріктеу кезеңі аясында өз алаңында Швейцарияның «Базель» командасын қабылдайды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кездесу қарсаңында «Тобыл» футбол клубының бас жаттықтырушысы Милич Чурчич пен жартылай қорғаушы Рамазан Оразов журналистермен кездесіп, команданың жауапты матчқа дайын екенін мәлімдеді.
«Алдымызда аса жауапты кездесу күтіп тұр. Қарсыласымыз – Еурокубок ойындарына жыл сайын қатысып жүрген өте мықты команда. Былтыр жартылай финалда ойнады. «Базельдің» құрамында 3 жарым - 4 млн еуро тұратын футболшылар ойнайды. Бізге алдағы ойын бірінші кездесуден екі есе ауыр тиеді. Өйткені «Базель» бұл жолы тас түйін дайындықпен келетіні сөзсіз. Дегенмен біз де қарап қалмаймыз. Ең бастысы, бар күш-жігерімізді салып, жеңіске жетуге тырысамыз. Жанкүйерлеріміздің де қолдауы аса маңғызды», деді Милич Чурчич.
Швейцарияда өткен бірінші матчта «Тобыл» алаң иелерін 1:3 есебімен есеңгірете ұтқан. Қостанай төріндегі қарымта матч 3 тамызда сағат 20:00-де басталады.