Жыл сайын ел ырыздығын еселеуге зор үлес қосатын ақмолалық диқандар жауапты науқан алдында дайындық жұмыстарын ширата түсті. Ерте көктемде өңірдің 5,4 млн гектар алқабына дәнді дақылдар тұқымы сіңірілген болатын.
Биыл диқандар үшін біршама жайсыз болды. Басты себеп – ылғал тапшылығы. «Қазгидромет» мекемесінің мәліметіне қарағанда, өңірде көктемгі және жазғы маусым арасында 76,6 мм ылғал түскен. Бұл – қалыпты мөлшерден екі есе аз. Сәуір айында 21,8 мм ылғал түссе, мамырда 10,6 мм жауын жауды. Осыған орай егіннің шығымы да әрқилы. Мәселен, алапат еңбекпен өсірілген егіннің жайын таразы басына тартқан сарапшылардың бағамдауынша, ырыздық мөлшері мынандай деңгейде: жалпы алқаптың 2,2 млн гектары немесе 45,4 пайызы жақсы, ал 2,5 млн гектар немесе 50,4 пайызы қанағаттанарлық деңгейде, 201,2 мың гектары немесе 4,1 пайызы нашар. 5,1 мың гектар немесе 0,1 пайыз алқап мүлде қурап кетті. Мәселен, Жақсы ауданындағы «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 3,7 мың гектары, «Серп» серіктестігінің 500 гектары, «Молдыбаевтар» шаруа қожалығының 30 гектары қурады. Мұндай жай Зеренді, Целиноград аудандарының бірқатар шаруашылығында бар.
Дегенмен жерде өскен дәнді жерде қалдырмау – парыз. Осы орайда биыл егін орағына 8,9 мың астық комбайны пайдаланылмақ. Бір жақсысы, оның 4,7 мыңы – жоғары өнімді дала кемелері. Сөз арасында өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдары материалдық-техникалық базасын жыл өткен сайын жаңартып, жауапты кезеңде қысқа уақыттың ішінде егінді жинап алуға мүмкіндігін арттырып отыр. 2022 жылы 4,4 мың дана техника алынды. Олардың ішінде астық комбайндары мен жүк көліктері де бар. Машина-трактор паркінің жыл сайын жаңартылуы диқандар үшін көп көмек. Бұл орайда ауыл шаруашылығы құрылымдарына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп отырғанын айта кету де – парыз. Мәселен, осы жылы өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдары жалпы құны 43,8 млрд теңге тұратын 1 535 дана ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды. Бұл, шын мәнінде, зор қуатқа ие болу емес пе? Жоғарыда айтылған техниканың 237-сі әрқилы трактор болса, 97-сі – астық комбайндары. Сондай-ақ жұмысы өнімді 40 егіс кешені де алынды.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды ауыл шаруашылығы құрылымдары жақсы сезініп отыр. Шынтуайтында, осындай қолдаудың нәтижесінде ғана жұмысын дөңгелетіп отырғанын өздері де жиі айтады. Көк егін қылтиып шығысымен жер бетіне бар бейнетті бірге ала шығатыны белгілі. Әйтпесе көк өскінге зиянын тигізетін жау аз ба? Мәселен, арамшөп. Биыл егіс алқаптарын арамшөптен арылту үшін 4,4 млн гектар алқап химиялық өңдеуден өткізілді. Бұл көрсеткіш межеленген жоспардан артық. Шаруалар жерді күтіп ұстауға бейіл, әйтсе де тыңайтқыштың бағасы көңілдерін күпті етеді. Жомарт жер тозбауы үшін күтімнің керектігі әлмисақтан белгілі. Осы жылы ауыл шаруашылығы құрылымдарына 9,1 млрд субсидия бөлінді. Бұл дегеніңіз – алқаптарды күтуге қажетті тыңайтқыштар құнының қақ жартысы.
Өсімдіктерді әрқилы жұқпалы аурудан қорғаудың да мәні зор. 250,9 мың гектар алқапта зиянкестерден тазарту жұмыстары жүргізілді. Биыл шегіртке қаупі де төнген болатын. Өңірде 42,6 мың гектар жерде шегірткеден келер апаттың алдын алу үшін химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Бұл орайда жалғыз егін алқаптары ғана емес, мемлекеттік қордың 37,1 мың гектары, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы 5,5 мың гектар алқап та өңделгенін айта кетуіміз керек. Өңірдің батыс жақ бетінде шегіртке қаупі басымдау болған соң, Жарқайың ауданының алқаптары көбірек қорғалды. Сондай-ақ Астрахан, Аршалы аудандарының аумағында тыңғылықты жұмыс жүргізілді.
Егінге төнер қауіптің көп екенін айттық. Соның бірі – ақбөкендердің шамадан тыс көбейіп кетуі. Мамандардың есептеуіне қарағанда, біздің өңірдегі ақбөкендердің саны өткен жылмен салыстырғанда екі есе көбейген. Былтыр 140 мың бас болатын болса, төлдегеннен кейін саны көбейген сайын даланың желмен жарысқан жануарлары өңір диқандарын күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айырып тұр.
Бітік егін табиғаттың пейілі мен диқанның маңдай теріне байланысты екені белгілі. Ел ырысы еңбекпен еселенетінін биылғыдай қуаңшылық жылы өңір диқандары дәлелдеп отыр. Кейбір алқаптарда жайқалып өскен дәнді дақылдардың шығымдылығы көңіл демдейді. Оның өз себебі де бар. Мәселен, ауыл шаруашылығы құрылымдары осы маусымда 100 мың тонна минералды тыңайтқышты 1,5 мың гектар алқапқа сіңірді. Еңбек өнімділігін айғақтау үшін сәл ғана сараптама жасай кетейік. 2022 жылы 90 мың тонна тыңайтқыш алынып, 1,3 млн гектар алқапқа сіңірілген болатын. Әрине, биылғы көлем – көп-көрім.
Ендігі бір мәселе, жауапты науқан кезінде іркіліс болмауы үшін бар шаруашылық жанар-жағармаймен қамтамасыз етілуі керек. Бұл орайда өңірде осы мәселемен айналысатын 18 оператордың жұмыс істеп жатқанын айта кетуіміз керек. Шаруашылық басшылары біле жүруі үшін GosAgro.kz. порталының жұмыс істейтінін айта кеткен жөн. Әрбір шаруашылық басшысы осы портал арқылы операторды таңдау мүмкіндігі бар. Белгіленген тәртіпке сәйкес қажетті кепілдендірілген жанар-жағармайға тапсырыс бере алады. Дизель отынының мұнай өңдеу зауыттарынан әрбір тонна үшін босатылатын бағасы 284 мың теңге болса, жеткізілгеннен кейінгі кесімді бағасы әр литріне 273-277 теңгеден айналмақ.
Зор еңбекпен жиналған дәнді шашау шығармай, жауын-шашынға ұрындырмай сақтау да – басты назарда. Өңірде 71 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындары жұмыс істейді. Оларда 4,7 млн тонна астық сақтауға мүмкіндігі бар. Сәл таратып айтатын болсақ, элеваторлардың сыйымдылығы – 3,1 млн тонна. Астық қоймаларына 1,6 млн тонна орын қамдалған. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы құрылымдарының өздерінде 2 млн тонна астық сақтайтын мүмкіндік бар. Бар жайды сараптай келгенде, өңірде астық сақтау мүмкіндігі толық. Бүгінгі таңда өңір элеваторларында 1,2 млн тонна астық қоры бар екенін де айта кетуіміз керек.
Ендігі бір жай мал азығын қамдауға байланысты. Төрт түлік малды қатал қыстың тезінен шығынсыз алып шығу үшін осы бастан қапысыз қамдану қажет. Мал азығын дайындау үшін бүгінгі таңда қауырт жұмыс атқарылып жатыр. Мал азықтық дақылдар 223,4 мың гектар алқапқа сіңірілген. Оның ішінде 13,5 мың гектар алқапқа жүгері дақылы егілді. Бір жылдық шөп 137,3 мың гектар алқапқа егілсе, көпжылдық шөптің көлемі – 45 мың гектар.
Бүгінде 1,6 мың бригада шөп дайындап жатыр. Олар 12 мың трактор, 2,5 мың тіркемелі шалғы, 2,5 мың шөп тайлағыш тәрізді техникаларды пайдаланады. Қуаңшылық жылы бар мүмкіндікті сарқа пайдаланған ләзім. Қазіргі күнге дейін 890 мың тонна шөп дайындалды. Бұл – межеленген жоспардың 68 пайызы. Шөппен бірге сүрлем, сабан тәрізді мал азығымен қамтамасыз ету бағытында қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Осы арада мал азығын дайындауға да мемлекеттік қолдау көрсетіліп отырғанын айта кетуге болады. Мәселен, осы жылы 105,7 млрд теңге қаражат бөлінсе, оның 46,6 млрд-ы – қайтарымсыз субсидия.
Шаруашылықтарды жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету де қолға алынған. Мәселен, шаруаларға бұл бағытта 59,1 млрд теңге бағытталып отыр. Сөз арасында көктемгі дала жұмыстарын және күзгі егін орағын уақтылы, сапалы атқару үшін жеңілдетілген несиені «Кең дала» ұйымдастырып отырғанын айта кетсек, артықтығы болмас. Сондай-ақ қаржыландыру бағдарламасы бойынша жаңалық та жоқ емес. Мәселен, тауарлық несие де шаруаларға септігін тигізеді.
Күзгі егін орағы жаз бойғы бар шаруаның нәтижесі іспетті. Сондықтан да ұтымды әрі үйлесімді жұмыс істесек, ел ырыздығы еселене түсер еді.
Ақмола облысы