Қазақ күй өнерінің алыбы, дәулескер күйші-композитор Қожеке Назарұлының 200 жылдығына арналған мәдени іс-шаралар елімізде кеңінен өткізіліп келеді. Сонау зар заманда дүниеге келген күйшінің саф алтындай мол мұрасы халық қазынасына айналып отыр.
Қожеке Назарұлының (1823-1885) өмірбаянын қарасақ, ХІХ ғасырда Тазабек, Саурықтармен бірге патшалық Ресейдің отарлау саясатына, одан кейін Қытай империясының аз ұлттарға жасаған қысымына қарсы көтерілістердің басы-қасында жүріп батыр атанған. Сонымен бірге күйші-домбырашы ретінде даңқы шыққан, қазақ күй өнерінің өзіндік мектебін қалыптастырған тарихи тұлға. Кеңестік сыңаржақ саясаттың кесірінен ресми орындар тарапынан еленбей, ескерілмей келсе де, өнегелі ісімен ғасырлар бойы халық жадынан өшпеген Қожеке соңына жүзден астам күй қалдырып, халықтық қазынаның қайнарына айналды.
Оның ғибратты ғұмыры туралы зерттеулер мен танымдық мақалалар ХХ ғасырдың 80-жылдарынан бері басылым, баспа беттерінен жарық көріп келеді. 1981 жылы Тауфиқ Жексенбиевтің «Достың дауысы» аталатын жыр жинағына «Қожеке» деген поэмасы енген. 1984 жылы Қытайдағы қандастар алғаш рет Қожеке күйлерін нотаға түсіріп, «Күй толқыны» атты жинақты «Шыңжаң жастар баспасынан» шығарды. Өткен ғасырдың 90-жылдары музыкатанушы ғалым Базаралы Мүптекеев Қожеке туралы алғашқы ғылыми еңбек жазды. Журналист-ғалым Сағатбек Медеубекұлы Базаралы Мүптекеевпен бірлесіп, 1998 жылы «Өнер» баспасынан шығарған «Жетісудың күйлері» атты музыкалық-этнографиялық жинағына Қожеке күйлеріне сипаттамалар мен түсініктемелерді және күй аңыздарын жазып енгізген.
«Қожеке – әлеуметтік әлсіздікке өмірін сарп еткен ұлы күйші, ел бастаған батыр. Оның сұңқылдаған күйлері халықтың қамын жеп, дүниеге келді. Ол бүкіл өмірін әділетсіздікпен арпалыста өткізді. Сондықтан да, Қожекенің күйлерін халық өз жүрегінің мұң-сырына балады. Оның есімі көзінің тірісінде-ақ халық жүрегінен орын алды», деп бағалаған этнограф Ақселеу Сейдімбек.
Жетісу күй өнерінің негізін салушы күйші-композитор Қожеке Назарұлының туғанына 200 жыл толуына орай М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен және Алматы облысы әкімінің қолдауымен «Күйші-композитор Қожеке Назарұлы: тарих, дәстүр және сабақтастық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Аспантау аясындағы алқалы басқосудан бұрын облыс орталығы Қонаев қаласына еліміздің әр түкпірінен келген 17 күйші республикалық «Тарту» күйшілер жарысына қатысып, Қожеке күйлерін нақышына келтіре орындауда өзара бақ сынасса, Нарынқол ауылындағы Б.Мұқай атындағы Мәдениет үйінде ғалым-журналист Сағатбек Медеубекұлының ұйытқы болуымен «Қожекенің күй дәстүрі» атты дәріс-концертті тамашалауға жиылған жұрттан ине шаншар орын болмады. Хантәңірінің маңайындағы ел-жұрттың ғасырлар бойғы шежіресі мен тарихы, тыныс-тіршілігі мен әдет-ғұрпы сыр шертетін, сол заманның қиын-қыстау кезеңі мен азапты өмірін қос ішекте күмбірлеткен Қожекенің «Қамбархан», «Сарбарпы бұлбұл», «Шалқайма», «Арыздасу», «Естірту», «Арман», «Күйбастар», «Зар», «Раушан», «Түрмедегі қинау» сынды күйлерінің шығу тарихы таныстырылып, оны дәулескер күйшінің ұрпақтары – шөбере, шөпшек, туажаттары мен танымал күйшілер орындады.
«Биылғы жыл елімізде Қожеке Назарұлының жылы болды. Алматы, Астана қалаларынан бастап бүкіл еліміздің түкпір-түкпірінде Қожеке Назарұлының 200 жылдығына арналған әр түрлі жиындар, басқосулар, концерттер ұйымдастырылуда. Бүгінгі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция соның жалғасы. Қожеке Назарұлының тағдыры өте қиын, бірақ өнегелі тағдыр. Қазір тарихтың салқар көшіне қарап отыратын болсақ, Қожеке бабамыз сонау Құрманғазының құрдасы, Тәттімбеттің замандасы екен. Өкінішке қарай, бұл кісінің мұрасына соңғы 50 жылға дейін көп көңіл бөліне қоймаған. Тәуелсіздік алған жылдардан бері ғана Қожеке Назарұлына деген ықылас ерекше ауды. Бүгінгі ғылыми-теориялық конференцияны ұйымдастырып отырған себебіміз, осындай ұлы тұлғалардың шығармашылығын ғылыми айналысқа түсіретін – ғалымдар. Нәтижелі зерттеулердің арқасында Аспантау бөктеріне ғана мәлім Қожекенің аты алты Алашқа тарап жатыр, халықаралық дәрежеде насихатталуда. Сондықтан бүгінгі ғылыми-теориялық конференция Қожеке Назарұлының шығармашылығын халықаралық деңгейде ғылыми айналысқа түсіретін ірі оқиға деп бағалаймыз», – деді конференция жұмысын тізгіндеген филология ғылымдарының докторы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директоры Кенжехан Матыжанов.
Биыл Алматы облысының әкімдігінде арнайы жұмыс тобы құрылып, игілікті істер атқарылды. Арнайы ғылыми экспедиция ұйымдастырылып, өңірдің барлық аудан, қалаларын аралап, Қожеке Назарұлы туралы тың деректер мен естімеген күйлерін жинады. Сондай-ақ, батыр бабамыздың есімін келер ұрпақтың есінде мәңгі қалдыру мақсатында облыс әкімінің қолдауымен монографиялық және күйлер жинағынан тұратын 500 данамен 2 кітап шығарылғанын Алматы облысы әкімінің орынбасары Алмас Батанов алға тартты.
Қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен қос кітаптың және музыкатанушы Жұлдыз Түлкібаеваның «Қожеке Назарұлының күйлері» атты кітаптарының лентасы қиылды.
«Қазақтың тағдыры қыл үстінде тұрған заманда бір қолында домбырасы, бір қолында айбалтасы, жүрегінде елдің қанжардай өткір намысы мен жігері жалындаған Қожеке жастайынан атқа отырып, 58 жасында өмірден өтті. Күрескерлік рухы, қайғы-қасіреті күйлеріне қонған өрелі өнер иесінің алғаш рет ресми түрде мерейтойы аталып өтуде. Бұл азаттықтың, тәуелсіздіктің жемісі. Бүгін Қожекенің немересін төрге шығару арқылы ұрпақты ғана емес, ұлтты қуантып отырсыздар», деді Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Оразалин.
«Әділеттілік үшін күресте туған ұлы күйшінің 200 жылдық мерейтойының айрықша аталып өтуі – біз айтып жатқан Әділеттіліктің орнағаны. Бабасынан бастап, баласы, немере, шөбересіне дейін он саусағынан күй төгіліп тұратын мұндай күйшілік мектеп, күйшілер әулеті өте саяқ», деген Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, бұл үрдіс ұрпаққа өнеге деген ойын білдірді.
Ақжарма тілектерден кейін мінберге көтерілген ғалымдардың баяндамаларын жұрт ыстық ықыласпен тыңдады.
«Қожекенің өмірі енді басталды. Кеше еліміздің әр түкпірінен келген 17 күйші домбыра құлағында ойнағанда оның күйлерінің бүкіл қазақ даласына тарап жатқанын аңғардық. Қожеке күйлерінің көркемдік деңгейі, орындаушылық қолтаңбасы ерекше. Қожекенің бір ғажабы, күйлері шертпе, төкпе деп бөлінбейді. Екеуі де бар, Қазанғап сияқты. Ол ешкімге ұқсамайтын бөлек бір арна», деген даңқты күйші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Біләл Ысқақовтың пікірін жалғастырған композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермұрат Үсенов Қожеке Назарұлының күйлерін оркестрге түсіру қажеттігін және бұл жұмыста өте мұқият болу керектігін атап айтты.
Ал, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның халық музыкасы факультетінің деканы, профессор Төлепберген Тоғжанов Қожеке Назарұлының шығармашылығындағы ерекшеліктерді тарқатты.
«Қожеке күйшілік орындаушылық мүмкіндіктерді, әдіс-тәсілдерді толық меңгергенін байқадым. Ол күй шығарып қана қоймай, домбыраның барлық мүмкіндіктерін сарқа пайдалануға тырысқан. Және төкпе күй, шертпе күй дәстүрлерін жетік меңгеріп, оны жақсы таныған. Қазақтың күй өнерінде флажолет деген тәсіл бар. Осы тәсілді қолданған күйшілер тіптен аз. Тәттімбеттің «Бес төре», Әшімтайдың «Қоңыр қаз» күйлерінде флажолет жанама түрде ғана қолданылған. Ал, Қожеке осы тәсілді өте жиі қолданған. Оның «Сарыбарпа бұлбұл» мен басқа да күйлерінде сәтті орындалады. Осы тәсіл арқылы бұлбұл құстың сайрағанын домбырамен анық салып тұр. Қожекенің «Қамбархан» күйінде көне күйшілік төкпе күй дәстүрінен сақталған күйдің қағысы бар. Мұндай қағысты да ешбір күйден кезіктірмедім. Бір қызығы, Қожеке төкпе күйді де, шертпе күйді де және осы екеуін қатыстырып, аралас күйді де мол шығарған. Мұндай көпқырлылық қазақ күйлерінде көп кездесе бермейді. Қожеке күйлері толық зерттелді, жиналды деп айта алмаймыз. Бұл үрдісті тоқтаптай, жас ғалымдар мен күйші-композиторларға міндеттеп, жүктеу керек. Қажет болған кезде қаржылай көмек көрсетілуі тиіс. Сонда Қожеке күйлері толыққанды зерттеліп, ғылыми түрде айналысқа түсетіні сөзсіз», деді Төлепберген Төрахметұлы.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Қожеке Назарұлының өміріне қатысты архив деректері» атты тақырыпта баяндама жасаған Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, доцент Рашид Оразов күйшінің жеке өміріне қатысты архив қорларындағы деректерден бірқатар құнды тың дүниелерді көпшілік назарына ұсынды.
Конференцияда өнертанушы ғалымдар Гүлзада Омарова, Айнұр Қазтуғанова, Әлия Сабырова, басқа да баяндамашылар күйші-композитор Қожеке Назарұлының шығармашылығына жан-жақты талдау жасай келе, оны қазақтың күйшілік өнерінің биік шыңына балады.
Келелі басқосуда сонау 90-жылдары Текес ауылындағы Өнер мектебі Қожеке Назарұлының есімімен аталып, кейін белгісіз себептермен аты аталмай қалғанын айтып, соны қалпына келтіру қажеттігі құлағдар етілді.
Алқалы жиын соңында ұлт азаттығы мен әлеуметтік әділеттілік жолында өмірінің ақырына дейін күрескен халық батыры, артына аманат еткен 100-ден астам күйлері ұрпақтан-ұрпаққа ұласқан, қазақтың мәнері бөлек, мазмұны бай күйшілік-домбырашылық мектебін қалыптастырған Қожеке Назарұлының есімін ел жадында жаңғыртып, ұлықтау мақсатында қарар қабылданды.
Алматы облысы