• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Қыркүйек, 2023

Әкеден – ақыл, анадан – мейір

386 рет
көрсетілді

Халқымызда «Әкеден – ақыл, анадан – мейір» деген әдемі нақыл бар. Өз ұрпағын инабаттылық пен мейірімге баулып, отбасы құндылықтарын сақтауды кішкентайынан құлағына құйып өсіретін үлкендеріміздің азаймағаны қуантады.

Керекудің Ақтоғай ауданын мекен қылған Мереке және Гүлзат Жаншоқов отбасы айналасына сыйлы, өнегелі шаңырақ атанып отыр. Сәні мен салтанаты жарасқан, берекелі жанұя кім-кімге болсын үлгі. Отбасының басты тірегі, қазығы бала десек, ұрпақтың тәрбиелі болып өсуіне отбасындағы бере­кенің әсері мол. Гүлзат – жеті баланы дүниеге әкелген Алтын алқалы ана. Балаларының барлығы жас, алды мектеп қа­быр­ғасындағы ортаңғы буынға енді жеткеніне қарамастан ол мемлекеттік қыз­мет саласында еңбек етуге де үлгеріп жүр.

Отағасы Мереке Жаншо­қов­­тың өзі полиция қызметінде табаны күректей 24 жыл тапжылмастан қызмет етіп келеді. Ұзақ жылғы адал еңбегі ар­қы­лы сатылап өсіп, полиция под­полковнигі шенін иеленді. Қазір аудандық жер­гілікті полиция қызметін бас­қарып, аумақ­та­ғы қоғам ты­ныштығы мен тәртіптің сақталуына жауап бе­­реді.

«Алғашқы қызмет жолым батальондық полициядан бас­талған еді. Кейін ауылдық жерде учаскелік инспектор болдым. Үйден ерте кетіп, түн ортасында келемін. Кейде жұбайым мен балаларым мені апталап көрмей қалатын кездері де болады. Барлығы жұмыс бабына қатысты болған соң, үйдегілер қабақ шытып, түсініспеушілік танытқанын көрмеппін. Ағайын-туыс болған соң той-томалаққа жиі шақырады. Алайда оларға бару­ға мүмкіндігіміз келмей жатады. Сондай сәттерде келін­шегім реніш танытып, кейіген емес. Осындай түсіністік, бір-бірімізге деген сыйластық пен адал махаббат, өзара сенім отба­сы­мыздың берекесі артуына себеп деп ойлаймын. Тіпті айлап іссапарға шығып кететін уақытта да отбасымда ұйыған тірліктің сақталып тұрғанына еш күмәнім болмайды. Кішкентайларымыз шетінен тәрбиелі, анасының айт­қа­нынан шықпайтынын кө­ріп риза болатыным да бар. Шар­шаған сәттердегі көңіл күйі­мізді қабағымызға қарап ұғы­­нып отырады», дейді Мереке Шағыбанұлы.

Гүлзаттың өзі мемлекеттік қыз­­мет саласында 14 жылдай іс­те­­ген. Ба­лаларының ал­ды 13-ке енді жеткен ананың қай­сар­лығы мен еңбекқорлығына таң­ғал­­мас­­­­қа шара жоқ. «Үйде балалар тәрбиесі, түзде қыз­мет­пен айналысуға уақыт қалай табасыз?» деп сұрадым.

«Серігім бес қыздың арасын­да жалғыз ер бала болып өскен екен. Отбасы құрған соң тұңғы­шы­мыздан кейінгі бала ұл, одан соң бірінен соң бірі қыз балалар дүниеге келгенде енемнің ойында өз ұлының соңынан жалғыз ер бала ғана еріп қала ма деген күдік болыпты. Кейін тағы ер баланы өмірге әкелгенімде, ол кісінің риза болғанын көрсеңіз, дейді жымиып көпбалалы ана. – Мен үшін әулет үлкендерінің үмітін ақтау парыз деп ойлаймын. Ал шаңырағымыздың сәні – балаларымыз, алдағы ғұмы­ры­мыз­дың барлық мәні солар болып өтетінін түйсіндім».

Қазіргі күні тұңғыш қыздары облыс орталығындағы көпсалалы дарынды балаларға арналған лицей-интернатында білім алып жатыр. Ұлдарының үлкені – кекушинкай-каратэдан түрлі дең­гей­дегі жарыстың бірнеше дүркін жеңімпазы. Балалары әке­сін­дей қайратты, спортшыл, на­мыс­қой болып өссе деген арманы бар.

Гүлзаттың пікірінше, отбасы бере­кесінің кілті – ерлі-зайып­ты­лардың бірін-бірі тың­дай бі­луінде. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырамай тұр­майтыны белгілі. Әйел адам тө­зім­­ділік тұрғысынан еріне қа­ра­ғ­анда екі есе берік болуға тиіс, бір-бірімізді үнемі қолдап, қиын сәтте сүйеу болуымыз керек деп есептейді.

«Шаңырағымызда бұл­жымас дәстүрге айналған құнды­лық­тар­­дың қалыптасуына ата-ана­мыз­дың бізге берген оң тәр­биесі ықпал етті деп ойлаймын. Анам әр кез ер азаматыңның алтын ба­сын қадірлесең ұтылмайсың, сабырлы бол, ұрпағыңа өнегелі тәрбие бер деген ақылын айтып отырады. Ата-енемнің қол­дауын да айрықша сезінемін. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілер­сің» деген асыл сөз текке ай­тыл­ма­ған», дейді ана.

 

Павлодар облысы,

Ақтоғай ауданы