• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Тәрбие 07 Қыркүйек, 2023

Бұл ойынның түбі – ойран

332 рет
көрсетілді

Қазір балалар смартфон арқылы түрлі ойындарды өздері тауып ойнай беретін болған. Ойын жасындағы бала әлі оң-солын танып, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айыра алмайтындықтан, ойыннан үйренгенін бойына сіңіреді. Мәселен, бейнеойындарды ойнайтын бала болашақта бейсаналы түрде құмар ойынның құрбанына айналуы мүмкін.

Баланың психологиясына оның ойнайтын ойындары көп әсер етеді, қалыптасу кезеңінде маңызды рөл атқарады. Ата-ана осыған мән бергені абзал, дейді мамандар. Әлбетте, түрлі ойын бағдарламаларын жасап шығаратын компаниялар ақша табуды бірінші орынға қояды. Сондықтан олар ойындарының балаларға қауіп төндіретінін жоққа шығармайды. Көп ойында қолданба арқылы сатып алу сияқты микротранзакциялар бар.­ Бұл – кішкентай балаларды тұ­ты­нушы ету арқылы тәуелділікке ұрындыратын тәсіл. Мәселен, АҚШ-тағы Федералдық сауда ко­миссиясы ойын кезінде ұтып алуға болатын «сыйлықтар» функ­циясына ерекше назар ауда­рып отыр. Мамандардың ай­туынша, оңай олжа баланы құмар ойынға әуес қылады. 2010 жылы «Team Fortress 2», содан кейін «Overwatch» және «Call Of Duty: WW2» сияқты танымал ой­ындарға ойын ішінде төлем жасау мүмкіндіктері алғаш рет енгізілген. Содан кейін ол үрдіске айналды. «Candy Crush», «Diablo», «Final Fantasy» сияқты танымал фран­чайзингтер табыс табу мақ­са­тында микротранзакциялар мен «сыйлыққа» тәуелді ететін ой­ындарды көптеп шығара бастады.

Аустралияның құмар ойынға тәуелділікті зерттеу (Gambling Research Australia) орталығы ұсын­ған деректерге сәйкес, бейнеойын индустриясы 2018 жылы ойынның ішінде сатылған «сыйлық» қо­рап­тары­нан 30 млрд долларға дейін пайда тапқан. «Ubisoft» және «Take-Two Interactive» се­кіл­­ді ірі ойын студиялары бұл тәсілді өздерінің кірісін кө­бейту үшін пайдаланады. Ал осын­дай ойындарға ақша жұмсай­тын балалар бірте-бірте ірі ұтыс ойындарына ойыса бас­тайды. Ойын барысында «сый­лық» қо­раптарын сатып алуға ын­­талан­дыратын мотивтер құ­мар ойынға қызықтыратын се­беп­термен бірдей. Яғни құнды нәрсесін айыр­бас­тау ар­қылы қомақты қаржы ұтуды ойлайды.

Құмар ойынға итермелейтін ойындардан казино элементтерін байқауға болады. Ойын нәтижесі кездейсоқтыққа негізделеді. Ойын­шыны білімі мен кейбір дағ­дылары жақсы нәтижеге жеткізуі мүмкін, бірақ үнемі тәуекелге баруына тура келеді. Сондай-ақ телефон ойындарында виртуалды монеталар болады. Балаларға арналған ойындарда (мысалы, «Pokemon» франчайзингтік ойын­дарында) осындай тәсілдердің бар екенін ескере отырып, ата-аналар бұл мәселені назардан тыс қалдырмауы керек және ойындардағы шығынды қада­ға­лап отыруға тиіс. Ең дұрысы ата-аналар балаларына құмар ойынның салдары қандай бо­латынын айтып, қауіптен сақтан­дыруы қажет.

Оңтүстік Аустралияда кә­мелетке толмағандарға бинго, лотерея, ұтыс ойындарын және сол сарындас телефон ойындарын ойнауға тыйым салатын заңнама бар. Ал Қазақстанда «Ойын бизнесі туралы» заңның 6-бабы, 2-тармағына сәйкес, электронды казино және интернет-казино қызметіне тыйым салынған әрі 15-бабта құмар ойындар ойнауға немесе бәс тігуге 21 жасқа дейінгі жас шектеуі бар екені жазылған. Бірақ дәл осы интернет-казино ойнау жасөспірімдердің арасында белең алған. Зерттеуге сүйенсек, мұның барлығы балалардың үнемі ойнап жүрген ойындарының салдарынан болады. Өйткені бала ойыннан жалыққаннан кейін, оңай жолмен шынайы ақша ұтуды қалайды. Содан соң виртуалды кезеңнен өтіп, казиноға құмарта бастайды.

Кез келген ойынды ойнай беру баланың мінезін бұзады екен. Ал баланың қалыптасуы оның ойнайтын ойындарына тікелей байланысты. Мағжан Жұмабаев бала үшін ойынның маңызы мен тәрбиешінің міндеті жөнінде «Педагогика» кітабында егжей-тегжейлі жазып көрсеткен. «Тіпті жас бала жалқы ойынды – жалғыз ойнауды жақсы көреді. Әлі тілі еркін жетілмегендіктен, ол басқа балалармен қатынаса алмайды. Ал енді өскен сайын жалпы ойынды бірігіп ойнауды жақсы көре бастайды. Жалғыз ойнаса, іші пысады. Ылғи жалғыз ойнап үйренген бала тағы менменшіл болып, ылғи көппен бірге ойнап үйренген алаңғасар, тиянақсыз, еліктегіш болып шығуы мүмкін. Осы түрдің қай түрімен болса да ойнап отырған баланың ойы­нын тәрбиеші бақылауға міндетті. Бірақ бақылаймын деп бүлдіріп алма. Бүлдіріп алу бы­лай болады: былай ойна деп бұйырсаң, баланың ойынға деген ын­тасын суытып аласың. Баланың ойынына үлкен адам кіріссе, балаға ойынның қызығы бітеді. Ойын – баланың өз ісі. Баланың ойынына кірісуші болма. Баланы бір нәрсені бүлдірмес үшін тек шеттен бақыла. Есте болу керек, бақыла деген сөз қарауылда тұрған солдаттай қабағыңды түйіп, қақиып тұр деген сөз емес. Олай тұрсаң, бала ойнай алмайды. Егер енді баланың ойынына қатысқың келсе, өзің бала болып қатыс. Яғни ойындарына бөгет, оралғы болма. Балалар сенің жетілген адам екеніңді сезбейтін дәрежеде болсын», деп жазады ол.

Біз баланың теріс қылығына қоғам болып таңданып жатамыз. Ба­сынан бақылап, бағыт бер­ме­ген­нен кейін «қалай ондай болды» деу оңай. Мәселен, мектептегі аяусыз жағдайлардың өзіне де қатыгездікке бой үйрететін ой­ындар мен фильмдердің әсері жоқ емес. Мағжан Жұмабаев айт­пақшы, баланың қолына бер­ген ойыншық, ойнатқан ойын, «ба­ламен бала болып ойнау» – тәрбиенің іргетасы.