• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Қазан, 2023

Онлайн сақтандыру – оңтайлы тәсіл

177 рет
көрсетілді

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап сақтандырудың барлық міндетті түрлері бо­йынша сақтандыру жағдайларын онлайн реттеу енгізіледі. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева мәлімдеді.

2017 жылы міндетті сақтандыру түр­ле­рі бойынша электрондық шарттарға көшу туралы талап заңнамалық түрде енгізілді. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап онлайн-сақтандыруды іске қосу басталды. Бүгінгі таңда сақтандырудың мін­детті түрлері бойынша барлық шарт­тар­дың 100%-ы электрондық формада жасалады.

 «Халық пен бизнес өнімдерді кең­сеге бармай-ақ, қашықтан сатып ала алады, сақтандыру қызметтерінің геогра­фия­лық тұрғыдан қолжетімділігіне байланысты мәселе жойылды. Міндетті автосақтандыру – сақтандырудың ең көп тараған және ең танымал түрі. Сақ­тандырудың осы түрі бойын­ша цифр­лық жүйелік сервистер бү­гінгі күні Қазақ­станның барлық авто­көлік иелеріне таныс. Бүгінде автосақ­тан­дыру шарттарын қашықтан жасасу тәу­лік бойы жүзеге асырылады. Сақ­тан­дыру шартын жасасу кезінде жүргізушінің деректері  Әділет, Ішкі істер министрліктерінің, МДҚБ дерекқорларынан автоматты түрде тартылады», деді М.Хаджиева.

Сақтандыру сыйақысы БСДҚ-да есептеледі және төлем онлайн төлемдер арқылы, яғни банк карточкаларынан жүзеге асырылады. Автокөлік иесіне қағаз құжаттарды өзімен бірге алып жү­ру­дің қажеті жоқ, өйткені жол поли­цейлері автокөлікті тоқтатпай, сақтан­дыруды онлайн режімінде тексеруге мүмкіндік алады.

Қашықтан қызмет көрсетудің бас­ты артықшылығы халықты міндетті авто­сақ­тандырумен қамтуды арттыру болды. Соңғы 3 жылда міндетті автосақтандыру бойынша сыйақы жинау 58%-ға өсті. Міндетті авто­сақ­тан­дыруды дамытумен қатар КАСКО деп аталатын ерікті авто­сақ­тан­дыру да дамуда.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша КАСКО сыйақылары да 2 есеге ұлғайды және біз, ең алды­мен, ерікті автосақтандырудың мұн­­дай өсуі автонесиелеу жөніндегі мем­ле­­кеттік бағдарламалардың іске қосы­луымен байланысты деп есеп­тейміз. Цифрландырудың келесі дамуы­на келетін болсақ, мұнда сақтандыру жағдайларын қашықтан реттеуді атап көрсету қажет. Өткен жылы 12 шілдеде Мемлекет басшысы сақтандыру секторын дамыту мә­селелері жөніндегі Заңға қол қойды. Осы Заңмен 2024 жылдың 1 қаң­та­ры­нан бастап сақтандырудың бар­лық міндетті түрлері бойынша сақ­тан­­ды­ру жағдайларын онлайн реттеу енгі­зі­ле­ді», деді спикер.

Бұл дегеніміз – сақтандыру ұйымдары тарапынан клиенттерге толық қашықтан қызмет көрсетуге көшу. Сақтандыру төлемін алу туралы шарт жасалған сәттен бастап сақтандыру қызметін көрсетудің барлық үдерісі автоматтандырылатын болады.

Бүгінгі таңда Қазақстанда ұлттық сақтандыру нарығының толыққанды инфрақұрылымы қалыптасты. Үздік халықаралық тәжірибе мен реттеу стандарттарын белсенді енгізу жүріп жатыр. Заңнамалық базаны жақсарту мен жетілдіру және сақтандырудың жаңа түрлерін дамыту бәсекелі сақтандыру нарығын қалыптастыру үшін жағдай жасайды.

Сақтандыру секторында тәуекелдерді азайту мақсатында Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Заңымен қаржы ұйымдарын тәуекелге бағытталған қадағалау ұғымы енгізілді. Бұл сақтандыру саласындағы ұйымдардың қызметіндегі тәуекелдер мен кемшіліктерді уақтылы анықтауға және болдырмауға мүмкіндік береді.Олардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ерте араласу және уақтылы қадағалау іс-қимылдарын қабылдау мүмкіндігін қамтамасыз етеді, бұл нарықты одан әрі дамыту үшін қажетті жағдайлар жасайды. Онлайн-сақтандыру тетігін енгізу «Цифрлы Қазақ­стан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қойылған міндеттерге де толық сәйкес келеді.