Апта соңында Алматы облысында өңір экономикасын дамытатын аса маңызды энергетикалық нысан – «Көкөзек» қосалқы стансасының (ҚС-110/10-10кВ) құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
«Көкөзек» қосалқы стансасының құрылысы «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ электр энергетикалық холдингінің құрылымындағы компанияның қаражаты есебінен жүзеге асырылған. Жобаның құны – 2,73 млрд теңге.
Бұл жоба Қарасай ауданында бос қуат тапшылығы бар индустриялық аймақты электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жаңа қосалқы станса шағын және орта бизнес субъектілерін сенімді әрі тұрақты түре электрмен жабдықтауға мүмкіндік береді деген сенім мол.
Алматымен іргелес жатқан Қарасай ауданында 110/10 кВ «Көкөзек» қосалқы стансасын салу қажеттілігі бірқатар фактордан туындаған. Аталған өңірде қосымша қуаттарды берудің шектеулі мүмкіндігі мәселесі өңірдің өнеркәсіптік әлеуетінің дамуын тежеумен қатар, өңірдегі қосалқы стансалардың жоғары, максималды жүктемесі электр жабдықтарының жиі апатты істен шығуына және тұтынушыларды, соның ішінде білім беру және денсаулық сақтау нысандарын электр қуатымен жабдықтаудағы үзілістерге алып келді. Қосымша стансаның іске қосылуы аталған проблемалардың түйінін тарқататын болады.
Нысанның ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, «Самұрық-Қазына» АҚ Стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Ернат Бердіғұлов, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов және «Самұрық-Энерго» АҚ Өндіріс және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Руслан Тұрғамбаев, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Абай Асылов қатысып, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес индустриалдық аймақты электр энергиясымен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ету жобалары мұнымен шектелмей, жалғасын табатындығын тілге тиек етті.
«Қарасай ауданында орналасқан көптеген кәсіпорынның облысымыздың экономикалық дамуына қосатын үлесі мол. Қосымша қуаттардың берілмеуі – ауданның өнеркәсіптік әлеуетінің дамуын тежеп келді. Мұнда жаңа жобаларды іске асыру, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту, олардың өндірістік қуатын арттыру мүмкіндігі шектелген болатын. «Көкөзек» қосалқы стансасын салу арқылы аталған мәселелерді шешіп отырмыз.
Әрқайсысы 63 мегавольтампер болатын 2 трансформаторы бар жаңа қосалқы стансаны пайдалануға беру трансформаторлық қуаттың жетіспеушілігі проблемасын жойып қана қоймай, шағын және орта бизнес субъектілерін тұрақты электр қуатымен жабдықтауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар бұл аймақта әлеуметтік-мәдени маңызы бар объектілерді салу мүмкіндігін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал ететін болады. Осы игілікті істі атқарған әрбір азаматқа және нысан құрылысын мерзімінде аяқтаған «Asia Group Energy» ЖШС-на алғысымды білдіремін», деді өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев.
Сондай-ақ облыс әкімі «Көкөзек» қосалқы стансасы Қарасай ауданы үшін ғана емес, көршілес Іле, Жамбыл ауданының шаруашылықтары үшін тиімді болып отырғандығын, келешекте оларды да электр қуатымен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ететіндігін атап айтты. Алматы айналма жолының ашылуы өңірде инвестициялық жобалардың тартымдылығына оң әсерін тигізіп келеді. Осы себепті, қосалқы стансаның маңыздылығы облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті үшін орасан зор екендігін жеткізді.
Алматы облысында бүгінгі күні электр энергиясына деген сұраныс еселеп артуда. Оған Қонаев қаласының өсуі мен «Gate City» қалашығының бой көтеруі, сондай-ақ «Шелек», «Жетіген», «Қазбек бек», «Қайрат» сынды 4 ірі индустриалдық аймақтардың құрылуы себеп.
«Мысалға айтсақ, былтырғы жылы 200 гектар жерге орналасқан «Қайрат» индустриалдық аймағын аштық. Оның ішінде бүгінгі күнге бірде-бір орын қалмады. Көзделген 11 зауыт салынып, алғашқылары аз күнде жұмысын бастайды. Осы маңайда мың гектарды алып жатқан «Қазбек бек» индустриалдық аймағына бүгінгі күнге электр қуаттылығы жетіспейді. Оны қамтамасыз ету үшін инвесторлар тарту көзделді», деген Марат Елеусізұлы инфрақұрылым жақсарар болса, өңірде өндіріс саласы қарқынды дамитындығын алға тартты.
«Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовтың айтуынша, жаңа қосалқы стансаның құрылысы 2021 жылы басталып, жұмыс жүргізу кестесіне сәйкес жүзеге асырылған. Енді өңір үшін өте маңызды энергетикалық нысан 346 шағын және орта бизнес субъектілерін, сондай-ақ аудандағы тұрғын үй секторының 1 362 тұтынушыларын сенімді әрі тұрақты түрде электрмен жабдықтауды қамтамасыз етеді.
«Қосалқы станса қосымша тұтынушыларды қосу ықтималдығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, осылайша, өндіріс пен бизнесті дамыту үшін ғана емес, тұрғындар үшін қажетті әлеуметтік нысандарды салу үшін де қолайлы жағдай жасайды. Мысалы, бүгінде Көкөзек және Елтай ауылдарында 1 500 баладан тұратын екі жайлы мектепті қосуға техникалық жағдай жасалды», деп атап өтті «Самұрық-Энерго» АҚ басшысы.
Компания сарапшыларының сөзінше, Алматы энергожүйесін дамыту белгіленген қарқынмен жүріп жатыр. Инвестициялық бағдарламаға сәйкес қолданыстағы электр желілерін жағырту және жаңа электр желілерін салу, сондай-ақ ескірген жабдықтарды ауыстыра отырып, қолда бар трансформаторлық қосалқы стансаларды реконструкциялау жөніндегі жұмыстар жүзеге асырылады. Осы жобаларды іске асыру желілердің өткізу қабілетін арттыруға, электр энергиясын беру кезіндегі техникалық шығындарды азайтуға, жаңа тұтынушылардың қосылуын қамтамасы етуге және желідегі кернеу сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Алматы облысы