Атырау облысының Исатай және Қызылқоға ауданында әкім сайлауы өтті. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумовтың мәліметінше, Исатай ауданында – 15 883, ал Қызылқоға ауданында 18 614 сайлаушы тіркелген.
«Екі аудандағы әкім сайлауында дауыс беретіндер санатына 34 487 сайлаушы енгізілді. Бұл облыстағы сайлаушылардың жалпы санының 8,5 пайызын құрайды. Екі аудан әкімінің сайлауына 6 үміткер тіркелді. Сайлау учаскелерінде дауыс беру барысын 11 қоғамдық ұйымның 80-нен астам байқаушысы қадағалады. Заң бұзушылық анықталған жоқ», деді А.Айманакумов.
Аудандардағы сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз дауыс беруі үшін қолайлы жағдай жасалған. Мәселен, Исатай ауданындағы – 15, Қызылқоға ауданының 16 сайлау учаскесінде пандус орнатылған. Сайлау учаскелері тактильді жолақ, моноблок пен құлаққап, брайль шрифт, лупа секілді құралдармен қамтылған.
Аудан әкімінің лауазымын иеленуге ниет білдірген 6 үміткердің екеуін саяси партиялар ұсынды. Үміткердің бірі – «Amanat» партиясының өкілі. Қазақстан халық партиясы да сайлау додасына бір үміткерін қосты. Өзін-өзі ұсынған үш кандидат ауылдық округтің әкімі болып жұмыс істейді. Кандидаттардың арасында аудандық мәслихаттың төрағасы, аудан әкімінің орынбасары бар.
Бұл сайлаудан екі ауданның тұрғындары зор үміт күтіп отыр. Солардың қатарында Исатай ауданындағы Аққыстау ауылында тұратын Әбежановтар әулеті де бар. Ауылдастары оларды «Дәрігерлер династиясы» деп атайды. Өйткені әулеттегі 11 адам осы саланы таңдаған.
Ұзақ жыл аудандық жедел жәрдем бригадасында фельдшер қызметін атқарған зейнеткер Қадыржан Әбежанов дауыс беруге зайыбын, бала-келінін, немерелерін ерте келді. Оның зайыбы Меңсұлу Есенғалиева рентгент медбикесі болып жұмыс істеген. Ал ұлы Жеңісбек аудандық орталық ауруханада хирург, келіні Мәриям Сергейқызы учаскелік дәрігер ретінде тұрғындар денсаулығын сақтауға үлес қосып жүр.
«Аудан әкімінің сайлауы алғаш рет өткізіліп отыр. Демек мұны елдегі демократиялық үрдістің жемісі ретінде бағалау қажет. Өйткені халық сайлаған аудан әкіміне жүктелетін жауапкершіліктің жүгі жеңіл емес. Жаңа әкім бұқараның әлеуметтік тұрмысын жақсарту, әсіресе жұмыссыздықты азайту, ауылдарды инженерлік инфрақұрылыммен қамту, құм көшкінінен қорғау секілді түйінді мәселелерге көңіл бөлуі керек», дейді Қ.Әбежанов.
Ал Қызылқоға ауданында тұратын зейнеткер Тілекбай Шөкеновтің айтуынша, аудан әкімінің сайлауы – нағыз демократияның көрінісі. Сол себептен, халықтың таңдауына ерік беріліп отыр.
«Халықтың еркін таңдау жасауына мүмкіндік берілгені – демократияға бет бұрғанымыздың бір дәлелі. Аудан әкімінің сайлауы алғаш рет өткендіктен, таңдау жасау оңай болмады. Бірақ мұның алдағы сайлауда сабақ боларына сенемін», дейді Т.Шөкенов.
Атырау облысы