• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 08 Қараша, 2023

Қ. Тоқаев: БҰҰ – барлық адамзатты біріктіретін баламасы жоқ жалғыз жаһандық ұйым

168 рет
көрсетілді

Қасым-Жомарт Тоқаев әлемде болып жатқан кез келген қайшылықты БҰҰ Жарғысының нормалары мен қағидаттарына сай шешуге болатынына сенімін білдірді. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Известия» газетіне берген сұхбатында айтты, деп жазады Egemen.kz. 

«Кез келген қайшылықты БҰҰ Жарғысының нормалары мен қағидаттарына сай шешуге болатынына кәміл сенемін. Бұл құжатты әлемдік қоғамдастық адамзат тарихындағы ең қанқұйлы соғыстан кейін қабылдады. Мұндай қасірет енді қайталанбауы үшін халықаралық аренада бәріне түсінікті, ортақ ойын ережесі қабылданды. Бұл ізгілік пен адамгершілік қағидаттарының зор жеңісі еді. Әзірге әлем қақтығыстарды еңсерудің бұдан артық тәсілін ойлап тапқан жоқ», деді Президент. 

Президенттің айтуынша, жер көлемі, қуаты мен экономикалық әлеуетіне қарамастан, барлық мемлекет тең.

«Халықаралық құқық ешқандай бұра тартусыз, теңдей және бәріне бірдей қолданылады. Сондықтан ашуды ақылға жеңдіріп, халықаралық құқық нормаларын мүлтіксіз сақтаған сәттен бастап, әлемде тепе-теңдік қайта орнайды деп санаймын. Бұл формула саяси жүйелер үшін де, қазіргі замандағы экономикалық, экологиялық және гуманитарлық мәселелерді шешуде де өзектілігін жоймайды», дейді ел Президенті. 

Мемлекет басшысы біз бұрын-соңды болмаған геосаяси бөлшектену және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жікке бөліну жағдайына куә болып отырғанымызды атап өтті.

«Саясат пен экономикада жаһандық және аймақтық деңгейде өзгерістер жүріп жатыр. Бұл мемлекеттер мен құрлықтардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық туғызады. Үйлесімді әлемдік экономика құру үшін Жаһандық Оңтүстік және Жаһандық Солтүстік елдері өзара сенімге, бір-бірінің мүддесін құрметтеуге, сондай-ақ көпжақты ынтымақтастық қағидаттарына негізделген ортақ мәмілеге келуі керек. Осындай күрделі үдерісте БҰҰ маңызды рөл атқаруға тиіс. Қазіргі таңда ол барлық адамзатты біріктіретін баламасы жоқ жалғыз жаһандық ұйым саналады», деді Қ.Тоқаев.