• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Балалар 06 Желтоқсан, 2023

Бала құқы – басымдық

139 рет
көрсетілді

Сенатта Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары «Отбасы-неке қатынастарынан туындайтын дауларды қарау кезінде кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау мен қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі өзекті мәселелер» тақырыбына арналған отырыс өткізді.

Бүгінгі қазақ қоғамын алаңдатып отырған ең түйткілді мәселелердің бірі талқыланған маңызды іс-шараға Жоғарғы сот судьясы Разия Қуанышбаева, Бас прокуратураның Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі бастығының орынбасары Сәкен Сәмет, Әділет вице-министрі Алма Мұқанова, ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Уәзірұлы, Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Найля Мұхтарова және өзге де сала мамандары қатысты.

Жиынды алғы сөзбен ашқан комитет төрағасы Нұрлан Бекназаров балалардың құқықтарын, бостандық­тары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың бақытты және қауіпсіз бала­лық шағы үшін қажетті жағдайлар жасау – мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Жолдау­ларында балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау, олардың әлеуметтік және экономикалық әл-ауқатын қамтамасыз ету мәсе­лелеріне ерекше назар аударып келеді. Баланың құқықтық мәр­те­бесі­нің ересек адамдармен салыс­тырғандағы ерекшелігі олардың ең күрделі және осал санатқа жатуынан туындайды. Себебі өзгелермен тең құқықтарға ие бола отырып, балалардың өз құқықтарын жүзеге асырудағы мүмкіндіктері әлдеқайда шектеулі. Бүгінгі іс-шара кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамта­масыз ету және құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған 2024 жылдың І тоқсанына жоспарланып отырған дөңгелек үстелге дайындық аясында өтіп отыр», деді сенатор.

Ол еліміздің тәуелсіздік жыл­дарын­да бала құқықтарын қорғау­ға бағытталған бірқатар халық­ара­лық шарттың, оның ішінде 1994 жылғы 8 маусымда ратифи­ка­цияланған Бала құқықтары туралы конвенцияның толыққанды қатысушысына айналғанын атап өтті. Конвенция үш Факультативтік хаттамадан тұрады, оның екеуі 2001 жылы ратификацияланған, ал Бала құқықтары туралы конвенцияға хабарлар рәсіміне қатысты үшінші Факуль­тативтік хаттамаға 2023 жыл­ғы 7 ақпанда қол қойылды.

«Осы Хаттаманы ратификация­лау туралы тиісті заңды Мәжіліс қабылдады, қазіргі уақытта бұл заңды Сенат депутаттары қарап жатыр. Үшінші Факультативтік хаттамаға сәйкес балалар не олардың өкілдері ішкі құқықтық қорғау шаралары таусылған кезден бастап бір жыл ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бала құқықтары жөніндегі комитетіне өз құқықтарының бұзылуы туралы шағымдарды тікелей бере алады», деді Н.Бекназаров.

Комитет төрағасы балалардың құқық­тарын қорғау жүйесінде мем­лекетіміздегі соттардың орны айрық­ша екеніне тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта баланың кез келген бұзылған құқығын сот тәртібімен қорғауға болады. Сонымен қатар балаларға қатысты даулар – сот істерінің күрделі санаттарының бірі болып саналатынын, өйткені оларды шешу нәтижелері баланың жеке басының қалыптасуына, оның физиологиялық, рухани және адам­гер­шілік дамуына әсер ететінін жет­кізді. «Балаларға қатысты көптеген дау, мысалы, балалардың тұрғы­лық­ты жерін анықтау және бөлек тұратын ата-аналардың олармен қарым-қатынас тәртібін анықтау, әке болуды анықтау, алименттерді өндіріп алу, бала асырап алу, т.б. сот тәртібімен шешіледі. Сот статистикасы бала тәрбиесіне байланысты мәселелердің өте өзекті болып отырғанын көрсетеді» деген сенатор елімізде бала құқықтарын қамтамасыз ету бағытындағы аса маңызды қадам ретінде кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттарды, яғни ювеналды соттарды құру болғанын да тілге тиек етті.

Оның айтуынша, 2007 жылы ювеналды соттар Астана және Алматы қалаларында, ал бес жылдан кейін балалардың құқықтарына қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді және азаматтық-құқықтық дауларды қарау құзыреттерін берумен барлық облыс орталығында құрылған.

Отырысқа қатысушылар отбасын­дағы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың құқықтарын қор­ғау мәселелерін талқылады. Жоғар­ғы соттың судьясы Рәзия Қуаныш­баеваның айтуынша, 2018 жылдан бастап Сингапурдың тәжірибесі негізінде еліміздің Жоғарғы соты «Отбасылық сот» қанатқақты жобасын іске асырып келеді. Оған барлық жергілікті сот, мемлекеттік орган, әкімдік пен қоғамдық институт тартылған.

«Мұндағы мақсат біреу: отбасын сақтау, кәмелетке толмағандар үшін қо­лай­лы орта қалыптастыру. Бұл сот­тар отбасылық кикілжіңдер туын­­да­ған кезде көмек сұрайтын өзін­дік орта­­лықтарға айналып үлгерді. Отба­сы­­­лық соттарды құру идеясы ана мен бала­ны қорғау тетіктерінің тиімді­лігін арттыруға, отбасылық зорлық-зом­былыққа қарсы нөлдік төзімділікті қалыптастыруға және отбасы институтын нығайтуға бағытталған», деді ол.

Сондай-ақ Жоғарғы сот судьясы қазіргі таңда ювеналды соттарда кәмелетке толмаған балалардың мүдделерімен байланысты барлық іс шоғырланғанын айтып өтті. Түрлі жанжалды шешуге мемлекеттік органдар, әкімдіктер, психологтер, медиаторлар, адвокаттар, т.б. мүдделі тараптар тартылады.

«Еліміздің ювеналды жүйесін реформалау кәмелетке толмағандардың мүдделері қозғалатын сот істерінде әділдіктің үстемдік құруын арттыруға тиіс. Ол тұлға ретінде қалыптасу үстін­дегі әрбір баламен жекелей жұмыс жүргізуге септігін тигізбек. Юве­нал­ды сот құзыретін кеңейту – сот тө­релігі жүйесіндегі маңызды кезең, оның мақсаты – кәмелетке тол­ма­ғандардың құқықтарын, бостан­дықтары мен мүдделерін қорғау», деді Р.Қуанышбаева.

Комитет отырысы барысында Әділет министрінің орынбасары Алма Мұқанова, Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі бастығының орынбасары Сәкен Сәмет және басқа да шақырылған мамандар сөз сөйлеп, пікірлерімен бөлісті.