Еліміз егемендік алғаннан бері білім сапасын көтеру мақсатында қыруар жұмыс атқарылып, қажетті жағдайлар жасалды. Соған қарамастан білім сапасы әлі де төмен. Оны халықаралық зерттеу нәтижелері де көрсетіп отыр. Еліміздің орта білім беру сапасын қалай көтеруге болады? Осы мәселе төңірегінде Педагогикалық ғылымдар академиясының басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВПЕН әңгімелескен едік.
– Асқарбек Қабыкенұлы, орта білім беру сапасын көтеру бағытында 30 жылдан астам уақыт бойы зерттеу жүргізіп келесіз. Қандай қорытындыға келдіңіз? Түйген ойларыңызды тарқата отырсаңыз...
– Орта білім беру жүйесі – аса күрделі жүйе. Оның да жүйе құраушылары болады. Біз оның 8-ін анықтадық: оқушылардың білім сапасы; білім стандарттары мен оқу бағдарламаларының сапасы; оқу әдебиетінің сапасы; педагог кадрлардың кәсіби біліктілігінің сапасы; білім мониторинг сапасы; рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру сапасы; ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасы; басқару жүйесінің сапасы; материалдық-техникалық база сапасы. Әр жүйе құраушының сапасын көтеру үшін қыруар іс атқару керек. Академик А.Н.Колмогоров «Бір жақсы оқулық жазудың қиындығы бір реактивті ұшақ құрастырумен бірдей» деген екен. Жүйе құраушылардың сапасын көтеру үшін де жүйелі жұмыс қажет. Демек еліміздің 7,5 мың мектебінде оқып жатқан 3,5 млн баланың білім сапасын көтеру қиындығын әртүрлі 8 реактивті ұшақ жасаумен салыстыруға болады. Әлемнің барлық елінде осы жүйе құраушылардың сапасын көтеру мақсатында жұмыстар жүргізіледі. Бұл жұмыстар ғылыми негізде жүйелі түрде жүргізілген елдерде ғана сапа жоғары.
– Жүйе құраушылардың сапасын көтеру үшін не істеу керек?
– Білім стандарттары мен оқу бағдарламаларының сапасын көтеру проблемасын 3 аспектіде қарастыру керек. Бірінші – орта білім беру моделі (білім бергенде балалардың психологиялық-физиологиялық даму ерекшеліктері ескеріле ме?). Екінші – оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты оқытылатын пәндер (не оқытамыз?). Үшінші – оқытылатын пәндердің көлемі және олардың нәтижеге бағытталуы (қалай оқытамыз?). Орта білім беру моделін анықтау мақсатында 2003-2022 жылдар аралығындағы PISA зерттеулерін саралай отырып, білім сапасы озық елдерді анықтадық. Олардың қатарына Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, Қытай (провинциялары), Эстония, Канада, Финляндия, Польша және басқалары кіреді. Бұл елдерде 6+3+3 моделі негізінде жұмыс істейтін 12 жылдық орта білім беру жүйесі бар. 6-11 жас аралығындағы балалар 6 жылдық бастауыш мектепте оқиды. Бұл кезеңде олардың әртүрлі ғылымның негізін меңгеру үшін қажетті қабілеттері қалыптаса бастайды. 12-14 жаста 3 жылдық орта мектепте оқиды. Олардың оқу іс-әрекеті жаңа деңгейге көтеріліп, теориялық білімдерді меңгере алады. 15-17 жаста 3 жылдық орта мектептің жоғарғы сатысында оқиды – қалаған білімін терең меңгеруге, зерттеу және тәжірибелік жұмыстар жүргізуге талпыныс жасайды. Бұл модельдің әр сатысында оқушылардың психологиялық-физиологиялық даму ерекшеліктеріне сәйкес келетін және олар еркін меңгере алатын білім беріледі, 10-12 сыныптарда олардың қабілетін дамытуға жағдай жасалады. Өкінішке қарай, бізде бұлай болмай тұр. Қазақстанда 11 жылдық мектеп 4+5+2 моделі негізінде жұмыс істейді. Балалар 6-9 жаста бастауыш мектепте, 10-14 жаста орта мектепте, 15-16 жаста жоғары сыныптарда оқиды. 10 жастағы балаға орта мектепте оқытылатын теориялық білімнің негізін меңгеру қиынға соғады, ал 10-11 сыныптарда балаларға қалаған білімін терең меңгеруге мүмкіндік жоқ. Әлемнің бірде-бір елінде 4+5+2 моделі негізінде білім берілмейді. Сондықтан 6+3+3 моделімен оқытатын 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуіміз керек. Бұл модель өзінің нәтижелілігін толық дәлелдеп отыр.
Оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты қандай пәндерді оқыту дұрыс екенін анықтау үшін Қазақстан, Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия, Канада елдерінің оқу жоспарларына салыстырмалы түрде талдау жасадық. Оқу жүктемелерін 2 топқа бөліп қарастырдық. І топ – нақты ғылым салаларына қатысты пәндер: Тіл мен әдебиет; Математика және информатика; Жаратылыстану; Адам және қоғам. ІІ топ – технология және өнер; денешынықтыру салаларына қатысты пәндер. 1-4-сыныптарда біздің оқушылар І топтағы пәндерді жоғарыда аталған елдердің оқушыларына қарағанда көп оқиды, ал ІІ топтағы пәндерді, керісінше аз оқиды. Бұл елдерде Ана тілін оқытуға, тәрбие беруге көп көңіл бөлінеді. Орта білім беру саласында сапалы білім берумен бірге саналы тәрбие беру мақсаты да қойылады. Әлемдік тәжірибе ұлттық рухани-адамгершілік тәрбие ана тілінде берілген жағдайда ғана бала жақсы тәрбие алатынын көрсетіп отыр. Ол үшін балалар ана тілін жетік білуі керек. 7-9-сыныптарда Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Финляндия мен Канада елдерінде І топқа кіретін 4-6 пән, ал Қазақстанда 7-8-сыныптарда 12 пән, ал 9-сыныпта 13 пән оқытылады. Бізде бұл елдерде оқытылатын ІІ топқа кіретін Музыка, Дін/Этика, Үй экономикасы, Арнайы іс-шаралар, Зерттеу жүргізу пәндері оқытылмайды. 10-11-сыныптарда бізде оқушыларға жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша білім беру қарастырылған. Оларда 78-89 пайыз көлемінде бірдей пәндер оқытылады. Бұл елдерде 10-12-сыныптардың басты мақсаты – оқушылардың болашақта таңдаған мамандықтарын университеттерде жақсы меңгеруіне қажетті білім беру. Алда тұрған үлкен мақсаттың бірі – Қазақстанды ғылымы мен техникасы дамыған елге айналдыру. Өкінішке қарай, отандық инженерлер осы уақытқа дейін бірде-бір қарапайым кір жуатын машина жасай алған жоқ. Ащы да болса, шындық осы. Қарапайым техникалық құрылғыны немесе машинаны іргелі теориялық білім алған инженер ғалымдар ғана жасай алады. Бізде бірде бір техникалық университет инженер ғалымдарды даярламайды. Себебі институтқа түскен жастар жоғары сыныптарда инженерлік мамандықты меңгеруге керекті пәндерді 3 жыл бойы тереңдетіп оқымағандықтан, олар университетте терең білім алмайды. Сол себепті біз дамыған елдерден инженер кадрлар даярлауда бір саты төмен тұрмыз. 12 жылдық мектепке өткенде балаларға арнайы бағдарлы білім беретін 3 жылдық жоғары білім сатысын енгізу қажет.
Оқытылатын пәндердің көлемі және олардың нәтижеге бағытталуын анықтау үшін де салыстырмалы зерттеулер жүргіздік. Оқушылардың құзыреттілігін қалыптастыратын нәтижеге бағдарланған білім берудің ерекшелігін Қазақстан мен Ұлыбританияда жаратылыстану пәндерінің оқытылуына салыстырмалы талдау жүргізе отырып қарастырайық. Мысал ретінде Биология пәнінің «Тыныс алу» бөлімін оқытуды алайық. Қазақстанда 11 тақырып берілген, ал Ұлыбританияда 3 тақырып оқытылады. Бізде әр тақырыпты оқығанда көп көлемде ақпарат беріледі және олар ғылыми сипатта болады, ал Ұлыбританияда көлемді ақпарат берілмейді, әр тақырып тәжірибеге бағытталып, өмірлік жағдаяттармен байланыстырылып оқытылады. Оларды меңгерудің оқушының алдағы өмірінде қаншалықты маңызды екенін түсіндіруге көп көңіл бөлінеді. Басқа пәндерді оқытқанда да осындай өзгешеліктерді байқадық. 12 жылдық мектептің білім беру стандарттары мен оқу бағдарламаларын, яғни білім беру мазмұнын жасағанда дамыған елдер жаратылыстану және басқа да пәндерді оқытқанда неге мән беретінін, қалай оқытатынын салыстырмалы түрде зерттеп, қажетті шешім қабылдау қажет.
– Педагог кадрлардың кәсіби біліктілігінің сапасын көтеру де маңызды ғой. Бұған қатысты не айтар едіңіз?
– Педагог кадрлардың сапасын көтеру жұмыстары екі бағытта жүргізілуі керек. Бірінші бағыт – болашақ ұстаздарға сапалы білім беруді, яғни ұстаздық мамандыққа лайықты адамдардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету; екінші – мектептерде еңбек етіп жүрген мұғалімдердің кәсіби құзыретін көтеру. Қазақстанда және білім сапасы озық елдерде педагог кадрлар даярлауда 6 айырмашылық бар. Біздің елде педагогикалық жоғары оқу орындары мен колледждерге мектепті орташа аяқтаған түлектер барады; жоғары оқу орындарында тәжірибеге бағыттай отырып, білім беруге жеткілікті көңіл бөлінбейді; жас мұғалімдерге тағайындалған тәлімгерлер нәтижелі жұмыс істемейді. Ал дамыған елдерде педагогикалық оқу орындарына мектепті жақсы бітірген түлектер қабылданады; оқуға түсер алдында олар педагогикалық мамандыққа бейімділігін анықтайтын арнайы емтихан тапсырады; оқу орындарында білім тәжірибеге бағытталып беріледі; бакалавр курсын жақсы аяқтаған түлектер магистратураға қабылданады; магистр-мұғалімдер мектепке жұмысқа келгенде қоғамдық комиссия алдында күрделі сынақтан өтеді; жұмысқа қабылданған жас магистр-мұғалімдерге тәлімгер (коучер) бекітіледі. Бұл жұмыс олардың жүктемелерінде көрсетіледі және оның нәтижесі мұқият қадағаланады. MсKinsеy&Company ғалымдары оқушылардың білім сапасының мұғалімдердің құзыреттілігіне тәуелділігін анықтау мақсатында АҚШ-тың 3 штатында көлемді зерттеу жүргізген. Нәтижесінде, 8-11 жас аралығында кәсіби құзыреті жоғары және төмен мұғалімдерден білім алған оқушылардың білім сапасының айырмашылығы 53 пайызды құраған. Әрі қарай жүргізілген зерттеудің нәтижесінде 11 жаста үлгерімі нашар болған оқушылардың тек 25 пайызы ғана 14 жасқа толғанда меңгеруге қажетті стандарт талаптарына сай білім ала алатыны, ал 75 пайызы ондай деңгейде білім ала алмайтыны анықталған. Бізде бастауыш сыныптарда колледж түлектері немесе бакалаврлар сабақ береді, ал дамыған елдерде магистрлер ғана сабақ бере алады. Алдағы уақытта педагог кадрлар даярлау жұмыстарына жіті көңіл бөліп, бастауыш сыныптарда тек қана бакалаврлардың сабақ беруіне қол жеткізу керек, әрі бұл іске магистрлерді де көптеп тарту қажет.
– Саладағы нақты картинаға көз жеткізу үшін білім мониторингінің сапасын да арттыру керек пе?
– Әлбетте. Алдыңғы қатарлы елдерде білім беру жүйесін дамытуға қаншалықты көңіл бөлінсе, білім беру сапасын анықтауға да соншалықты назар аударылады. Себебі бағалау жоқ жерде – білімде сапа болмайды. Қазіргі уақытта педагогтердің аттестация мәселесі кең көлемде талқыланып жатыр. Олардың аттестацияда көрсеткен біліктілік деңгейіне байланысты үстемеақы тағайындалады. Бұған барлық мұғалім мүдделі болып отыр. Біз аттестация кезінде мұғалімдерге тиісті біліктілік деңгейін беру туралы шешім қабылдағанда, басты көрсеткіш ретінде олар оқытқан оқушылардың алған білімінің сапасын ескеру керек деп есептейміз. Адамды қозғаушы басты күш – оның өз мүддесі екенін әсте естен шығармаған абзал. Аттестациядан өтудегі негізгі көрсеткіш өзі оқытқан оқушылардың білім сапасы болса, онда әр мұғалім осы мақсатта еңбек етеді. Біріншіден, ол өзінің кәсіби құзыретін көтеру жолдарын іздейді және сол бағытта жұмыс істейді. Екіншіден, білім берудің сан алуан жаңа тәсілін меңгеруге ынталанады. Аттестация қойған осындай талап негізінде мектептегі барлық мұғалімнің кәсіби құзыреті көтеріледі, әрі оқушылардың білім сапасы артады. Яғни осылай өткізілген аттестация білім беру жүйесін дамытуға жаңа серпін бере алады.
– Қазір қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – ауыл мектептерінің білім сапасын көтеру. Бұл мәселені қалай реттеуге болады?
– Жүргізілген ғылыми зерттеулер негізінде білім сапасын көтерудің 8 жүйе құраушысының ішінде білім стандарттары мен оқу бағдарламаларының және оқу әдебиеті сапасын көтеруден басқа 6 құраушысының: педагог кадрлардың кәсіби біліктілігінің сапасын; білім беру сапасын бағалау; рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру; ғылыми-зерттеу жұмыстарының; басқару жүйесінің; материалдық-техникалық базасының сапасын көтеру жұмыстарын, республикалық мекемелер деңгейінде атқарылатын жұмыстармен бірге, мектеп, аудан және облыстық мекемелердің ішкі резервтерін пайдалана отырып көтеруге болатыны анықталды. Осы идеяның дұрыстығын анықтау мақсатында Түркістан облысы мектептерінде көлемді эксперимент жүргізілді. Оған орта есеппен әр сыныптан 800-дей бала қатысты. Жүргізілген эксперимент негізінде идеяның дұрыстығы толық дәлелденді. Ішкі резервтерді пайдалана отырып білім сапасын көтеру жұмыстары 1-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін ғылыми негізде жүйелі түрде жүргізілетін болса, онда оқушылардың білім сапасын орта есеппен 60-80 пайызға дейін көтере аламыз.
Орта білім беру сапасын көтеру үшін алдағы уақытта бірнеше бағытта жұмыс жүргізу керек. Алдымен 12 жылдық мектепке көшу мақсатында шамамен 15 жылға арналған көлемді білім беру реформасын жүзеге асырған абзал. Басты мақсат – «Білім – білік – дағды» парадигмасынан оқушылардың құзыреттілігін қалыптастыратын нәтижеге бағдарланған білім беру парадигмасына өту. Алдымен осы парадигма негізінде ұзақ жыл бойы нәтижелі жұмыс істеп жүрген елдердің тәжірибесін мұқият зерттеп, өзіміздің ұлттық ерекшелігімізді ескере отырып, отандық білім беру мазмұнын жасау керек. Отандық ғалымдар мен ұстаздардың жаңа білім мазмұнын жасау тәжірибесінің жоқ екенін ескере отырып, кем дегенде үш елдің білім беру жүйесін мұқият зерттеу қажет. Жапония, Шанхай провинциясын және Балтық бойы елдерінің бірін қарастыруды ұсынамыз. Барлық зерттеу орта білім сапасын көтерудің 8 құраушысы бойынша жүргізілуі қажет. Осындай зерттеулер негізінде 12 жылдық мектептің тұжырымдамасы мен оған өтудің кешенді жұмыс жоспарын жасаған жөн. Бұл жұмыстың аса күрделі екенін ескере отырып, әр оқу жылында 12 жылдық мектеп бағдарламасына 1-сыныптан өтуді жоспарлаған дұрыс. Бұдан кейін Түркістан облысында жүргізілген экспериментті жалғастыру қажет. Оған қатысқан және қатыспаған сынып оқушыларының арасындағы білім сапасы 4,5 пайыздан 9,5 пайызға дейін көтерілді. Қазіргі уақыттағы негізгі мәселелердің бірі – мектептегі ұстаздардың кәсіби құзыретін көтеру. 2019 жылы Түркістан облысының мектептерінде 62 мыңнан астам мұғалім еңбек еткен, сол мұғалімдердің 60 пайызы сырттай оқыған, 70 пайызы жекеменшік оқу орындарында білім алған. Сонымен қатар педагогтер аттестациядан өткенде негізгі көрсеткіш ретінде олар оқытқан оқушылардың алған білімінің сапасын ескеру маңызды. Оқушыларға ұлттық рухани-адамгершілік тәрбие беру жұмыстарын жетілдіру де – уақыт күттірмейтін іс.
Әңгімелескен –
Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»