• RUB:
    5.28
  • USD:
    480.61
  • EUR:
    534.53
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Қаңтар, 2024

Қыс – қатал сыншы

739 рет
көрсетілді

Бет қаратпайтын үскірік аязы көп, қысы қытымыр өлкеде жылу беру маусымына мұқият дайындалу өте маңызды. Кейінгі жылдары шағын қалалардың шырайы келмей тұрғаны белгілі.

Биылғы қыс бірден қылышын сүйрете, адамдардың апшысын қуыра келді. Алғашқы күні-ақ өңірде 35-40 градус аяз апталап тұрып алды. Жан баласын аяуды білмейтін алапат суық жаз бойы жан жадыратар жылы сөзбен қымталған кемшіліктің бетін ашып, аймаңдай көрсетіп берді де­сек те болар. Бұл тарапта билік­ке өкпелеудің жөні жоқ. Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Көкшетау және Степно­гор қала­ларының жылумен жаб­­дық­тау нысандарын жаңғырту ­ту­ра­лы ше­шім қабылданған еді. ­Степ­­но­­­гор жылу электр орталығында 4 қа­зандық, 5 турбинаға ағымдағы жөн­деу және 2 қазандыққа күр­де­лі жөндеу жүргізілді. №2 және №5 турбиналардың қазандық аг­регатын ағымдағы жөндеу, №7 қазандық агрегатын күрделі жөн­деу жұмыстары қолға алынды. Бұ­ған қоса жалпы ұзынды­ғы 3,1 ша­қырым магистралдық желі­лер жөн­делді. «Степногорск Тепло­транзит» серіктестігінің өз қаражаты есебінен 4 850 метр­ді құрайтын желілер күрделі жөн­деуден өткізілді. 540 метр желіні ағымдағы жөндеу, 45 метр желідегі жылуды қалпына келтіру және 1 сорғыны ауыстыру жұмыстары іске асырылды. Үкі­мет резерві­нен бөлінген 2 млрд тең­ге­нің есе­бінен 3,1 шақырым магистрал­дық желілерге жөндеу жүр­гізіл­­ді. Жасалған үнем қосымша 800 метр желілерді жөндеуге мүмкін­дік берді.

Бұған қоса «Степногорская ТЭЦ» және «Степногорск Тепло­транзит» серіктестіктерінің жеке қаржысы есебінен жылу-электр орталығының және жылумен жаб­дықтау желілерінің құрал-жаб­дықтарына 5,3 млрд теңгеге жос­парлы жөндеу жүргізілді.

Былтыр желтоқсанның 7-сінде Степногор қаласының жылу же­­лі­сінде ірі апат орын алып, қа­ла­ның бірнеше шағын ауданы жылусыз қалды. «Степногорск Теп­ло­транзит» серіктестігінің жылу то­ра­бының жарылуы салдарынан 3, 6, ­7, 8 шағын аудандары жылу желі­сі­нен толықтай ажыратылды. Осы апаттың салдарынан 9 мыңнан аса адам 30-35 градус аязда жылусыз әрі жарықсыз қалды. Өңір басшысы Марат Ахметжановтың тікелей тапсырмасымен жылу желісін қалпына келтіру жұмыстарын атқаруға тиісті жедел штаб құрылды. Штаб құрамына әкімдік, төтенше жағдай, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері мен елдің жайын ойлаған еріктілер кірді. Аз ғана уақыттың ішінде апат орын алған жылу жүйесі жөнделіп, көпқабатты үйлерге жылу беріле бастады. Үш энергетикалық, бір ыстық су қазандығы қалпына келтірілді. Коммуналдық қызмет тәулік бойы жұмыс істеді. Жауапты мекеме қызметкерлері үй ішіндегі жылу жүйесіндегі кемшілікті анықтау үшін мұқият жұмыс жүргізді. Пәтердегі жылу жүйесінде ақау болатын болса, пәтер иелері кооперативтеріне жедел хабар беру тапсырылды.

Қараша айында Степногор қаласының әкімі Алпысбай Қайыржанов қаланың жылу жүйесіне 5 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалып, жылу жүйелері мұқият жөндеуден өткізілгені туралы хабарлаған еді. Бір айта кетерлігі, шағын қаланың жылу желісі мүлде тозып тұрған. Мамандардың есептеуіне қарағанда, шамамен 80 пайызы әбден ескірген. Үкімет резервінен бөлінген қаржыға 7,8 мың шақырымдық ішкі жылу магистралі мен осы көлемдегі жылу жүйесі кәсіпорынның өз есебінен жөнделгені туралы да айтылған. Әйтсе де, миллиардтаған қаржы жұмсалған жылу желісі арада ай өтпей апатқа ұшырауы түсініксіз. Степногор қаласының іргесіндегі Заводской кентінің бірнеше ша­ғын ауданында жылу жүйесі жа­рылып, халықтың тұрмыстық техникасы мен қыруар дүние-мүл­кі бүлінді. Тұрғын үйлердің қа­бырғала­ры­на су сіңіп, ылғал пайда болды. Кейбір үй ішінде қатып қалған құбырларды тұрғындар амалсыз өз қаржыларына жөндеді. Дәл осы кезде халық «төтенше жағдай» жариялау керек, «Екібастұзда­ғы жағдай қайталанды», деп өкпе-назын айта бастады.

Қазіргі күні шағын қаланың жылу жүйесі қалпына келтірілген. Әйтсе де, қыруар қаржы бөлінген жұмыстың неге тыңғылықты атқа­рылмағаны сұрақ туғызады.

 

Ақмола облысы,

Степногор қаласы

Соңғы жаңалықтар