Қабілетті жастарға қай кезде де сұраныс жоғары. Мұны Мемлекет басшысы бас басылымға берген сұхбатында да ерекше атап өтті. Қазір әлемнің жыл сайын емес, күн сайын өзгеріп жатқанын айтқан Президент: «Жаңа технологиялар, мамандықтар және салалар пайда болуда. Жұмысты ұйымдастырудың және басқарудың әдіс-тәсілдері қайта қаралуда. Осындай жағдайда жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруге және озық білімін тиімді пайдалануға қабілетті жастардың рөлі арта түседі», деді. Ал біз ауыл-аймақтағы дарынды жастарға қаншалықты көңіл бөліп жүрміз?
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңір жастарымен кездесіп, облыс аумағында басталған ерекше жобалар туралы хабардар етті. Әсіресе «Қаладан – ауылға!» жобасы ауылдық елді мекендердің дамуына тың серпін бермек. Бұл бағытта жастарға барынша қолдау көрсетілмек.
«Әділетті Қазақстан: еңбекқор, отаншыл, адал жастар» атты кездесуге негізінен жас мамандар жиналған екен. Өңір басшысының баяндамасын ықыласпен тыңдаған олар бастаманы құлшыныспен қолдайтынын білдірді. Жастардың арасында қазірдің өзінде ауылдан өз орнын тауып, кәсібін бастап, жетістікке жете бастағандар да табылды. Осы жиын үстінде Нариман Төреғалиев «Жайық жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы бастау алғанын мәлімдеп, «Отбасы банк» АҚ БҚО филиалы басшысымен меморандумға қол қойды. Облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Бибігүл Қонысбаева «Қаладан – ауылға!» бағдарламасының жай-жапсарын түсіндіріп өтті. Енді сол жайында оқырманға да кеңірек баяндайық.
Халық үніне құлақ асу
«Бүгінгі іс-шара атауының өзінде үлкен мән-мағына бар. Мемлекеттің әлеуетін әуелетіп, ел экономикасының қарқынды дамуы үшін жастарымыз қайратты, ақылды, жігерлі болып қана қоймай, ел болашағы үшін бастамашыл, нық қадамдар жасауға тиіс. Мемлекет басшысының «Egemen Qazaqstan» газетіне «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деген сұхбаты жарияланды. Мұнда қоғамдағы өзекті мәселелер көтеріліп, оның шешу жолдары ұсынылды. Озық ойлы ұлтқа айналу үшін, ең алдымен, әр отандасымыздың бойында туған жеріне, еліне, ата-анасына деген құрмет, сүйіспеншілік, адалдық қасиет болуы қажет. Ең алдымен, біз осы қасиетті жастардың бойынан көргіміз келеді. Аға буын бастаған осы бастамаларды жалғастыратын – біздің соңымыздан ерген озық ойлы, өршіл мінезді жастар», деп бастады сөзін Нариман Төреғалиұлы.
Өңір басшысының айтуынша, тұрғындарды алаңдататын әлеуметтік мәселелерді шешу – басты міндет болмақ. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңір экономикасын көтеру, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, ауылдарды дамыту салаларында бірқатар жоба жүзеге асады.
«Президенттің тапсырмасы аясында өткен жылы елімізде ауылдық аймақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған Тұжырымдамасы қабылданды. Осының аясында өңірде халықты қаладан ауылдық жерлерге көшіру қанатқақты жобасын іске асыратын боламыз», деді облыс әкімі.
Деректер не дейді?
Батыс Қазақстан облысы – әуелден аграрлы, ауыл шаруашылығы басым өңір. Және ауылдық елді мекендері ең көп облыстың бірі. Облыста 12 аудан, 156 ауылдық, 3 кенттік округ, екі қала бар. Бұрын өңір тұрғындарының негізгі бөлігі ауылда тұрған еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары болған нарық қиындығы осы арасалмақты өзгертті. Жұмыссыздық ауыл халқын қалаға сабылтты. Біраз ауыл тәуелсіздіктің құрбаны болып, жұрты қалды. Оның есесіне қала қазақыланды. Қазақтың басым бөлігі қалалыққа айналды. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарасақ, 2023 жылғы 1 желтоқсанда облыстағы халық саны 692,9 мың адам болған. Соның ішінде 56,5% тұрғын, яғни 391,3 мың адам қалада тұрады екен. Ал ауыл халқының саны – 301,6 мың адам (43,5%).
Дегенмен сан ұрпақтың кіндік қаны мен маңдай тері тамған ауылды иесіз қалдыруға болмайды ғой. Құдайға шүкір, қазір Батыс Қазақстан облысының ауылдары толықтай табиғи газбен қамтамасыз етілген. Ауыз су мәселесі де көп ауылда шешілді. Жол, яғни қарым-қатынас қиындығы болмаса, бүгінде ауыл тұрмысының деңгейі қаладан кем емес. Қаладағы жайлы пәтер, сәулетті коттедж ауылда таңсық болмай қалған. Соның да әсері болар, кейінгі жылдары халықтың ауылға көшу үрдісі байқалады. Кейінгі 3 жылда Батыс Қазақстанда 3 616 адам ауылдық жерге қоныс аударған.
Ауылға көш, ағайын!
«Біз туған жерді түлетіп, қара шаңырақтың түтінін қайта шалқыту үшін жаңа жоба бастап отырмыз. Ауылдың дамуы – мемлекеттің дамуы! Сондықтан бұл бағдарламаның идеологиясы өте тереңде жатыр. Бұл бағытқа әсіресе жастар белсенді қатысуы керек. Біз «ауылға көшіп барамын» деген азаматтарға мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланып және жергілікті бюджеттің мүмкіндігін ескере отырып, барынша қолдау білдіреміз», дейді Нариман Төреғалиұлы.
Бағдарламаның мақсаты – азаматтардың ауылға келуін ынталандыру, халықтың көші-қонын азайту, ауылдық жерде жұмыс күші тапшылығын жою, ауылдық жерлерді, агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамытуды қамтамасыз ету, шағын және орта бизнес нысандарын көбейту, тұрақты жұмыс орны жоқ қала азаматтарының, сондай-ақ жас отбасылардың әлеуметтік мәселелерін шешуге қолдау көрсету.
Әуелі баспана
Сонымен Батыс Қазақстан облысы бойынша 2024-2026 жылдарға арналған «Қаладан – ауылға» қанатқақты жобасы мынадай:
Егер жас маман «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша Батыс Қазақстан облысының ауылына барар болса, 100 АЕК көтерме жәрдемақы төленеді. Одан бөлек, тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін аудан орталықтарында – 2500 АЕК (9 230 000 теңге), ауылдық елді мекенде 2000 АЕК (7 384 000 теңге) беріледі. Бұл қаржы ауылда су жаңа үй салып алуға да жетеді. Яғни ауылда жүрген құрылысшыларға да жұмыс табылады деген сөз.
Айтпақшы, жоғарыда жергілікті әкімдік «Отбасы банкпен» бірлесіп, 35 жасқа дейінгі жастарға жеңілдетілген несие беруді бастағанын айтқан едік. Мұның мәнісі мынадай:
«Отбасы банк» жасы 21 мен 35 жас аралығында, соңғы бір жыл бойы Орал қаласында отбасымен бірге тұрақты тіркеуде тұрған Қазақстан азаматына 15 млн теңгеге дейін жеңілдетілген тұрғын үй несиесін береді. Осы мақсат үшін БҚО бюджетінен жастарға тұрғын үй алуға 600 млн теңге көлемінде қаражат бөлінген. Бұл 5 пайыздық жеңіл несие алдымен дәрігерлер, мұғалімдер, мәдениет және спорт саласында, коммуналдық мекемелерде, мемлекеттік қызметте жүрген жас отбасыларға арналған.
«Біз дәл осындай жүйені ауылда да жүзеге асырғымыз келеді. Яғни ауылға баратын 35 жасқа дейінгі жастарға 2 пайыздық мөлшерлемемен тұрғын үй несиесін бергіміз келеді. Қазір «Отбасы банк» біздің ұсынысымызды бас кеңсемен ақылдасып жатыр. Егер ауыл жастарын баспанамен қамтамасыз ететін осындай бағдарлама қабылданса, біз көп мәселені қатар шешер едік. Біріншіден, жастар баспаналы болады. Ауылда құрылыс жанданады. Елді мекендер жаңарады. Бұдан бөлек, ауылда тұратын табысты фермер, кәсіпкерлер өз қызметкерлеріне тұрғын үй салып немесе сатып алып беретін болса, біз шығынның 50%-ын субсидиялауға дайынбыз», дейді облыс әкімі.
Әкімдіктің есебінше, қазір БҚО-ның ауылдарында 1 600-дей үй бос тұр. «Біз ауылдарға халықты апарып, тұрақтандыруымыз керек. Барлық бағдарлама аясында көмек жасаймыз», дейді облыс әкімі.
Кәсібің – нәсібің
Жаңа бағдарлама аясында ауылға көшетін әр отбасына нақты көмек көрсетіледі.
«Біз былтыр ауылдық жерге барған дәрігерлерге 2,5 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін қаржылай көмек көрсеттік. Биыл бұл қаражаттың көлемін 5 млн теңгеден 8 млн теңгеге дейін көбейтеміз. Сіздердің араларыңызда да білікті дәрігер, білімді ұстаздар болуы мүмкін. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан осындай көмекті жастар пайдалануы қажет», дейді Нариман Төреғалиев.
2023 жылы өңірде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша 775 жас маман жұмысқа орналасқан. Жаңа бағдарлама жас мамандарды Ақжайық өлкесіне бұрынғыдан да қызықтырып, магнитше тартады деп сенеміз. Өйткені ауылға келген мамандардың сәбилері мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылса, 1-4 сыныпта оқитын балалары толықтай ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Медициналық және фармацевтикалық мамандарға біржолғы төлем 1,0 млн теңгеден 5,0 млн теңгеге дейін өседі.
«Ауылда кәсіп бастаймын» деген бастамашыл жастар да ерекше қолдау көрмек. Мысалы, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 5 млн теңгеге дейін мемлекеттік гранттар қарастырылған. Сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау да жоспарда: ШОБ нысаны 7% төлейді, айырмасы субсидияланады. ШОБ несиелеріне ішінара кепілдік беріледі – өз ісін жаңа бастаған кәсіпкер 85%-ға дейін, ал бұрыннан жұмыс істеп тұрған кәсіпкер 50%-ға дейін, лизинг 70%-ға дейін кепілдік алады. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін жастарға 400 АЕК-ке дейін мемлекеттік грант беріледі.
Ауылда асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау қолға алынады. Агроөнеркәсіп кешені нысандарына несие беру, сондай-ақ лизингке мал, техника және технологиялық жабдық беру кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау, инвестициялық салымдар кезінде АӨК нысаны шеккен шығынның бір бөлігін 15%-50%-ға дейін ойластырылған. Қоныс аударушыларға жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскелері беріледі. «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде қолдау шаралары көрсетіледі. Мысалы, номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5%-дан аспайды. Ауылдық елді мекендегі микронесие сомасы 2,5 мың АЕК-ке дейін, зәкірлік кооперацияны дамыту үшін 8,0 мың АЕК-ке дейін беріледі.
Жастар үшін микронесие беру – 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін беріледі. Микронесиенің ең жоғары сомасы 5 млн теңгеге дейін көтеріледі, номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5%-дан аспайды.
Балық емес, қармақ
«Қаладан – ауылға!» бағдарламасының басты мақсаты – ауылға баратын адамның сол барған жерінде тамыр тартып, табыс тауып, өмірден өз орнын тауып кетуі.
«Біз ауылға барам деген тұрғындардың алдына мал салып беруді де ойластырып жатырмыз. Құс, қой т.б. үй жануарын беріп, бірінші кезекте демеу көрсетеміз. Ары қарай өзі талпыну керек», дейді Нариман Төреғалиев.
Мысалы, «Жастар практикасы» аясында жұмысқа орналасқан адамға – 30 АЕК, қоғамдық жұмыстарға қатысушыларға – 20 АЕК-ке дейін, «Бірінші жұмыс орны» жобасы қатысушы 35 жастан аспаған жұмыссыздарға 30 АЕК-ке дейін мемлекеттік қолдау көрсетілмек.
Жұмыссыздардың, студенттердің және оқудан бос кезінде жоғары сынып оқушыларының жалақысы 20 АЕК көлеміне дейін субсидияланады.
«Күміс жас» жобасына қатысушы 50 ден асқан, зейнеткерлік жасқа дейінгі жұмыссыздарға белгіленген жалақы көлемінен 60%-дан 70%-ға дейін (бірақ 30 АЕК артық емес) мөлшерде субсидия жасалады.
Ал «Ұрпақтардың келісімшарты» жобасы бойынша 35 жастан аспайтын, орта білімнен кейінгі жоғары және жоғары білім беретін мекемеден техникалық және мамандандырылған жобалар бойынша білім алғанына 3 жыл болмаған жұмыссыздар да 30 АЕК көлеміне дейін жалақы алмақ.
2027 жылдың соңына дейін «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде жыл сайынғы қаржыландыруды ұлғайта отырып, даму әлеуеті бар 223 ауыл өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарына сәйкестендірілуге тиіс.
«Біз қазір облыстағы 60 шақты елді мекенді анықтап, белгілеп қойдық. Бұлар тек қана шекаралық ауылдар емес, барлық 12 аудан қамтылды. Облыстық мәслихат депутаттарының келісімін алуымыз керек. Содан кейін жариялаймыз», дейді өңір басшысы.
Сонымен...
Батыс Қазақстан облысында «Қаладан – ауылға!» үшжылдық бағдарламасы аясында жаңадан 313 тұрғын үй салынып, ауылдарға көшіп барған азаматтарға 1 146 тұрғын үй сатып алынады деген жоспар бар. Бұған қоса осы уақытта 48 мектеп салынады. Ауыл мектептері білікті ұстаздармен толық қамтамасыз етіледі. 3 пен 6 жас арасындағы балалар да мектепалды тәрбие және білім беру мекемелерімен толық қамтылады. 126 денсаулық сақтау нысаны салынады. 44 мәдениет нысаны салынады және жөндеуден өтеді. Ауылдарда 42 спорт нысаны бой көтереді. Ауылға 120 отбасы көшіп барады. Ауылдық елді мекендерде жаңадан 16,4 мың жұмыс орны құрылады.
Әрине, мұның бәрі әзірге жоспар. Бірақ жеті рет өлшеп, бір кесілген істің нәтижесі болмай қоймайды. Оны уақыт көрсетеді.
Батыс Қазақстан облысы