Әлібек Асқаров – бүгінгі қазақ әдебиетінің абыройлы тұлғасы, қара сөздің хас шебері. Жазушының шындыққа суарылған, көркем тілмен кестеленген, шуақты юморға толы шығармалары оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленіп жүргеніне көптеген жылдың жүзі болды. Кезінде Серік Қирабаев сынды ғалым-сыншының, Шерхан Мұртазадай сирек суреткердің биік бағасын алған «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» романының он рет басылуы – осы ойдың даусыз дәлелі.
Қаламгер кітаптары өзге тілдерге де аударылып, ұлттық сөз өнерінің мерейін тасыта түсуде. Жақында алыстағы Якутиядан жағымды жаңалық жетті: Әлібек Асқаровтың «Адасқан ұрпақ» повесі саха тілінде («Сарбыллыбыт таптал») жарық көрді. Елдің «Айар» атты белді баспасынан шыққан бұл кітапты танымал қаламгер Валерий Луковцев аударған. Қазақ жазушысын «белгілі суреткер» («Биллиилээх суруйааччы») деп бағалаған баспаның аңдатпа сөзінде былай делінген:
«Повесте жас жігіттің жаңа басталған тағдырындағы қызықты жайлар, орындалмаған арман-үміттері мен қамығу-қиналыстары, өмірдегі орнын іздеуі бас кейіпкер атынан әсерлі әңгімеленеді. Ол бастан кешетін тартысты да қауіп-қатерлі оқиғалар шыншылдықпен әрі нәзік юмормен баян етіледі. Кітап қалың оқырман қауымға ар- налған».
Көркем де ойлы безендірілген кітаптың таралымы – 1500 дана. Сахалардың саны жарты миллионға да толмайтынын ескерсек, бұл қомақты таралым екенін бағамдаймыз. Салыстыру үшін қазағының қатары 14 миллионға жуықтаған Қазақстанда кітаптардың орташа 2-3 мың дана болып басылып жүргенін айта кетудің артығы жоқ.