Көкшетау қаласының ең бір көрікті жерінде, орталық алаңға таяқтастам қашықтықтағы аллеяда елордалық өрт сөндіруші Асқар Забикулинге ескерткіш қойылды.
Алдымен Асқардың жұрт жадында сақталған өшпес ерлігін оқырман қауымның есіне тағы бір сала кетелік. 2022 жылдың қараша айында тұрғын үй кешенінде орын алған алапат өртті сөндіру барысында үш адамның өмірін сақтап қалды. Өкініштісі сол, тілсіз жаумен алысып жүріп өзі қаза тапты. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен І дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Ең бастысы, өз қызметін адал атқарған, басына төнген қауіп-қатерден қашпаған есіл ердің артында елді сүюдің, жерді сүюдің, өз жүрек қалауымен таңдаған мамандыққа адалдықтың өміршең өнегесі қалды. Салтанатты сәтте сөз сөйлеген Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің әрдайым ерлікпен өрнектелетін адал еңбектері туралы кеңінен толғап айтып берді.
– Асқар Забикулиннің ерлігі шын мәніндегі шынайы патриотизмнің, парасатты парыздың үлгісі, – деді Бауыржан Сыздықов. – Есімі Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің ғана емес, бүкіл еліміздің тарихында жазылып қалды. Кейінгі ұрпақ, аға буынның өкшесін басып келе жатқан жастар адалдық пен жауапкершіліктің қандай болатындығын алдыңғы буынның өкілі Асқар тәрізді есіл ерлердің өнегесінен алады.
Ескерткіш тақтаға жабылған ақ жамылғы алынғаннан кейін батырдың рухына тағзым етіп келген қауым гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды.
– Ақмолалық құтқарушылар кәсіби іс-қимылдарының арқасында өткен жылы үш жүзден астам адамның өмірін сақтап қалды, – деп атап өтті облыс әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов. – Асқардай ұл өсірген, тәлімді тәрбие берген ата-анасына алғыс айтамыз.
Ескерткіш 3,7 метрлік тұғырға орнатылған. Айналасы әдемілеп абаттандырылған. Көрік беріп тұратын көк өскін ағаш егіліпті. Ұқыпты қолдың табы аңғарылып тұратын тазалықтың реңі ерге деген елдің ыстық ықыласы мен қошеметін білдіретіндей. Бейбіт заманда нағыз батырларға тән ерліктің ерен үлгісін көрсеткен Асқар бейнесі айтып келмейтін апат кезінде намыс пен жауапкершіліктің қашан да бағаланатынын меңзеп тұрғандай.
Көкшетау