Жақында Дубайдағы әлемдік додада Тілек Мұқанбетқалиевтың Кабирхан атты сәйгүлігі Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «Мейдан» ипподромында өткен бәйгеден әлемдік жарыста топ жарып, бас жүлдені иемденгенін білеміз.
Тұлпардың иесі Тілек Мұқанбетқалиев біршама тың дерекпен бөлісті. Оның айтуынша, Кабирханның тұрқын көрген ат сыншылары оны 100 жылда бір туатын тұлпар деп бағалаған. Тоғыз рет бәйгеге шауып, соның сегізінде бірінші, тек біреуінен екінші келген Кабирханға ат ұстаушылардың назары бірден ауған.
«Кабирханды сат дегендер көп болды. Ресейден де сұрады. Бірақ келіспедік. Қанша ұсынғандары құпия болып қалсын. Ең көбі 1 миллион доллар берді, сатпадым», дейді аттың иесі.
Сондай-ақ ол жарыстарға қатысқан сайын Кабирханның рейтингі өсіп жатқанын жеткізді. «Біраз жүлде ұтты. Өз-өзін ақтап қойған. Ресейде 5,5 миллион рубль ұтты, теңгеге шақсақ, 27 миллион теңге. Ал Дубайда 126 мың дирхем жеңді. Енді оны бағаммен есептесек, 35 мың АҚШ доллары», деді Тілек Мұқанбетқалиев.