• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Ақпан, 2024

Аэрация – араша

92 рет
көрсетілді

Қыс елдің апшысын қуыра келді. Қаңтардың басында қақаған аяз апталап тұрып алды. Көкшенің көп көлі сіресе қатты. Мамандардың айтуына қарағанда, көк мұздың қалыңдығы кей жерде 70-80 сантиметр болса, далалық көлдерде метрге жуық.

Су астындағы тіршілікті сақтап қалу үшін оттегі қажет. Сырма боран қар атаулыны қамыс ішіне қуып тыққан. Дала төсіндегі көк мұз құрсанған көлге жетудің өзі оңай-оспақ шаруа емес. Бармай тағы болмайды. Тайыз көлдердегі балық атаулы тұншығып, баудай түсуі әбден ықтимал. Қазір өңірдегі 600-ге жуық су айдынының елуге таяуында аэрация жұмысы жүргізіліп жатыр.

Қыс жаңа түскенде бұл жұмысты жүргізуге болмайтын еді. Қаймыжықтай мұз қауіпті. Қалыңдығы 40-50 сантиметр­ге жетуі керек, әйтпесе техниканы көтере алмайды. Қазір бұл қауіптің қатері сейілген. Кез келген көлдегі мұздың қалыңдығы 70 сантиметрден кем емес. Су айдындарын пайдаланушылар ауамен қоректендіру жұмысына кірісіп кетті. Бұл игі іс көгеріп көктем келгенше жалғасады.

– Таяуда ғана Зеренді ауданындағы Құмдыкөлге барып келдік. Екі мотопомпамен жұмыс істедік. Қазір әрбір аудандағы инспектор көлдерді бақылауға алып, қадағалап жатыр. Көл мұзын ойып, ойыққа қамыс тығып, су астына ауа өтетіндей әрекет жасап жатырмыз, – дейді «Есіл» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бөлім басшысы Нұрлан Кеулімжаев.

Мамандардың айтуына қарағанда, су астындағы өсімдіктерге күннің нұры жеткілікті деңгейде түспе­гендіктен, оттегінің орнына көміртегі көбірек бөлінеді екен. Балық біткеннің еркін тыныс алуына бөгет. Сондық­тан Көкшетау өңіріндегі су айдындарының негізі тайы­з, дала­лық көлдер екенін ескере отырып, оттегімен қоректендіру қажеттігі туындайды. Бұл іске көл жағалай қонған көпшілік те атсалысса құба-құп.

 

Ақмола облысы