Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері желісінің ең төмен мемлекеттік нормативтері бекітілген. Нормативтерге сәйкес республикалық маңызы бар қалаларда 55-165 мың адамға арналған 1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, облыстарда 20-50 мың адамға 1 БЖСМ, облыстың әрбір ауданында кемінде 1 БЖСМ болуы тиіс, деп хабарлайды Egemen.kz аталған ведомствоға сілтеме жасап.
Туризм және спорт министрлігі келтірген статистикалық деректер бойынша дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдер саны 27,3%-ға (984 мың адам) жеткен. Өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде 510 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істеп тұр, оларда 404 мың 035 бала жаттығады. 2022 жылмен салыстырғанда мектептер саны 23-ке, ал оқушылар саны 13 371 адамға көбейген. Балаларды спорт мектептерінде секцияларымен қамту бойынша көшбасшы облыстар: Павлодар (20,7%), Жетісу (17,6%) Солтүстік Қазақстан (18,4).
«Өткен жылдары БЖСМ олимпиадалық емес спорт түрлеріне көбірек көңіл бөліп келді. Бірақ жыл басынан бері көптеген өңір олимпиадалық түрлерге басымдық бере бастады. Елімізде медальға үміт көп «тірек» және медальді көп әкелетін спорт түрлерін дамытуға назар аудару керек», деді сала министрі Ермек Маржықпаев.