Елдегі өзекті экологиялық мәселелерді қозғаған сенатор Советбек Медебаев Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, ауаның, судың, топырақтың шамадан тыс ластану проблемаларын назарға алуды сұрады. Оның айтуынша, Қазақстан кейінгі жылдары 180 елдің арасында экологиялық тиімділік рейтингінде 93-інші орынға түсіп, Намибия, Габон, Зимбабве сияқты елдердің де артында қалған, ал жасыл желекке бөленген елдер рейтингісі бойынша 78 елдің ішінде 72-нші орында тұр. Бұл туралы Egemen.kz жоғарғы Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, Астана, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Жезқазған қалаларында және Теміртаудағы ауа жоғары деңгейде ластанғаны байқалады.
«Ұлытау облысының Жезқазған және Сәтпаев қалаларында аймақтағы өндіріс орындарында зиянды газдарды сүзуге арналған қондырғыларды жаңарту жұмыстарын дер кезінде жүргізбесе өңірдің экологиялық жағдайы күрт нашарлауы мүмкін. Жезқазған өңіріндегі негізгі су көзі - Кеңгір су қоймасы. Ондағы судың сапасы қанағаттанарлық емес, су класы бойынша IV класс ретінде анықталған. Судың сапасын жақсарту бойынша гидрологиялық жұмыстарды жүргізумен қатар, Үйтас-Айдос жерасты су құбырының құрылысын да жеделдету қажет», деді сенатор.
Советбек Медебаев өндіріс орындарының қалдықтары ашық жерлерде үйіліп жатқанына да алаңдаушылық білдірді. Қатты тұрмыстық қалдықтардың көп бөлігі еш сұрыптаусыз шығарылып, қалалық полигондарда жиналып жатыр. Ахуалдың ауқымдылығын ескерген депутат ел азаматтарының денсаулығына елеулі қатер төнуі мүмкін екенін алға тартып, өзекті мәселелерді шешу жөнінде бірқатар шараларды ұсынды.
«Қауіпті қалдықтар мен қоқыстардың мөлшерін азайту мақсатында әлемдік экологиялық стандарттарға сәйкес экожүйе енгізу жолдарын қарастыру қажет. Қалдықтарды, оның ішінде құрылыс қалдықтарын жинауға арналмаған жерлерде заңсыз тасымалдау және шығару фактілерін анықтау үшін тексеру және өзге де шаралар жүргізу арқылы мемлекеттік бақылау шараларын күшейту керек. Жергілікті және орталық атқарушы органдар бірлесіп қалалық, аудандық, ауылдық елді мекендерде тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару, оның ішінде тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинау, тамақ және құрылыс қалдықтарын қайта өңдеу жөнінде инфрақұрылым құру мәселесін қарастыру маңызды», деп атап өтті депутат.