• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Экономика 13 Наурыз, 2024

Экономикалық өсім – 4,2 пайыз

264 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2024 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Сондай-ақ ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын салу мәселесі де күн тәртібіне қойылды.

Инфляцияны бақылау басты назарда

Отырыста алғаш болып сөз алған Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров есепті кезеңде Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,2%-ды құрағанын мәлімдеді. Қаңтар айын­да көрсеткіш 3,9% болған. Нақты сектордағы оң динамика – 5,1%-ға, қызмет көрсету саласындағы динамика 3,5%-ға жеткен. Салалар арасында құрылыс, ақпарат және байланыс, көлік және қоймалау, өңдеу өнеркәсібі ең жақсы өсімді көрсетіп отыр.

Негізгі капиталға салынған инвести­ция­лардың өсу қарқыны 7,9%-ды құра­ған. Олардың көлемі құрылыста – 2,7 есе, білім беруде – 56%-ға, көлік пен қой­малауда – 47%-ға, ақпарат пен байланыс­та – 45%-ға, өңдеу өнеркәсібінде – 37%-ға, ауыл шаруашылығында 12%-ға өскен көрінеді.

«Алдын ала қорытындылар бойынша, 2024 жылғы қаңтарда республиканың сыртқы сауда айналымы 10 млрд доллардан асты. Экспорт шамамен 6 млрд долларды құрап, ондағы өңделген тауарлар экспорты 1,6 млрд доллар, тауарлар импорты 4 млрд доллар болды. Сөйтіп, елдің оң сауда балансы 1,7 млрд долларға жетті», деді министр.

Қаржы министрі Мәди Такиев мем­лекеттік бюджетке 3,2 трлн теңге кіріс түсіп, жоспар 102,5%-ға орындалғанын мәлім­деді. Республикалық бюджет – 1,9 трлн теңгеге, жергілікті бюджеттер 1,3 трлн теңгеге толыққан. Есепті кезеңдегі мем­лекеттік бюджет шығысы 96,6%-ға орындалған.

Үкімет басшысы экономиканың өсу қарқыны сақталып отырғанын құптағанымен, динамиканы әлі де арттыра түсу қажет екенін айтты.

«Министрліктер мен өңірдегі бірін­ші басшылар жоспарды сапалы әрі уақы­тылы іске асыру үшін қажетті шараларды қабылдауға тиіс. Үкімет жұмыла жұмыс істеп, экономиканың барлық саласын тиімді үйлестіруі керек» деген ол, инфляциялық қысымды төмендету керектігіне де баса назар аударды. Екі айдың қорытындысы бойынша инфляция жылдық мәнде баяулап, 9,3%-ды құраған. Бұл ретте Үкімет пен Ұлттық Банк алдында оны 8%-дан төмен ұстау міндеті тұр.

«Күріш, жұмыртқа, жеміс, сусын, сары май және макарон өнімдерінің бағасы қымбаттаған. Бағасы өсіп кеткен позиция саны едәуір көп. Демек бұл орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін көрсетеді», деді Олжас Бектенов.

Инфляцияның ең көп өсуі Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында тіркеліпті.

«Егер өңірлер жергілікті жерде инфляцияны төмендету бойынша қажетті шаралар қабылдамаса, тиіс­ті шешім қабылдау үшін маған дереу баяндауыңызды сұраймын. Тұрақ­тан­дыру қорлары, форвардтық және оффтейк-келісімшарттар, өнім құнын арзан­датуды субсидиялау, баға тұрақ­тылығын қамтамасыз ету бойынша сауда субъектісімен келісім жасау сияқты пәрменді тетіктерді белсенді пайдалану керек», деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар импортқа тәуелді өнім өндірісін кеңейту және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіруге арналған басым дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту қажет. «Әкім­дер делдалдық схемаларды анықтау жөнін­дегі өңірлік комиссиялар жұмысының тиім­д­ілігін арттыруға тиіс. Орталық және жер­гілікті атқарушы органдарға инфля­цияны бақылау және төмендету жөнін­дегі шаралар кешенін сапалы орын­дау­ды тапсырамын», деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы инвестиция тарту үшін дайын инфрақұрылымның қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды екенін қадап айтты. Қазіргі кезде тозу деңгейін азайту үшін электр­мен, жылумен және сумен жабдықтау желілерінде белсенді түрде жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лық инфрақұрылымын жөндеу және реконс­трукциялау жөніндегі барлық іс-шара сапалы жүзеге асырылып, уақты­лы аяқталуға тиіс. Бұл ретте сатып алу бары­­сында отандық өндірушілерді қол­да­у­ға барынша басымдық берілуі қажет. Сон­дай-ақ әзірленіп жатқан Ұлттық инфра­құрылымдық жоспарда тіршілікті қам­тамасыз ету жүйелерін нығайтуға бағыт­талған жобаларды көздеген жөн», деді ол.

Премьер-министрдің айтуынша, экономикалық саясат басымдығының бірі – мемлекеттің экономикадағы үлесін кезең-кезеңмен қысқарту және баршаға тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету. Осы саясатты іске асыру кешенді жекешелендіру және мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелестік ортаға беру арқылы сүйемелденгені жөн.

«Біз мемлекеттің экономикадағы үлесін 2025 жылдың соңына қарай ішкі жалпы өнімнің 14%-ына дейін қыс­қар­туға тиіспіз. Биыл Кешенді жеке­ше­лен­діру жоспарын 90%-ға іске асыру қажет», деді.

 

Қайта өңдейтін 37 зауыт іске қосылады

Отырыста ірі қалаларда қатты тұр­мыс­тық қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын салу мәселесі қаралып, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру тетігін бекіткенін еске салды. Бұл қоқыс таситын көліктерді сатып алуға, сұрыптау желілерін іске қосуға және қайта өңдеу қуаттарына қатысты. Қаржыландыру Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 3 жылдан 15 жылға дейінгі несие беру мерзімін және 3%-дық сыйақы мөлшерлемесін қарастырады.

Бүгінде 232 млрд теңгеден асатын 94 жоба іріктеліпті. Оларды іске асыру төсемтастарды, люктерді, қоқыс жәшіктерін, шыны ыдыстарды, стрейч пленкаларын және басқа да халық тұтынатын тауарлар шығаруды жолға қоюға мүмкіндік береді. Қуаттылығы жылына 3 млн тоннадан асатын сұрыптау желілерін салу және жаңғырту бойынша өңірлер арқылы 21 жоба пысықтал­ған. Жобаларды іске асыру сұрыптау желілері­нің қуатын қазіргі 1,7 млн тоннадан 4,7 млн тоннаға дейін жеткізуге, сондай-ақ еліміздің барлық өңіріндегі қалалар мен ірі елді мекендерді қамтуға мүмкіндік береді.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды қай­та өңдеу бойынша жалпы қуаттылығы жылына 1,2 млн тоннадан асатын жаңа 37 зауыт салу және жұмыс істеп тұр­ған 8 зауытты жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл өңдеу көлемін жылына 1,4 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік тудырады. Тақырыпқа орай, Қаптамашылар қауымдастығының басқарма төрағасы Батырбек Әубәкіров жаңа өндірістерді құру және қолданыстағы қуат көздерін жаңғырту туралы баяндама жасады.

Премьер-министр өңірлерде әлі күнге коммуналдық қалдықтарды ұтымды жинау мен шығаруға және оларды сұрыптап, қайта өңдеуге жеткілікті көңіл бөлінбей жүргенін атап айтты. Салдарынан оңды-солды рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері пайда бола бастаған. Оларды жою мәселесі де уақытылы шешілмейді.

«Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, дамыған елдер тұрмыстық қалдықтарды қайтадан өңдеп, барынша кәдеге жаратады. Ал бізде жиналған қоқысты жерге көме салу, тіпті болмаса таудай қылып үйіп қою үйреншікті жағдайға айналды. Бұл елді мекеннің көркін бұзумен қатар, ешқандай санитариялық, экологиялық нормаларға сай келмейді», деді Олжас Бектенов.

Тамақ қалдықтарын кәдеге жарату мен қайта өңдеу мәселелері де шешімін таппаған. Осыған байланысты қалдықтарды жинаудан бастап, қайта өңдеуге дейін кәдеге жаратудың тиісті тетіктерін әзірлеу қажет.

«Министрлік пен өңірлер бұл жұмысты созбалаңға салып жіберді. Кәсіпорындардың көпшілігі қайталама шикізатты жинаумен, оны буып-түйіп, шетелге сатумен ғана айналысады. Ал қалдықтарды қайта өңдеп, түпкілікті өнім шығарып отырғандар аз», деді.

Ол жақсы мысал ретінде Солтүстік Қазақстан облысындағы «Радуга» компаниясы полиэтилен мен қағаз қалдық­тарын қайта өңдеп, халық тұтына­тын әртүрлі тауар өндіріп отырға­нын айтты. Шымкентте «Еврокристалл» компа­ния­сы шыныны қайта өңдеп, ыдыс-аяқ шығарады. Алматы облысында «KZ recycling» компаниясы макулатурадан қағаз өнімдерін шығарады. Ал Қызыл­орда­да әрбір аудан қалдықтарды қайта өңде­уге қатысты өз жобаларын іске асырып жатыр.

Бұл ретте Үкімет басшысы Атырау, Ақтөбе және Абай облыстары көптен бері қалдықтарды сұрыптау желісін іске қоса алмай тұрғанын атап өтіп, бүкіл әлемде қоқысты қайта өңдеу табысты бизнес болып отырғанын, Қазақстан да бұл бағытта замана көшінен қалмауға тиіс екенін айтты.

«Осындай жобаларды іске асыру кезінде кәсіпорындарды экономика­лық жағынан ынталандырудың тиімді тетіктері енгізілуі қажет. Оның үстіне, коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу мен сұрыптау жобалары 15 жылға 3% жеңілдікті мөлшерлемемен Өнер­кәсіпті дамыту қоры арқылы қаржы­ландырылатын болады», деді.

Қалдықтар жинау, тасымалдау және қайта өңдеуді жүзеге асыратын кәсіпорындар үшін ЭкоҚолдау төлем бағдарламасының тетігі қайта іске қосылғанын айтты. «Қалдықтармен жұмыс істеудің нақты жүйесі эконо­микалық және экологиялық әсер беріп қана қоймай, кәсіпорындар ашуға, жаңа технологиялар тартуға, жұмыс орындарын құруға да ықпал етеді», деп қалдықтарды қайта өңдеу саласына инвесторлар тартудың қосымша тетіктерін әзірлеуді, тиісті инфрақұрылымдық жобалар бойынша өтінімді жеделдетіп қарау шараларын қабылдауды және толық пайдалануға берілгенге дейін әрбір жобаны қолдауды қамтамасыз етіп, салада басталған барлық жобаны іске қосу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.