Журналист Ағабек Қонарбайұлының «Шынайы өмірде болған ой салар оқиғалар» кітабы жарық көрді. Республикалық «Айқын», «Дала мен қала», «Жас қазақ» газеттерінде мақалалары жарияланып, көзіқарақты көпшілікке қауымға есім-сойы кеңінен танылған Ағабектің бұл – екінші кітабы. Бұған дейін «Машақат пен марапат» кітабы да көпшіліктің ыстық ықыласына кенелген еді.
«Кітап жазудың өз жауапкершілігі, салмағы бар. Оқиғалардың шынайылығына көз жеткізу мақсатында бірнеше қалаға баруға тура келді. Кейіпкердің өзімен немесе сенімді куәгермен кездесіп, ғибратты оқиғаларды боямасыз жеткізуге, тағылымы мол жайттарды баяндауға тырыстық», – дейді автор.
Атауы әйгілегендей, екі жылдық табанды еңбегінің өтеуіне жарық көрген кітабында автор өмірде көрген ғибратты оқиғалардан алған өнегесін баяндайды. Қоғамда сетінеп бара жатқан бауырмалдық пен қайырымдылық қасиет турасында толғаған әр оқиғаның апарар ұйығы біреу ғана – ізгі амал.
Абдулла ибн Мүбарактың «аз амалды ниет көбейтеді, көп амалды ниет азайтады» дегені тегін емес. Көп адамның ақ адал ниетіне бой көтерген мешіт турасында, батыр Бауыржан Момышұлының өз пәтерін қарт әжейге берген мәрттігі, екінші дүниежүзілік соғыста 300-ден аса әскери тапсырманы орындап, әуеге ұшқан Кеңес Одағының екі дүркін Батыры атанған жалғыз қазақ Талғат Бигелдиновтің ажалдан қорғанған амалы, Құнанбай қажының Қарқаралыда бөренеден қиып салдырған мешітінің мұрты да бұзылмай бүгінге дейін қалай сақталғаны жөнінде осы кітапта айтылады. Тұп-тура бір ғасыр бұрын, 1924 жылы шолақ белсенділер Абайдың әкесі салдырған Алланың үйін өртеу пиғылымен бірнеше рет от қойған. Осындай қысастың талайын көрген мешіттің бүтін сақталуы да қамқор жандардың ізгі амалынан екенін автор тереңдей толғайды.