Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында қызметтің барлық бағыты бойынша нақты міндеттер қойғаны мәлім. Міндет үдесінен шығу үшін өңірде бұл тарапта қандай жұмыс атқарылып жатыр? Тілшіміз Ақмола облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция полковнигі Нұрсұлтан МҰҚАШЕВҚА жолығып, әңгімелескен еді.
– Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жұртшылықтың пікіріне құлақ асатын, халықтың көкейіндегі ойды дөп басып, қиын түйіннің күрмеуін шешуге ұмтылатын полиция неғұрлым табысты жұмыс істемек. Өңірде бұл тарапта қандай өзгерістер бар?
– Біз үшін халықтың пікірін білу – өте маңызды. Қоғаммен етене жақын жұмыс істеудің айрықша маңыздылығын ескере отырып, апта сайын жеке қабылдау өткіземін. Аумақтық бөлімшелерде де азаматтарды қабылдаймын. Осы арада өңірдегі кез келген азаматтың департамент бастығына да, аумақтық бөлімшелердің басшыларына да жеке қабылдауға келе алатындығын екпін түсіріп айта кетуге болады. Департаменттің басшылық құрамынан басқа, әкімшілік учаскелерде инспекторлар қызмет етеді. Олар да халықпен етене жақындасып, тиімді жұмыс істеп келеді. Сенім телефоны да – тиімді байланыс өткізетін тәсіл. Қолданыстағы заңнамада құқық тәртібін қамтамасыз етуге жәрдемдесуге ниет білдірген азаматтарды полицияның ерікті көмекшілері қатарына қабылдау көзделгенін де айта кету керек. Бүгінде олардың жалпы саны 500-ден асады. Бұл – ең алдымен арлы азаматтықтың, елге, қоғамға жаны ашу сезімінің жоғары екендігін көрсететін жай.
– Жалпы, еріктілер қызметі туралы сәл таратып айта кетсеңіз.
– Еріктілер ұйымдарының әрқилы себеппен жоғалып кеткен азаматтарды іздеуге тигізетін қолғабысын ерекше атап өтуге болады. Біз қазір өңірдегі барлық еріктілер орталығымен ынтымақты жұмыс істейміз. Әлеуметтік желілер мен интернет ресурстардың мүмкіндігі де ұшан-теңіз. Облыс еріктілері бұл мүмкіндікті жақсы пайдаланады. Жоғалған адам туралы мәліметтерді қас қағым сәттің ішінде кеңінен таратып, көпшілікті құлақтандыруға болады. Маңызды ақпарат болатын болса, ол жайында еріктілер полиция қызметкерлеріне жедел хабар бере алады. Іздеуге байланысты бірлескен іс-шаралардың мұндай тәжірибесі қашанда оң нәтиже береді. Біз бүгін әлеуметтік желі арқылы халықпен байланысты жетілдіре түсудеміз, желілерде 44 мыңнан астам жазылушы бар.
Өткен жылы бірлескен күш-жігердің арқасында қылмыстық құқықбұзушылықтың саны айта қаларлықтай қысқарды. Мәселен, ауыр қылмыс санатындағы оқиғалар 9 пайызға төмендеді, кісі өлтіру – 21,2, зорлау – 33,3, қарақшылық шабуылдар – 75, бұзақылық оқиғалар 36,7 пайызға азайды. Алдын алу шараларын ұтымды ұйымдастырудың арқасында мүліктік қылмыстардың деңгейі төмендеді. Мәселен, ұрлық – 22,9, пәтер тонау – 24,7, мал ұрлығы 9,2 пайызға азайды.
Өткен жылдың қараша айынан бастап облыс орталығында құқыққа қайшы әрекеттермен төтенше жағдайлар туындаған жағдайда полиция қызметкерлерін шұғыл шақыруға арналған 10 «SOS» кешені пайдалануға берілді. Азаматтар осы құрылғының батырмасын басқан кезде жедел басқару орталығының полиция қызметкерімен лезде байланысқа түсуге мүмкіндігі бар. Полиция департаменті әлемдік озық технологияларды өз қызметіне мүмкіндігінше молынан енгізіп келеді. Кіріктірілген бейнекамераның көмегімен бейнежазбаға түсіру қамтамасыз етіледі. Барлық дерек жүйемен автоматты түрде бекітіледі. Мұндай жаңашылдық азаматтардың кез келген өтініштеріне уақтылы ден қойып, тиісті шара қабылдауға мүмкіндік беріп отыр. Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен үнемі жетілдіріліп келе жатқан бейнебақылау жүйесі тиімді екендігін дәлелдеп келеді. Облыс аумағында 59 мыңға жуық бейнебақылау камерасы бар. Оның ішінде полиция департаменті мен өзге операторлардың есебінде тұрған 12 мыңнан астам камера бар. 2023 жылы жедел басқару орталықтарына және қалалық, аудандық полиция қызметкерлерінің кезекші бөлімдеріне 1453 камера қойылды. Облыс орталығында қосымша 10 камера орнатылып, 20-сы жаңартылды. Аудандарда да біршама жұмыс атқарылып жатыр. Өткен жылы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Зеренді және Астрахан аудандарында 5 көше камерасы, Шортанды кентінде 7 камера орнатылды. Жібек жолы аулында 97 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді.
Әкімшілік іс жүргізудің барлық үдерісі де электрондық форматқа ауыстырылды. Қылмыстық істер электрондық форматта тергеледі. Бұл жаңалық тергеу мерзіміне оң әсер етеді әрі полиция қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетеді. Барлық учаскелік полиция инспекторлары, ювеналды және патрульдік полицияның саптық бөлімшелерінің қызметкерлері планшетпен жүз пайыз қамтамасыз етілген. Қазір жол қауіпсіздігі ережелерін бұзу оқиғаларын анықтау және алдын алуда тіркеудің «Автоураган», «Еkin Patrol» жүйелерін қолданамыз.
Жол-көлік оқиғаларының 10,1 пайыз төмендегеніне қарамастан, күре жолдағы қасірет азаймай отыр. Өткен жылы 587 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның 286-сы облыстың елді мекендерінде, 223-і республикалық және облыстық маңыздағы жол бойында болды. Мұндай оқиғалардың әрқайсысы қоғамды алаңдататыны сөзсіз. Біз жол-көлік оқиғаларының себептерін мұқият талдадық. Алдағы уақытта жағдайды біршама жақсартатын бастамаларды әзірлеп, қолданысқа енгізе бастадық. Тіркелген оқиғаларды мұқият талдаған кезде оқыс жағдайлардың негізінен жүргізушілердің кінәсінен болатындығы анықталып отыр. Талдап қарайтын болсақ, ең алдымен, жылдамдықты шектен тыс арттыру. Мұндай оқиғалар 198 рет қайталанған. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер, қарсы жолаққа шығып кету, көлік жүргізушілерінің шаршауы себеп болады. Қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында жол үстіндегі жылдамдықты бақылау үшін 57 автоматты жүйе жұмыс істеп тұр. Оның ішінде екеуі – «Еkin Patrol» жылжымалы кешені. Өткен жылы панорамалық бейнетіркеуі бар арнайы жылжымалы ақпараттық, бағдарламалық екі кешен сатып алынды. Жаяу жүргіншілер, балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын азайту үшін 32 жаяу жүргіншілер өткелі, 96 макет, қызыл-көк түсті 126 строб шамы және реттелмеген жаяу жүргіншілер өткелдерінде 12 проекциялық жарақтандыру жабдықталды.
– Нұрсұлтан Маратұлы, кейінгі уақытта отбасылық зорлық-зомбылық өршіп кеткені белгілі. Кейбір тұрмыстық қылмыстар да осындай жағдайларға байланысты туындайды. Бұл тарапта қандай нақты жұмыстар атқарылып жатыр?
– Ең алдымен шағым түскен әрбір отбасы ерекше бақылауға алынатынын, кейін жағдайдың ақ-қарасы анықталған соң, қатаң шаралар қабылданатынын атап айтқым келеді. 2023 жылы 3700-ден астам ұйғарым шығарылып, 1148 рет ерекше талап қойылды. Жанжалға бейім отбасылармен жұмыс істеуге ерекше назар аударамыз. Қазір есепте 632 қолайсыз отбасы бар. Мұндай отбасыларда 800-ден астам бала тәрбиеленеді. Мәселенің ең түйінді жері де осы. Қазақта «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді. Күнделікті көргендері ата-ананың кикілжіңі болса, жас ұрпақ қандай тәрбие алмақ? Учаскелік инспекторлар мұндай отбасылардың тұрғылықты жері бойынша тиянақты жұмыс жүргізеді.
– Кейінгі жылдары қылмыс түрлерінің статистикасы өзгерген тәрізді.
– Кейінгі бес жылда қылмыстың ең көп тараған түрі – біреудің мүлкін ұрлау болса, кейінгі екі жылда интернет ресурстары мен мобильдік қосымшалар арқылы жасалатын алаяқтық күрт көбейді. Өткен жылы интернеттегі алаяқтықтың өсуі 46,7 пайызды құрады. Бұрнағы жылы 764 оқиға орын алса, өткен жылы 1121 алаяқтық оқиғасы тіркелді. Олар негізінен – интернет немесе ұялы байланыс арқылы әртүрлі тауарлар мен қызметтерді сату, сондай-ақ онлайн несиелеу арқылы жасалатын қылмыстар. Полиция қызметкерлері, әрине, қол қусырып қарап отырған жоқ. 100 интернеттегі алаяқтық қылмыс ашылып, 90 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Мәселен, Көкшетау қаласында 6 дроппер ұсталды. Олар басшыларының нұсқауы бойынша жол-көлік оқиғасы болды деп туыстарынан қаражат талап еткен. Жалпы шығыны – 24 миллион теңге. Күні бүгінге дейін екі қылмыскер ұсталып, үш адам сотқа тартылды. Мұндай қылмыстармен күресу үшін «Киберпол» соққы-нысаналы тобы құрылды. Оның құрамында ІТ саласының білікті амандары да бар. Халықты киберқылмыс жасаудың заманауи тәсілдері туралы ақпараттандыру мақсатында БАҚ, әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Заңсыз мазмұнды ақпараттарды бұғаттау қолға алынған. Мұндай қылмыстың алдын алу шарасының бір парасы – банк клиенттері, банк карталары және мобильді қосымшаларды пайдаланушыларды сақтандыру. Азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюдың арқасында интернеттегі алаяқтарды уақытында залалсыздандыруға және сол арқылы көпэпизодты қылмыстардың жолын кесуге қол жеткізіп отырмыз.
– Ендігі бір сауал есірткі каналдарының жолын кесу төңірегінде. Ғасыр қасіретінің қоғамға төніп келген қара түнегін қалай сейілтеміз?
– Осыдан бірнеше жыл бұрын ауыр есірткілерді жеткізетін жолдарды жапсақ, қазір әдеттегі сатушы мен сатып алушы схемасының орнына жаңа тәсілдер пайда болды. Есірткі сатушылардың айла-шарғысы, әдістері де өзгерді. Әйтсе де, қоғамның көзқарасы үміт отын тұтандырады. «Феникс», «Өмір», «Өмір жолы» еріктілер қозғалыстары мен ел ертеңіне бейжай қарамайтын азаматтар зор көмек көрсетіп отыр. Деміккен дерттің делебесін дүйім жұрт болып жұмыла ауыздықтағанда ғана басып, алапат кеселдің алдын ала аламыз. Қазіргі күні синтетикалық есірткінің жолын кесу бағытында бірқатар шара қолға алынып жатыр. 2023 жылы 251 қылмыстық құқықбұзушылық анықталды. Заңсыз айналымнан 217 килодан астам есірткі заты тәркіленді.
Ендігі бір айта кететін мәселе – кадр даярлау ісі, біз жас полиция қызметкерлерін тәрбиелеуге ерекше назар аударамыз. Олардың кәсіби шеберлігі ғана емес, адамгершілік ажары, кісілік келбеті де ескеріледі. Департаменттегі тәлімгерлік институты жанданып келеді. Аға буынның өнегелі өмір жолы жолсілтер темірқазық іспетті. Алдыңғы толқын ағалардың, ақсақалдардың көмегі зор. Түптеп келгенде полиция қызметкерлері елмен бірге қоян-қолтық жұмыс істегенде ғана алдымызға қойған міндет жүгін еркін еңсереміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Egemen Qazaqstan»