Өткен жылдың маусым айында Ақордада “Мәдени мұра” бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысына Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзі төрағалық етіп, осы Бағдарламаның бірінші кезеңіне оң баға бере келе, екінші кезеңде жүзеге асырылатын бірқатар бағыттар мен басымдықтарды айқындап берген еді. Мемлекет басшысы бірінші бағытта ұлттық символдарымызды қалыптастыруға көңіл бөлу керектігін айтып, Есік, Берел қорғандары, Түркістан мен Отырар, Ұлытау мен Сарайшық сияқты тарихи-мәдени ескерткіштерді атаған болатын.
Содан бергі кезеңде Қоғамдық кеңес Елбасы тапсырмасын орындау бағытында біршама шаруалар атқарыпты. Кеңес жиындары бұрынғыдай Астана мен Алматыда ғана емес, нақты тарихи-мәдени нысандардың басында өткізіле бастаған. Бұған дейінгі басқосудың бірі Алматы облысындағы Есік қорымында өтіп еді. Соңынан Түркістан мен Отырар аумағында да алқалы жиын болды. Енді, мінеки, Өр Алтайдың төрінде, үш мемлекеттің шекарасы қиылысқан Қазақ елінің қиыр шығысында жатқан Берел мемлекеттік қорық-мұражайы басында да келелі кеңес өткізілді. Мұндай отырыстар қордаланған мәселелерді шешуде оң нәтиже беріп жүр.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
“Мәдени мұра” бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің бұл шағын тобын Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, осы Қоғамдық кеңестің төрағасы Мәулен Әшімбаев бастап апарды. Топ құрамында Парламент Сенатының депутаты, академик Ғарифолла Есім, Парламент Мәжілісінің депутаты Ержан Рахметов, Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, белгілі жазушы Әлібек Асқаров, Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қойшығара Салғараұлы, Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева, Туризм және спорт вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, Мәдениет комитетінің төрағасы Ілияс Қозыбаев, Берел қорығын ашқан белгілі ғалым Зейнолла Самашев, Мәдениет министрлігінің бір топ жауапты қызметкерлері, облыстық мәдениет басқармасының басшылары болды.
2009-2011 жылдарға арналған “Мәдени мұра” бағдарламасын іске асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің Берелдегі көшпелі отырысын Кеңес төрағасы Мәулен Әшімбаев ашты.
– Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 2004 жылдан бері іске асырылып келе жатқан “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы ұлттық руханиятымыздың көне жәдігерлерін халқымызға қайтарып, тарих және мәдениет саласын тағы бір сатыға көтергені мәлім, – деді Мәулен Сағатханұлы. – Бағдарламаның басты мақсаты – ел өңірлеріндегі мәдени-тарихи, мемориалдық ескерткіштер мен ескерткіш орындарын есепке алу, қалпына келтіру, мұражайландыру, ашық, жабық экспозицияларға айналдыру арқылы ежелгі қалалар, зираттар, мазарлар, кесенелер кешені, басқа да орындар мен жәдігерлерді адам танымы мен тәрбиесіндегі жанды құралы ретінде ғылыми айналымға қосу болып табылмақ. Ал бүгінгі отырыстың мәні зор. Мұнда келудегі мақсат – Берелді ел игілігіне жарату болып табылмақ. Бұл тарихи орындар болашақта елді біріктіруші құндылықтар ретінде қалыптасуы қажет. Сондай-ақ Берел дүние жүзінен туристер тартатын ірі мәдени туризм орталығы ретінде өркендеуі тиіс. Яғни, “Берелді” тарихи орын және туризм орталығы ретінде дамытуды Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі тапсырып отыр. Сондықтан, Елбасы тапсырмасын түрлі сылтаулар айтып, жылдан-жылға соза бермей, нақты шараларды қолға алуды сұрар едім.
Келген қонақтар алдымен “Патшалар алқабы” деп аталып кеткен жазық үстіндегі Берел қорымына барды. Қорым басында Берелден табылған әшекей бұйымдардың көрмесі ұйымдастырылыпты. Кеңес мүшелері осы арада археолог Зейнолла Самашевтың әңгімесін зейін қоя тыңдады.
Қысқасы, бұған дейін Берел туралы оқып-біліп жүрсе де оның не екенін көз алдарына елестете алмай жүрген Кеңес мүшелері енді оны өз көздерімен көрді, проблемаларына бойлап, көптеген жайға қанығып қайтты. Біршама мәселелер сол арада өз шешімін тауып жатты. Кеңеске қатысушылардың бұл сапардан алған әсерлері ұшан-теңіз болды.
Әсіресе, жиынға қатысушылардың Берел қорғандарын аралап көргендері тартымды болды. “Бұл арадан табылған ескерткіштер темір ғасырмен белгіленеді, таспен көмкерілген 31 оба-қорғаннан тұрады. Қорғандарда сақ тайпаларының көсемдері жерленген. Қорымның бәрі таспен қаланып, қорған сияқты үйіле берген”, – деді профессор З.Самашев.
Тарихшылар Алтайды ұлы даланың кіндігі деседі. Осы аймақта ежелгі дәуірлерде скиф-сақ және сармат тайпаларының мекендегенін жазады. Олар ат құлағында ойнаған жауынгер, батыр болған. Бұл жерден табылған қазба байлықтары – сол кездің өзінде адамдардың металл қорытып, зергерлік бұйымдарды шеберлікпен жасағанын аңғартады. Олар жасаған бұйымдар, темір және ағаштан қиыннан қиыстырып түрлі әшекейде келтірілген заттар бүгінгі зергерлердің өзін таңғалдырады. Ал бұл осыдан төрт мың жыл бұрын жасалған дүниелер! Төрт мың жыл... қайтіп бұған мақтанбассың!
Берелден табылған сақ патшасы да, оның зайыбы да алтынмен апталған киім-кешегімен жерленген. Олардың қасынан бірге жерленген 13 ат табылды. Қорған асты қолдан жасалған мәңгілік тоң. Соның арқасында мәйіттің киімі, ат әбзелдері, ағаштан жасалған өзге де бұйымдар, ертоқым, маталар, ағаш ыдыстар, тері мен киіз бұйымдары сол күйінде сақталған. Сол кездегі адамдардың денені балзамдауды терең меңгеріп алғаны да қайран қалдырады. Сақталған аттың бір кесек етін итке тастағанда, ит ешбір талғамастан әлгі етті қылғытып жеп қойған. Бұл адам нанғысыз оқиға емес пе!
Көне номадтар өнерінің үлгілері – бүгінгі қазақтардың декоративті қолданбалы өнерінің бастауы деп білген жөн. Берел қорғандарынан табылған көне дәуірдің көшпенділер мәдениетіне жататын құнды заттары әлемнің ғылыми және мәдени жұртшылығы үшін ерекше маңызды. Осыны ескеріп, Берел қорғаны жанынан ашық мұражай ашып, оны халық игілігіне жарату жұмыстары басталмақ. Ашық мұражай ашу жөнінде Үкіметтің арнайы шешімі бар. Осы шешім бойынша екі жыл бұрын бұл жерден қорық-мұражай ашылған.
Бұдан кейін М.Әшімбаев бастаған топ қарағайдан салынған мұражайдың жаңа офисіне кірді. Бұл жерде патшаның аты, түрлі әшекей заттар, Катонқарағай ауданында өндірілетін бал, марал пантасы, басқа да бұйымдар көрмесі ұйымдастырылыпты. Аудан әкімі Серік Зайнулдин ауданның экономикалық ахуалы жайын айта келіп:
– Облысымызда туризмді дамыту жөнінде арнайы бағдарлама қабылданған. “Рахман қайнары” шипажайының атақ-даңқы облысты былай қойып, шетелдіктерге де жақсы таныс. Жаз маусымында бұл арада орын болмай жатады. Бұған қосымша қазіргі уақытта “Екі дос” деп аталатын коттедждер кешені, пантымен емдейтін онға тарта өзге де шипажайлар жұмыс істеуде. Облыстық мәслихаттың депутаты Темірбек Исабаев жақында ғана Катон ауылында екі қабатты шипажайды пайдалануға берді. Яғни, бізде туризм кластері қолға алынып жатыр, – деді.
Ауданда өндірілетін бал тағамдарының дәмін татып жатқан кезде өңір басшысы Бердібек Мәшбекұлы бұрын біз естімеген мынадай бір қызық ойды ортаға тастаған. Облыс әкімі: “Катонқарағайлықтар жыл сайын ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде облыста алдыңғы орынды ешкімге бермей келеді. Биыл аудан бойынша түлектер орта есеппен 95,4 балл жинады. Бұл Қазақстан бойынша жоғарғы көрсеткіш. Неге олай? Себебі неде? Міне, жұмбақ қайда жатыр... Мен ойлаймын, керемет тұнық таза ауа, тамылжыған табиғат, шәрбат қымыз, сосын Алтайдың аты мәшһүр балы... Мінеки, осыларды пайдалану – адамның денсаулығына ғана емес, миын дамытып, ой-өрісін кеңейтуге үлкен себепші сияқты. Осы ой түрткі болып, биыл біз арнайы бағдарлама қабылдадық. Күн сайын шәкірттерге 20 грамм бал береміз. Ал бал дегенің бізде жетеді. Күніне бір стақан сүт берудің де пайдалы жақтары бар екен. Жапондар күн сайын бал мен сүтті рационға енгізген көрінеді. Бұл елдегі адамдардың орта жасы 80-нен асады. Аманшылық болса, енді он-жиырма жылдан кейін біздер де сондай жетістіктен үміттіміз”, – деп ойын айтқан болатын.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев атбасын бұрып, Берелдің жай-күйімен танысуға арнайы келгендері үшін Мәулен Әшімбаевқа, халық қалаулылары мен сыйлы қонақтарға ризашылығын айтты. Шынында да, Берелге қазір бүкіл еліміз құлақ түріп отыр. Маңызы аса зор қорық-мұражайды неғұрлым тез пайдалануға берсек елдің де рухы биіктеп, еңсесі көтеріле бермек. Себебі, Берел қорымы мәдениетіміздің асыл қазынасына жатады.
– Мәдени мұраларды болашаққа жеткізу жөнінде облыста арнайы бағдарлама қабылданған. Шіліктідегі қорымға Үкімет қаржы бөлген, өз тарапымыздан біз де көмек берудеміз. Биыл жолдарды жөндеуге 5 миллиард теңге қаржы қарастырылып отыр. Зейнолла Самашев ағамыз “Қазақ байлығын дүние жүзі білсін” деген пікір айтты. Оған мен қосыламын. “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша Өскемендегі қазақ драма театрының жобасын бастап кеттік. Оған 50 миллион теңге қаржы бөлінді. Қазіргі театрдың іргетасы сонау 1898 жылы қаланған екен, жүз жылдан асыпты, яғни жаңасын салатын уақыт жетті. Ал Берелдегі ашық аспан мұражайына бірнеше мініс атын бөліп, өз қаражатымызбен қоршауын жасатуға толық мүмкіндігіміз бар, – деп, өңір басшысы уәдесін беріп салды.
Профессор З.Самашев өз сөзінде Берелдің қазіргі жай-күйімен таныстырып өтті. Оның айтуынша, ашық мұражай салудың болашақ ұрпаққа тәрбиелік мәні үлкен. Біздің дәуірге дейін ІІІ ғасырдағы Қытай императоры Цинь Шихуандидің балшықтан жасалған жауынгерлер бейнесі, Оңтүстік Кореядағы Силла заманының қорғандары, Оңтүстік Америка мен ежелгі Египеттегі храмдар – жұрт көп жиналатын тарихи орындар. Ендеше, біз неге Берел қорғанын тездетіп бітіріп, ашық мұражайды туризм орталығына айналдырмаймыз?
Берел қорғандары 186 гектар аумақты алып жатыр. Мұның 174 гектары шаруа қожалықтарының иелігінде екен. Үкімет қаулысымен бұдан екі жыл бұрын 186 гектар жер Берел мұражайына беріліпті. Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Дулатқызы жерді ресімдеуде әлі де түйткіл мәселелердің орын алып отырғанын тілге тиек етті. Қаржы бөлу мәселесін қарастырған кезде жерді меншікке толық өткізбейінше бұл жерде шикілік шығып қалу мүмкіндігін айтты. Облыс әкімі Б. Сапарбаев бұл мәселені шешуге көмектесетінін айтты.
2007 жылы әкімшілік корпусы, гараж және мұражай қызметкерлеріне арналған екі тұрғын үй құрылысын салу қолға алынған. Қазір әкімшілік корпустың ішіне кірсе-шыққысыз, жайнап тұр. Алайда, тұрғын үйлердің құрылысы әлі толық аяқталмапты. Оны аралап көрген кезде М.Әшімбаев бұл мәселені тез шешуді тапсырды. Құрылыс басталған кезден 86 миллион теңге қаржы бөлініп, ол толық игерілген. Мұндағы жұмыстарды толық аяқтау үшін әлі 100 миллион теңгеден астам қаржы керек. Берел мұражайының директоры, табиғат жанашыры ретінде елге бұрыннан танымал азамат Ерен Жұмағұлов та құрылыстың созылып кеткеніне алаңдаушылық білдіріп отыр.
Берелде проблемалар жеткілікті екен. Бұл жайлы Қоғамдық кеңес отырысында аз айтылған жоқ. Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева “Мәдени мұра” бағдарламасының жүзеге асуына Мәдениет министрлігінің ерекше көңіл бөліп отырғанын, қаржыны бөлу үшін оны сөзбұйдаға салмай, нақты дәлелдеу керек екенін, сөйтіп, құзырлы мекемелерге құжатты дұрыс өткізу керектігін айтты. Биылғы жылы сондай құжаттар дер кезінде дұрыс толтырылмай қалған. Нәтижесінде қаржы бөлінбеді. Енді келесі жылға қажет қаражатты толық бөлу мәселесін мықтап назарда ұстаған жөн. Сенат, Мәжіліс депутаттары Ғ.Есім мен Е.Рахметов бұл мәселелердің оң шешім табуына қолғабыс ететін болып келісті.
Тағы бір проблема – жол мәселесі. Өскеменнен Катонқарағайға, одан Өрел, Жамбыл ауылдары арқылы Берелге (450 шақырым) жету оңай шаруа емес. Рас, Жамбыл ауылына дейін жол тегіс, сапалы тас жол. Ал Жамбылдан Берел қорымына дейінгі 21 шақырым жауынды-шашынды күндері жүруге қауіпті. Ең алдымен, осы жолды жөндесе оң болар еді. Сондай-ақ Өрел мен Берел ауылдарына баратын жолмен қорық-мұражайды жалғастыру да жобада бар. Бұл ең тиімді әрі төте жол болмақ. Ол үшін Бұқтырма өзеніне көпір салу қажет.
Кеңес мүшелері сондай-ақ телефон желісін тарту, Интернетті қосу, басқа да инфрақұрылымдарды қалпына келтіру мәселелерін нақтылады.
З.Самашевтың мына бір сөзі елең еткізді. Жақында “Дискавери” телеарнасы Берел қорымынан табылған ұлттық құндылықтар жайлы француздардың түсірген фильмін көрсетіпті. Тек бір-екі қазақ баласын жылт еткізіп көрсеткен де қойған. Қазақстан емес, бейне-бір басқа бөтен ел туралы фильм бе деп қалдық. Сондықтан Берел қорығы жайлы киноларды өзіміз түсіріп, құнды шығармаларды өзіміз жазған ұтымды. Облыс әкімі Б.Сапарбаев өз орынбасары Т.Түсіпбековке шегелеп тапсырма беріп, тез арада Қ.Салғарин, Ә.Сарай сияқты тарихи тақырыптарға қалам сілтеп жүрген жазушыларды Берелге жинап, барлық жағдайды жасап, құнды шығармалар жазуды өтінетінін хабарлады. Фотоальбом жасап, кино түсіруді де қолға алатын мерзім жетті. Несі бар, өте құнды бастама. Туризм және спорт вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, Мәдениет комитетінің төрағасы Ілияс Қозыбаев, сенатор, академик Ғарифолла Есім, Парламент Мәжілісінің депутаты Ержан Рахметов Берел қорығын тез арада пайдалануға берудің маңызды екеніне тоқтала кетті.
Осы Қоғамдық кеңестің жауапты хатшысы Әлібек Асқаров кеңес жиындарын осы ретпен ендігі кезекте Сарайшықта, Ұлытауда өткізсек деп жоспарлап отырғандарынан хабардар етті. Ал осы күзде Сирияға барып, Дамаск қаласында Әл-Фараби мен Бейбарыс сұлтандардың кесенелерін ашу көзделіп отыр екен.
Қоғамдық кеңес отырысын Мәулен Әшімбаев қорытындылады. Жас, жігерлі, іскер басшы жиынды жинақы да шебер жүргізіп, әркімге нақты тапсырмалар берді.
– Жастардың бойында тарихи сананы қалыптастыру – біздің парызымыз, – деді Мәулен Сағатханұлы. – Тарихи сана ұлттық сананы қалыптастырады. Ал ұлттық сана болмайынша өз еліңнің нағыз патриоты болу, отаншыл болу мүмкін еместігін Елбасының өзі талай айтып жүр. Ал тарихи сана дегенің осы Берел секілді, Есік пен Түркістан, Ұлытау секілді өткенімізді жарқыратып жарыққа шығарудан бастау алады.
М.Әшімбаев құзыретті мемлекеттік органдардың міндеттеріне тоқтала келе, келер жылғы бюджетке Берел үшін қаражат қарастыруды мықтап тапсырды. Сондай-ақ Берел мәселесін Президент Әкімшілігі мұқият бақылауда ұстайтындығын айтып, Берел жөніндегі Елбасы тапсырмасының орындалатындығына сенім білдірді.
Несі бар, біз де Берелдегі алқалы жиынның нақты әрі шып-шымыр өткенін көріп, нәтижесі болар деген ойда қалдық.
Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы.
Суреттерде: Берел қорғанындағы кездесуден көріністер.
Қоғамдық кеңес мүшелері сөз алады
Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ, тарихшы, жазушы:
– Ғылым салаларының жан-жақты жетілуі – тарихшы ғалымдардың бір кезде жасаған: “түркі халықтары христиан дәуірінен кейінгі VІ ғасырда Алтайда пайда болған жас халық” деген тұжырымдарының жаңсақтығын жалғанға жария етер нақты айғақтарды алға тартуда. Осыған орай түркілердің әлемнің ежелгі халықтарының бірі екені жөнінде әр кезеңде лингвистикалық, мифологиялық, фольклорлық, археологиялық, тарихтық деректерге негізделген сан алуан зерттеу еңбектер жарық та көрді. Бірақ олардың тұжырымдары ғылыми ортадан толық мақұлданып, ғылымға енгізілмей келді. Соның салдарынан түркі тектес халықтардан шыққан зерттеушілер болмаса, өзге халықтар, әсіресе еуропалықтар, түркілерді әлі күнге сол “христиан дәуірінен кейінгі VІ ғасырда пайда болған жас халық” деп есептейді. Сол себепті қазіргі таңда біздің арғы бабаларымыз деп жүрген скиф-сақ халықтарын олар түркі тектес халықтарға жатқызбай, үнді-еуропа тілінде сөйлеген еуропалық халықтар деп таниды. Әуелде еуроцентризм бағытындағы ғалымдардың өктемдігімен ғылымға еніп, орнығып қалған осы таным-түсінікке тек ХХ ғасырдың аяғында ғана генетика ғылымының жетістігі – ДНК (десосирибонуклен қышқылы) тәсілі арқылы жүргізілген зерттеу қорытындысының нәтижесінде өзгеріс енгізілді. Америка мен Ресейдің генетик ғалымдарының бір-біріне байланыссыз жүргізген дербес зерттеулері қорытындысының нәтижесі түркі халықтарының ең кем дегенде 30-40 мың жылдық тарихы бар екенін дәлелдеп берді. Осыған байланысты түркі халықтарының тарихына, оның шығу тегіне қатысты көзқарас та өзгере бастады. Түркілердің ежелгі халықтың бірі екенін бұрыннан айтып келе жатқан қазақ халқы өз елінің тәуелсіздік алуымен орайласа келген бұл өзгерісті қуана қабылдап, оны нақты жаңа айғақтармен бекіте түсу мақсатында “Мәдени мұра” атты мемлекеттік бағдарлама қабылдап, алыс-жақын шетелдер мұрағатында жатқан тарихи деректерді жинап, оны ғылыми тұрғыдан зерделеуге кірісті. Аз жылдың ішінде қыруар іс тындырылды. Соның арқасында нақты тарихи деректер арқылы тарихымызды жаңаша пайымдауға мүмкіндік туды.
Сәтті басталған осындай істің одан әрі сапалы жалғасын тауып отырғаны да көңілге қуаныш әкеледі. Осы жақында ғана 12-13 маусым күндері Шығыс Қазақстан облысындағы Берел мемлекеттік қорық-мұражайында 2009-2011 жылдарға арналған “Мәдени мұра” стратегиялық ұлттық жобаны іске асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің көшпелі мәжілісінің өтуі осының айқын бір дәлелі еді.
Берел – “Патшалар жазығы” деп аталатын жазықтан табылған археологиялық қазба материалдарының ерекшелігі жағынан әлемде теңдесі жоқ (бір ғана № 11 қорғаннан алтынға оранған екі адам мен 13 аттың бұзылмаған денесі табылған), мерзімі жағынан христиан дәуірінен бұрынғы ІV-ІІІ ғасырға жататын, көлемі жағынан жетпіске жуық көне сақ заманының қорғанынан тұратын ғажайып мекен, соңғы жылдары аты әлемге әйгілі бола бастаған зерттеу нысандарының бірі.
Қоғамдық кеңестің хатшысы, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары М.С.Әшімбаев бастап келген кеңес мүшелерінің қорғанның басында болып, бәрін көзбен көріп, алда атқарылар істің мән-жайын мәселеге қатысы бар мекеме басшыларымен, тиісті мамандармен бірлесе отырып, ақылдасып шешуі – ертеңгі нәтижеге кепілдік бергендей еді. Өйткені, мұнда болашақ “Берел” мемлекеттік мұражайына қатысты құрылыстар мен жол мәселесінің болсын, жұмсалар қаржы көлемі мен оның бөліну мәселесінің болсын, табылған көне мұраларды қалпына келтіру және оларды мұражайда орналастырудың реті болсын – бәрі-бәрінің түйіні осы жерде нақты жағдайға сай іздестіріліп, бар мүмкіндікке қарай лайықты шешімін тауып жатты. “Мәдени мұраның” Қоғамдық кеңесінің болашақ “Берел” мемлекеттік қорық-мұражайында өткен көшпелі мәжілісіне қатысқандар көңіліне ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосатын айтулы бір мәдени кешеннің енді көп ұзамай халқымыздың игілігіне асатынына деген сенім берік ұялағандай болды.
Ғарифолла ЕСІМ, сенатор, академик:
– Қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы “Берел” қорық-мұражайы туралы көптеген мәселелердің басын қайырды. Естіген бір басқа, нақтылы істерді көзбен көрген әлдеқайда мағыналы. Көшпелі отырыстың мазмұны да осында.
Берелге тікұшақпен ұшып келіп, Шығыс Қазақстанның осы бір аймағымен танысқанда адамды таңғалдыратын бұл өлкенің кереметі – көркем табиғаты. Екі қапталы жарыса өскен қарағайлы ну орман болса, шығыс-батысты көмкеріп жатқан ақбас таулар, ортада “Патша жазығы” деп аталатын алқап, оны кеулей аққан асау өзен, шүйгін шөп, кімді болсын таңғалдыратын сұлу табиғат. Шіркін дейсің, Алтайдай жер бар ма аспан астында! Міне, осы жерді ханзада, мүмкін патша, мүмкін күллі Алтайды қоныстанған түркі жұртының әміршісі мәңгілік мекен еткен. Археолог Зейнолла мырзаның айтуынша, оның жас шамасы орда бұзар отыздың шамасы, басынан ауыр жара алып, содан дүниеден озғанға ұқсайды. Мұны зерттеген мамандар, сол заманның емшілері оның басынан алған жарасын емдеу мақсатында, бүгінгі тілмен айтқанда, операция жасағанға ұқсайды. Қасына кейін анасы жерленген. Бір ғажабы, бұл зиратқа тамаша әбзелдермен, мейлінше көркемделіп, сәнделіп аттар қоса жерленген. Бұл қандай дәстүр, ол әлі зерттеуді қажет ететін тақырып. Бақилыққа өткен ханзада-әміршіге әбзелдермен көмкерілген аттар қажет деген түсініктен туған дәстүр болса керек. Махамбет ақын айтқандай, “ат жігіттің майданы”, ат ол замандағы бірден-бір “көлік”. Атсыз өмір жоқ. Осы тұста ойға грек жұрты аңызға айналдырған жарты денесі адам, жарты денесі жылқы кентавр бейнесі оралады. Аңыздың төркіні осы “Берел” кесенесіне қатысты болса керек деген болжам да бой көтеріп қалуда. Жылқыны керемет құрметтеу, әрине, оны аңызға айналдырудың субстанциясы екені анық. Қандай болмасын аңыз әлденеге таңданудан, әлденені керемет құрметтеуден тумақ. Бұл жерде ат өз иесінен артық болмаса, кем құрметке ие болып тұрған жоқ, оның айғағы олардың тұла бойының әбзелденуі, аса көркемдікпен әрі қымбат бұйымдармен өрнектелуі. Ат әбзелдері арнайы ағаштан қашалып жасалып, сырты алтынмен қапталған. Бұл үздік шеберлікті қажет ететін іс және аттар біреу емес, бірнешеу, бәрі солай сәндендірілген.
Жаратушының жаратқандарының ішінде теңдесі жоқ екі нәрсе бар, бірі – адам, екіншісі – сұлу мүсінді жылқы. Бұл кесенеде осы екеуіне бірдей құрмет көрсетіліп, оны ұрпақтарға “хат” етіп жер қойнына тапсырып, сол арқылы бізге жетіп отыр. Әрине, бұл жерде өкінішті жай, халқымыздың өз басына өзі ие болмай, бодандықта болғанында, қасиетті даламыздың қойнауының дал-далын шығарып, бөгделер тонап жатты. Бұл қорық та басынан сондай күй кешкен, айтып отырғанымыз, бізге жеткені ғана. Барға тәубе етіп, енді осыны бүгіннен ертеңге жеткізу қамында қызмет ету ісі тұр.
Берел қорығының басында тұрғанда басқа неше қилы ойлар өріліп келе береді. Жалған ғұмырдың қас-қағым сәт екендігі, бірақ сол сәттер үзілмей тарихқа айналып, ұрпақтан-ұрпаққа көшіп отыруы. Осы тұста айтпағым – ұрпақтар сабақтастығы, тарих көші үнемі сақталып, жатталып та отырмағаны туралы шындық. Адамзаттың басынан арылмаған бір дерті бар, ол әркімнің әлімжеттік жасап, тарихты қайта жазуға деген ынтасы. Осы мәселе “Берелге” де қатысты. Берел сөзсіз ата тарихымыздың бізге жеткен мұрасы, жоғарыда айтқан “ұрпақ хаты”. Алайда, тарихтың қат-қатпарлары кейде өзінше сөйлеп кететіні бар. Қазақ халқының тарихы Шыңғыс ханнан басталып, оған дейінгі баба тарихы үнсіз қалған заман болған. Одан беріде қазақ тарихы қазан төңкерісінен басталған деген сана қалыптасты, оған дейін мал баққан халық, оның тілі де, діні де сол деңгейде қалып қойған деген ілімсымақтар пайда болды. Ал шамамен б.д.д. 5-4 ғасырларда өмір сүрген Берел Әміршісінің сән-салтанатына зер салсақ, темір қорытылған, алтын өндірілген, ағаштан жасалған бұйымдарды шеберлікпен пайдаланған технология болған.
Бұл ерекше зерттеуді қажет ететін дүниетаным, өмір салты, мағыналы тұрмыс. Міне, материалдық мәдениетте мұндай жетістікке жеткен халықтың ойлау дүниесі қандай болды екен деген сауал мазалауда. Адам әлемді ең алдымен ойымен билеп, содан барып іске кіріскен. Сондағы ойлау көрінісі қалай болған, ең алдымен айтпағым – бұл өңірде шәкірт даярлау ісі кеңінен қойылған. Ол үшін мәдениеттер алмасуы болған, әлемнің төрт құбыласы түйіскен. Ат әбзелдерінде әлемді символдық түрде меңзеудің тәсілдері бейнеленген, бұл да арнайы әңгіме тақырыбы. Археолог Зейнолла мырзамен, осы тарихи жәдігерлерді мәтіндер ретінде “оқу” ісін, құдай қаласа бастамақпыз. Әрбір нәрсе, ат әбзеліндегі не әмірші-ханзадаға қатысты, тек әншейін мағынасыз нәрселер емес, олардың шығу тегі, мағынасы, дүниетанымдық салмағы бар нәрселер, мәселен, соларды мәтін ретінде түсініп қабылдауда. Бұл – қажырлы еңбекті талап ететін, бірақ өте қажетті іс.
Тарихқа бойлаудың, бабалар тұрмысын, олардың ойлау әлемін танудың одан өзге әдісін мен білмеймін. Шындық, солардан қалып бізге жеткен нәрселерде тұр. Мәселе, соларды ашудың методологиясы мен тәсілін тануда.
Бірер сөз, Берел туралы. Бұл сірә біріккен қос сөз, Бер+ел, мүмкін Бергі+ел, мүмкін берекелі ел деген мағына берер. Ойлану керек! Сөзсіз анық нәрсе, мұнда Ел деген ұғым бар. Көне түркілер ел деп бүгінгі мәндегі Империяны айтқан. Ел тайпа емес, тайпа деген жұрт. Ел – “империя”! Демек, Берел атауы ендігі жерде Берел Әміршісінің қорық-мұражайы деп атасақ, жаңсақтық болмас. Бұл алқапты Берел Әміршісінің жазығы деген де орынды болады.
Әмірші болмаса бұл қорық та болмас еді, 2,5 мың жылдан кейін бүгінгі сөз де болмас еді.
Ендігі мәселе – Берел Әміршісінің туған, өмір кешкен заманын анықтау, құдай қаласа бұл да шешімін табатын мәселе. Олай дейтінім, оның бір ұшқыны Геродоттың “Тарихында” жатыр. Берел Әміршісі туралы нақтылы айтылмаса да, бұл ел туралы жанама мағлұматтар бар, оның бірі сақ ойшылы Анахарсис Скифскиге қатысты болса, екіншісі “Арпоксанс, миф сын Таргитая, родоначальник катиаров и траспиев у скифов” (648-б.).
Асықпай іздей берсек, Берелдің құпиясы бірте-бірте ашылары анық, “Мәдени мұра” бағдарламасы осы ізденіске мүмкіндік ашып отырғанына ризашылық сөзімізді білдіруіміз азаматтық борышымыз.
Сөз соңында айтарым, “Берел” қорық-мұражайының әлі шешілмеген мәселелері бар екен. Ол туралы археолог Зейнолла Самашев баяндап берді. Сол мәселелердің дені дерлік көшпелі отырыс үстінде шешімін тапты. Мәулен Әшімбаев кеңеске қатысып отырған министрліктер мен өзге мекемелер жетекшілеріне нақтылы тапсырмалар беріп, оларды қадағалауды Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкері Әлібек Асқаровқа жүктеді. Көшпелі отырыстың осындай нақтылы шешімдерге жетуінің бір кепілі бізге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мырза өзінің қызметкерлерімен келіп, жергілікті жерге қатысты істерді өз жауапкершілігіне алғаны әбден дұрыс болды. Сонымен, Берел қорық-мұражайының бірінші деңгейдегі атқарар істері анықталды, енді екінші кезекте қандай істер қажеттілігін Мәулен Сағатханұлы нақтылап берді, ол – осы аймақты кешенді түрде зерттеп, Берелдің нағыз тарихи-мәдени орнын анықтау. Іске, сәт демекпін.