• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Сәуір, 2024

Балалық – кіршіксіз әлем

110 рет
көрсетілді

«Балалар әдебиетін жазу да баланың көзінің айналасын қаламмен сызу секілді. Егер дұрыс жаза алмасаңыз, қарашығын ағызып жібергеніңіз...», дейді ақын Ерлан Жүніс. Расында, баланың сана-сезіміне лайықтап кітап жазу кез келген қаламгердің қолынан келе бермейді. Ал біз жазғалы отырған кішкентай оқырманға арналған «Балғын дауыс» кітабы – автордың бала күнінде сәби көңілмен жазған жанды үні.

Бала кезімізде көбіміз ақын болсақ, жазушы болсақ деп армандадық қой. Арманға алып ұшқан сәби көңілдің шабыты қаншама өлең тудырып, күнделік дәптерімізге осындай қаншама қиялшыл ой жаз­ғызды. «Балғын дауыс» кітабы да 6-сынып оқушысы Гүл­сімнің қаламына қуат берген арманынан туып, жарық көрді. Жинаққа оның өлеңдері, әңгімелері, күнделігі енген. Кітап «Өмір толқыны», «Алғашқы армандар», «Балауса жырлар», «Балғын шақтың белестері» атты төрт бөлімнен тұрады. Әр бөлімде оқыр­манның қиялына қанат бітіретін, адам­дық қасиеттерге баулитын, шабыттандыратын, жақсы ойларға жетелейтін кіршіксіз туындылар бар. Мәселен мына бір:

«Туған жер, туған өлкем, байтақ далам

Сен десе көңілімде шаттық қадам.

Сен берген қызықты өмір, мол байлықты

Игеріп, туған Отан, берем саған», –

деген өлең жолдары әрқайсымыздың мойны­мызда Отан алдындағы перзенттік парызымыз барын еске салады. Ал кішкентай оқыр­манның бойына туған жердің қасиетті екенін түсіндіріп, отаншылдық дәнін себеді.

«Дананы мамасы әзер оятты...», деп алаңсыз басталған жексенбінің таңындағы оқиғаны баяндайтын әңгімеде баланы еңбекке баулитын үлкен мән жатыр. Алғаш рет өзі нан пісірген Дана мақтау естіп, анасының ризашылығын алып, еңбектің наны тәтті екенін түсінеді. Міне, кітапта осы сарындас адами құндылықтарға негізделген, балалардың таным көкжиегін кеңейтетін әңгімелер, өлеңдер бар. Оның барлығы – бала жүректен шыққан сондайлық шынайы туындылар. Сондықтан бұл кітаптағы әр шығарма өз оқырманына ой салып, ізгілікке бағыттайтыны анық.