• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Сәуір, 2024

Елдік қасиет – біріктіруші фактор

98 рет
көрсетілді

«Т.Шевченко атындағы украин мәдениетінің Павлодар серіктестігі» облыстық қоғамдық бірлестігі еліміздегі қоғамдық институтты дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқан ұйымның бірі. Бірлестік жетекшісі, құрметті ақсақал Анатолий Неумывако мен оның әулеті үшін Қазақстан құтты мекенге айналған.

Анатолий Васильевичтің бір­лестік тізгінін ұстағанына бір жыл­дай ғана уақыт болды. Дей­тұрғанмен ол ұйымның жұмысына 28 жылдан бері белсенді араласып, орталық хорында ән салып келеді. Ассамблеяның, бірлестіктің қыр-сырын бес саусағындай жақсы білетіндіктен, жергілікті украиндер оны бірден қолдап, сайлаған. Әріптестері әншілік өнерін жақсы бағалайды. 1996 жылдан бастап қоғамдық бір­лестіктің мәдени өміріне белсене араласып, түрлі мәде­ни кештер, арнайы фести­вальдарға қатысады. Анатолий Неумывако 150-ге жуық ук­раин әндерін хормен де, же­ке өзі де орындайды. Хор мү­ше­лері украин әндерінен бө­лек, Абайдың, басқа да қазақ саз­герлерінің әндерін біледі екен.

– Бізде Ұлттық жаңғыру мектебі бар, ондағы екі сыныпта балаларға украин халқының тілі үйретіліп, мәдениеті таныстырылады. Екінші жағынан ол жерде қолөнермен, ұлттық бұйымдарды әзірлеумен де айналысуға мүмкіндік бар. «Қоғамдық келісім» мекемесінің қолдауымен әдемі киімдер, кос­тюмдер тігіліп, мерекелік іс-шараларға үзбей қатысамыз. Жас­тар орталығы негізінен концерт­тік бағдарламаларға жиі барады. Бұған қоса Аналар кеңесі, Ақсақалдар кеңесі жұмыс істеп тұр. Ондағы мү­шелеріміз ұзақ уақыттан бері жергілікті Ассамблеямен, Дос­тық үйімен тығыз байла­ныста. Мектептерге жиі шы­ғып, халқымыздың тари­хы, мәде­ниеті, тұрмыс-тірші­лігі, салт-дәстүрі, әдет-ғұр­пы туралы жас ұрпаққа дәріс оқимыз. Осының барлы­ғы еліміздегі халықтар еркінді­гі­нің, ауызбіршілік пен ын­ты­ма­ғымыздың қаймағы бұзыл­мауы­ның айғағы, – дейді ақсақал.

Қазіргі уақытта бірлестіктің Екібастұз қаласында, бірнеше аудан, ауылда филиалдары бар. Мерекелерде облыстық ұйым оларға, ал жергілікті өнер ұжымда­ры мұнда қонаққа келіп, концерт қояды.

Анатолий Васильевич елі­міздің жастары жаңашыл әрі білім­құмар екеніне тоқталды. Ай­туынша, кеңес дәуіріндегі жас­тардың құндылығы, өмір салт­тары мүлде бөлек еді. Жас азамат­­тар ұлттар мен халықтар ара­­сын­дағы достықтың нығаюы бей­біт­шілікке негіз болатынын жақсы түсінеді. Сондықтан осы құндылықты жоғары баға­лайтын­дары байқалады. Бір­лес­тіктің жастар қанаты ақса­қалдарға үлкен қолғанат болып отыр. Түрлі іс-шаралар­ды бірлесіп атқарып, қайырым­дылық шараларына елдің алды болып жүгіреді. Жуықта облыс орталығындағы «Самал» оңалту орталығына барып, емделушілерге сый-сияпат жасады. Бұған қоса Украинадан қоныс аударып келген азаматтарға, елдегі таби­ғи апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсетуде ересек­тер­­мен бірге тізе қосып үлес қосып жүр. Жастардың мұн­дай игі істерге жұмылуына Ұлт­тық жаңғыру мектебінің ұстазы Татьяна Головчук, ата-ана Татьяна Саенко, тағы басқа белсенді жандар себепкер.

А.Неумываконың негізгі мамандығы – орыс тілі пәнінің мұғалімі. 48 жыл ұстаздық етіп, мектеп директоры лауазымын да абыройлы атқарған. Оның атасы мен әжесі сонау ХVІІІ ғасырдың соңында қазақ жеріне көшіп келіп, қазіргі Ертіс ауданы аумағына табан тіреген. Сол уақыттан бері әулет мүшелері қазақ жеріндегі ұлт-азаттық көтерілісті, төңкерісті, аштық алапаты мен сталиндік қуғын-сүргінді, Екінші дүниежүзілік соғыс уақытындағы қиындықтарды қазақтармен бірге бастан өткерді. Ақсақал жұбайы Валентина Николаевна екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде немерелерінің қызығына кенеліп отыр. Украинаны тарихи отаны санағанымен, ұрпағы Қазақстанды мекендеп қалуын тілейді.

«Қазақ халқының мейірімі мен жомарттығы, бейбітсүйгіш қасиетінің арқасында еліміздегі бірлік пен ынтымаққа сызат түспейтіні анық. Ал Ассамблея сияқты қоғамдық институт өзінің қажеттілігін әлдеқашан дәлелдеп қойған. Ең бастысы, мұнда түрлі ұлттар мәдениетінің тоғысы бар. Мұндай жерде халықтардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен құрметі арта түседі. Мәселен, біздің бірлестік өзге ұлт орталықтарымен үнемі байланыста. Түрлі салтанатты іс-шараларда, мерекелік концерттерде бірлесіп өнер көрсетеміз. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарымыз жалғаса береді, себебі бұл бізді біріктіреді», дейді абыройлы ақсақал.

 

Павлодар облысы