Еуразиялық экономикалық одақ өз қызметіне кірісті
Бұл – бүгінгі күн мен болашақтың күрделі сынақтарымен өлшенетін мегажоба. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылдың наурызында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің академиялық аудиториясында оқыған дәрісінде ТМД кеңістігі бойынша сапалық жаңа интеграциялық бірлестік – Еуразиялық экономикалық одақ құруды тұңғыш рет ұсынған болатын.
Ал енді осы жерде бірден нақтылай кететін бір мәселе – ЕАЭО саяси ұйым емес. Мұнда тек экономикалық әріптестік жасау көзделген. Өйткені, Елбасының «Қазақстанның тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін кез келген одақтан бас тартамыз», дегені баршамызға мәлім. Сондықтан да, кейбір отандастарымыздың алаңдауына ешқандай да негіз жоқ. Демек, ЕАЭО Қазақстан тәуелсіздігіне нұқсан келтірмейді, керісінше, еліміздің экономикасына үлкен мүмкіндіктер туғызады. Ал енді осы ЕАЭО-ның қыр-сырына кеңірек тоқталып, тереңірек баяндап көрелік.
Одақ төрт қағидатқа негізделеді
Біріншіден, интеграцияны экономикалық прагматизм негізінде құру ұсынылды.
Екіншіден, әрбір мемлекет өз шекараларында тұйықталып қалудың мағынасы жоқ екендігін түсінуге дербес келуі тиіс. Халық пен елдің мүдделерін басшылыққа алған ерікті интеграция – өркендеудің ең қысқа жолы.
Үшіншіден, Еуразиялық экономикалық одақ – мемлекеттердің теңдік, бір-бірінің ішкі ісіне араласпау, егемендік пен мемлекеттік шекараларға қол сұғылмауын құрметтеу қағидаттары негізіндегі бірлестік ретінде көрініс береді.
Төртіншіден, Еуразиялық экономикалық одақ әрбір мүше елдің мүдделерін ескеретін, нақты да шынайы өкілеттіктерге ие, консенсус негізінде іс-қимылдар жасайтын ұлтүстілік орган құрып отыр.
Бүгінгі таңда үш мемлекеттің (Арменияны қоспағанда) жиынтық ішкі жалпы өнімі шамамен 2 трлн. долларды құраса, өндірістік әлеуеті 600 млрд. долларға, ауылшаруашылық өнімдерін өндіру көлемі шамамен 112 млрд. долларға, ал жалпы тұтыну нарығы 165 млн. адамға бағаланады.
Халықаралық тәжірибеге сүйенсек...
Егер біз құрып отырған ЕАЭО мәселесіне әлемдік деңгейдегі көзқараспен қарасақ, біздің жаңалық ашып жатқан түгіміз жоқ. Өйткені, әлемдік нарықтағы мұндай экономикалық одақтасулар осы кезге дейін де құрылған. Қазір де қалыпты жұмыс істеп келеді. Осыған қатысты бірнеше нақты мысалдар келтірейік.
Еуропалық одақ (ЕО)
– 1951-1957 жылдары көмір және болат өндірісінің Еуропа қауымдастығы;
– 1957-1967 жылдар аралығында Еуропа экономикалық қауымдастығы;
– 1967-1992 жылдарда Еуропа қауымдастығы болып, тек, 1993 жылдың қараша айынан бері қарай Еуроодақ ретінде өз қызметін жалғастырып келеді.
27 мемлекеттің басын біріктіретін аталмыш одақтың аумағы 4,3 млн. шаршы шақырым, ал тұтынушы халқының саны 506,8 млн. адамды құрайды. Еуроодақ мұншама мемлекеттің осыншама халқына не берді?
Жалпыға ортақ нарық құрылды, бірыңғай еуропалық ортақ валюта енгізілді, экономикалық ортақ саясат пен сыртқы жалпы саясат және бір-бірінің қауіпсіздігіне қатысты ортақ саяси ұстаным қалыптастырды. Сонымен қатар, ЕО елдерінің ортақ бюджеті және ең маңыздысы, азаматтардың тең құқылы болуы.
Солтүстікамерикалық еркін сауда қауымдастығы (NAFTA)
АҚШ пен Канада және Мексика мемлекеттерінің өзара келісімдерінің нәтижесінде 1994 жылдан бері қызмет етуде. 21,8 млн. шаршы шақырым аумақта орналасқан 463,1 млн. адам санын құрайтын алып нарықтың жалпы сауда айналымы 1993 жылы 289 млрд. долларды құраса, 2008 жылы 946 млрд. доллар, ал 2012 жылы 1,1 трлн. доллардан асып түсті. Мемлекеттердің ішкі жалпы өнімі 1993 жылда 7,6 трлн. доллар, 2008 жылы 17 трлн. доллар, ал 2012 жылда 18,6 трлн. долларды құраған. Бұл әлемдегі ең үлкен әрі еркін сауда мен қаржы айналымдары орасан зор алпауыт нарықтық алаң болып табылады. Мұнда да сол Еуроодақтағы секілді адам құқықтарының тең сақталуымен қатар, экономикалық өсу, халықтың өмір сүру деңгейінің жоғарылауы айқын көрініс береді.
Азия-Тынық мұхиты аймағы экономикалық ынтымақтастығы аймағы (APEC)
1989 жылы құрылған бұл ұйымға Австралия, Малайзия, АҚШ, Бруней, Тайланд, Чили, Оңтүстік Корея, Перу, Сингапур секілді 21 мемлекет мүшелік етеді. Ал нарықтағы тұтынушы халқының саны – 3 млрд. адам. Бұл әлем халқының 40 пайызын құрайды. Аталған ұйым әлемдік сауда айналымының 44 пайызына, дүниежүзілік ІЖӨ-нің 55 пайызына иелік етеді.
Шығыс Африка қауымдастығы (EAC)
1967 жылы құрылып, он жылдай уақыт жұмыс істегенімен, 1977 жылдан 2000 жылдарға дейін өз қызметінде үзіліс болған. Ғасыр ауысқан кезеңнен бастап Бурунди, Кения, Руанда, Танзания және Уганда секілді мемлекеттерді құрамына алып, белсенді әрекет ете бастады. Ал 2008 жылдан бері қарай ШАҚ (ЕАС) Шығыс және Оңтүстік Африка экономикалық қауымдастықтары (COMESA) өз араларында еркін сауда жасау туралы мәміле жасап, аумағын кеңейтті. Аталған аймақтар арасындағы ішкі сауда көлемі 1980-жылдары 337 млн. долларды құраса, 2000-жылдары 689 млн., ал 2010-жылдары 1997 млн. АҚШ долларын құраған. Кеден одағы мен еркін сауда аймағы арқылы экономикалық әлеуетін көтере бастаған елдер арасында бүгінде бірыңғай шекаралық төлем жүйесі енгізілген. Сондай-ақ, аймақ аясындағы ел азаматтары өз араларында бірыңғай визамен жүріп-тұру мүмкіндігіне де ие.
Одақ аясындағы сауда айналымы
Міне, бұлар – жер-жаһандағы өзара ынтымақ орнатқан, серіктестігін сенімге жалғаған мемлекеттердің одақтасуының бір парасы. Ал енді географиялық тұрғыдан жақын орналасқан Қазақстан мен Ресей және Белоруссияның өзара одақтасуының негізгі басымдықтары қайсы болмақ екен? Соған назар аударайық:
Ең алдымен, ұлттық-мемлекеттік құқықтардың беки түсуі, жұмыс күші мен сауда, капиталдың және қызметтердің еркін қозғалысы, ішкі нарықтардың кеңеюі, сауда айналымының өсуі, жаңа технологиялар мен жабдықтардың кең таралуы, экономикалық актив белсенділігі, аймақтық қауіпсіздік пен инвестиция ағынының артуы секілді салалық ілгерілеудің барлығына да осы ЕАЭО аясында жол ашылмақ. Бұл сөзімізді санды дәйектермен нақтылай түсу үшін 2010 жылы құрылған Кеден одағы мен Қазақстанның өзара сауда айналымының көрсеткіштеріне назар аударайық.
2010
2011
2012
2013
%
млрд. $
Сауда айналымы
18,8
23,0
23,9
24,3
29 %
5,5
Экспорт
6,1
7,1
6,2
5,9
-3,3 %
-0,2
Импорт
12,8
15,9
17,7
18,4
43,7 %
5,6
Енді елімізден сыртқа экспортталып жатқан отандық тауарларымыз жайында бірер сөз. «Hundai» маркалы аз тонналы жүк көліктері өндірісі бойынша 2011 жылы Беларуське – 4, ал 2013 жылы 470-ке жуығы жеткізілген. Мұндай көліктің Қазақстан былтыр 510 бірлігін саудалауды жоспарлаған болатын. Сол секілді, Өскеменнен шығатын бекіткіш арматураның сатылуы 1,4 есеге (43,1 млн. АҚШ долллары) артқан. Бүгінде оның 72 пайызы Ресейге жөнелтілуде. Осы аймақтағы «Өскемен конденсатор зауыты» ЖШС құны 8,5 млн. долларды құрайтын өз тауарларының 73 пайызын КО елдеріне экспорттаған. Бүгінде өз елімізде өндірілген шөлмек тығынының 60 пайызын Кентау трансформатор зауыты 20 млн. долларға, ал «Қайнар-АБК» ЖШС 30 млн. долларға аккумулятор батареяларын сыртқы нарыққа шығарған.
Интеграцияның инвестициялық әлеуеті
ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен өзара экономикалық одақтасу арқылы Қазақстанның ішкі алаңында өндірістік кәсіпорындардың саны артуда. Атап айтсақ, отандық «ҚазАгроҚаржы» АҚ және ресейлік «Ростсельмаш» компаниялары Көкшетауда «Вектор» комбайн құрастыру зауыты» ЖШС базасында «Vector 410 KZ» маркалы комбайндар құрастыруда. Оның жобалық қуаты жылына 300 комбайн құрап шығуға жеткілікті. Германиялық «Функе» компаниясы да жылына 1 млн. шаршы метр терезе профильдерін шығаратын кәсіпорынға 24 млн. еуро инвестиция құйды.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тепловоздар мен электровоздар құрастыру өндірісін ұйымдастыру бағыты бойынша француздық «Alstom» және ресейлік «Трансмашхолдинг» компанияларымен бірлесіп, құны 50 млн. еуроға бағаланған екі секциялы электровоздар шығаратын зауытты сәтті іске қосты. Сонымен қатар, Жамбыл облысында «Кешенді минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыт құрылысы және фосфорлы бассейн кен орындарын әзірлеу» бірлескен инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Қуаты 1 млн. тоннаға жуық фосфорлы, азотты және кешенді минералды тыңайтқыштар шығаратын кәсіпорынға 356,5 млрд. теңге инвестиция тарту көзделген. Бұлар елге тікелей инвестиция әкелу арқылы өз күш-жігерімізбен қолға алып жатқан жобаларымыз.
Ал енді ЕАЭО аясындағы елдермен өзара бірлесе іске асырып жатқан жарқын жобаларымыз жайында айтсақ, «КамАЗ» маркалы автотехника өндірісі (құны 330 млн. теңге), ШҚО автомобильдер өндіретін толық циклді зауыт құрылысы (жылына 120 мың авто), Қарағандыдағы фармацевтикалық препараттар өндіру жобасы, Қостанайдағы «АгромашХолдинг» пен «Гомсельмаш» кәсіпорындарының комбайн шығару кәсіпорны және «ҚазБелАЗ» БК» ЖШС базасында «БелАЗ» карьерлік және шахталық техникасын шығару кәсіпорнының өнімдері Одақ аясындағы елдердің ортақ игілігіне айналмақ. Бұлар Қазақстанда шығарылып, экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекеттер арасында қызмет көрсететіні белгілі.
Ал енді өзгеде жоқ, өзімізде ғана бар, ал әлем бойынша бәсекелесі санаулы ғана бірегей өндіріс ошақтары Қазақстанда кем емес. Соның бірі – мойынтіректер мен тегершіктер, тісті доңғалақтар элементтерін шығаратын «Степногор мойынтірек зауыты» АҚ. Рельстік көлікке арналған роликті цилиндрлік мойынтіректер өндірісімен айналысатын бұл кәсіпорын өнімінің 100 пайызын Ресейге жөнелтеді. «ҚазАрмаӨнеркәсібі» ЖШС мен «Өскемен арматура зауыты» АҚ шүмектері мен вентильдері, Алматы облысындағы «Қайнар-АКБ» ЖШС мен «Zhersu power» ЖШС батареялары мен аккумуляторлары отандық озық өнімдер санатында ғана емес. Бұлардың өнімдері әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие болып келеді.
Түйін. Сөз басында айтып өткеніміздей, Елбасымыз осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрынғы алғашқы лекциясында Еуразиялық одақ құру идеясы туралы айтқан болса, өткен жылдың сәуіріндегі дәрісінде экономикалық одақты құру туралы шартқа қол қою мен оның қандай болуы тиіс екендігіне кеңірек тоқталды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы әлем әлі де толықтай айыға қоймаған жаһандық қаржылық-экономикалық дағдарыс пен планетаның түрлі арсеналдарының өңірлену үдерісін жеделдеткендігін де атап өтті. Өйткені, қазір жалпыға ортақ жаһандану жағдайында, мұндай одақтасулар мемлекеттердің экономикалық және өркениетті дамуында олардың жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы түбегейлі мәселелері болып табылады. Ендеше, XXI ғасыр өңірлік интеграция түрлі жаһандық тәуекелдерге қарсы тұруда маңызды кезең болатыны белгілі.
Бақтыбай ҚАСЫМБЕКОВ,
техника ғылымдарының докторы, профессор.