Жасанды интеллект күн санап қарқынды дамып келе жатқандықтан салаға қатысты ұлттық тұжырымдаманың болуы маңызды. Жаңа дүниені жатырқап емес, керісінше жасанды зердені жақсылыққа жаратып, жаһандық бәсекеге ілесе алуымыз керек.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсбі министрлігінің инновацияларды дамыту департаментінің директоры Дархан Мырзабаевтың айтуынша, 2024-2029 жылдарға арналған жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасы қабылданды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 2024 жылдың соңына дейін «Самұрық-Қазына» және «Group 42» компаниялары бірлесіп суперкомпьютерлерді іске қосатын болады. Суперкомпьютер – жасанды интеллект модельдерін жасауға қызмет етеді. Сондай-ақ ол жасанды зерде өнімдерін жасауда ғылыми, академиялық ортаға коммерциялық тұрғыдан қолжетімді болады. Технологиялық инфрақұрылымды іске қосу еліміздің Орталық Азиядағы жасанды интеллектіні дамыту саласындағы көшбасшылығын айқындайды. Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары министрлікпен бірлесіп, жасанды интеллект саласындағы заң жобасын әзірлейді, – деді Д.Мырзабаев.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Ростислав Коняшкиннің айтуынша, суперкомпьютерді іске қосу үшін қажетті инфрақұрылымдар қазірдің өзінде дайын тұр.
– Суперкомпьютер – бұл графикалық карта технологиясына негізделген серверлік қуат. Ол «Ұлттық ақпараттық технологиялар» деректерді өңдеу орталығында орналастырылып, жыл соңына дейін толықтай іске қосылады. Сондай-ақ біз суперкомпьютердің серверлік қуатын қамтамасыз ету арқылы стартаптар мен бизнес қауымдастықтарға қолдау көрсетуді жоспарлап отырмыз. Ұлттық жасанды интеллект платформасы жаңа жүйелерді құруға арналған алаң ретінде ұсынылады, – деді ол.
«Oxford Insights» жүргізген 2023 жылға арналған жасанды интеллектіге дайындық индексіне сәйкес, Қазақстан 193 елдің арасында 72-орынға тұрақтаған, сондай-ақ Үндістан мен Түркиядан кейін оңтүстік және Орталық Азия бойынша өңірлік рейтингте 3-орында тұр. «Цифрлық үкіметті қолдау орталығының» бас директоры Рүстем Биғаридің айтуынша, 2025 жылға қарай жасанды интеллект технологиялары озық корпоративтік қосымшалардың шамамен тоқсан пайызын қамтамасыз етеді деген болжам бар.
– Еліміз жасанды интеллект саласындағы әлемдік жарысқа кешеуілдетіп қосылғанымен, қазіргі уақытта осы саладағы түрлі жобаны қарқынды түрде жүзеге асырып жатыр. Алғашқы қадамдар денсаулық сақтау саласында және «Ақылды қалаларды» дамытуға бағытталған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жасалды. Жекелеген іс-шаралар «Цифрландыру, ғылым және инновация есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында да өткізілді. Денсаулық сақтау саласында қашықтан медициналық қызметтерді, роботтық әдістерді және жасанды интеллектіні енгізу бойынша бірнеше жобаға қолдау көрсетілетін болады, – деді «Цифрлық үкіметті қолдау орталығының» бас директоры Р.Биғари
IDC бағалауы бойынша 2023 жылы жасанды интеллект жүйелеріне жұмсалған әлемдік шығын 154 миллиард долларды құраған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға көп. Ал Bloomberg Intelligence мәліметтеріне сәйкес, генеративті жасанды интеллект нарығы шамамен 50 миллиард доллар көлеміне жетіп отыр. 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 217 миллиард долларға дейін өседі. Ал 2032 жылдары шығын 1,3 триллион доллардан асады деген болжам бар.
Айта кетейік, Ұлттық ақпараттық технологиялар АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин жасанды интеллект арқылы жасалған жұмыстар бойынша авторлық құқық реттелетінін және оның бәрі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бақылауында болатынын айтты. Сарапшылардың пайымдауынша, жасанды интеллектінің қарқыны үдеген сайын дамыған және дамушы елдер арасында алшақтық пайда болады. Себебі жасанды зерде технологияларының дамуы инвестициялық капиталға, мықты кадрлық әлеуетке, зерттеу жүргізуге мүмкіндік беретін дамыған инфрақұрылымға тікелей тәуелді.