Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясы өтті. Жиынға Парламент Сенатына ҚХА қатарынан сайланған депутаттар, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, Ассамблеяның еріктілері, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы ұйымның өңірлердегі делегаттары қатысты.
Сын сағатта жұрт болып жұмылдық
Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, еліміздің бірнеше аймағындағы табиғат апаты салдарын еңсеруге байланысты жүргізіліп жатқан ауқымды шараларға тоқталып, су тасқыны басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы да ортақ істен шет қалмай, белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Мұның бәрі өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі екенін айтты.
– Баршаңыз куә болып отырсыздар, қазір әлемде түрлі табиғат апаты көбейіп барады. Шын мәнінде, апат деген айтып келмейді екен. Қазақстан да үлкен қатерге тап болды. Еліміздің көптеген аймағында алапат су тасқыны болып жатыр. Біз үшін ең басты мақсат – азаматтардың амандығы. Соған сай Үкімет барлық қажетті іс-әрекеттерді жасап жатыр, тиісті қаражат бөлінді, ірі компаниялар мен бизнес өкілдері қол ұшын беруде.
Осыған дейін де айттым, жойқын су тасқынынан бұзылған үйлерді қалпына келтіру, зардап шеккен тұрғындардың қалыпты өмірге қайта оралуын қамтамасыз ету – дәл қазір Президент ретінде менің алдымда тұрған аса маңызды міндет. Сондықтан мен елімізде бұрын жоспарланған халықаралық іс-шараларды қысқарту туралы нақты тапсырма бердім.
Биыл Астана халықаралық форумын өткізбейтін болдық. Әрине, бұл – елімізге қажет, өте маңызды жиын. Дегенмен оны кейінге қалдыра тұруға болады. Ал кезек күттірмейтін кездесулер мен іс-шаралардың жөні бөлек. Бұл ел игілігі үшін керек.
Ассамблея сессиясы жыл сайын Бірлік күні қарсаңында өтеді. Ал биылғы басқосу мемлекетіміз үшін күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Шын мәнінде, бұл сессияны дәл осы кезде өткізудің мәні зор. Бірлік пен ынтымақ – ешқашан ескірмейтін құндылықтар. Бұған осы күндерде көзіміз жетті деуге болады.
Халқымыз өте ауыр сынаққа тап болды. Қазақстан аумағының жартысын тасқын су басып қалды. Еліміздің мызғымас бірлігі осы қиын күндерде айқын көрінді.
Құтқарушылар, волонтерлер, мемлекеттік қызметшілер, сарбаздар, тәртіп сақшылары, қоғам белсенділері, бизнес өкілдері және жастар – бәрі бірге жүр. Ортақ істен ешкім шет қалған жоқ. Бүкіл аймақта қоғамның барлық өкілдері бір кісідей жұмылды. Отандастарымыз зардап шеккен жандарға жаппай қолұшын созды. Бір-біріне шынайы жанашыр болды. Мен қарғын сумен күресуге зор үлес қосқан нағыз отаншыл азаматтарға шексіз ризамын.
Біз сын сағатта жұрт болып жұмылдық. Үкімет, мемлекеттік органдар, құзырлы мекемелер және еріктілер бірлесе жұмыс істеді. Соның арқасында 119 мыңнан астам адам дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 45 мыңға жуығы – балалар. Ең бастысы, біз адам өмірін барынша сақтап қалдық.
Кезінде бір ғана бөгеннің бұзылуы үлкен қайғылы оқиғаға әкеп соқтырғанын білесіздер.
Мен жағдайды бақылауда ұстау үшін бірқатар аймақта болдым. Тұрғындармен арнайы кездестім. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар апат салдарын жоюға бар күшін жұмсап жатыр. Жағдайдың одан әрі ушығып кетпеуі – басты назарда. Құтқарушылар күндіз-түні жұмыс істеп жүр. Ұлттық ұлан, Ішкі істер министрлігі, Қарулы Күштер, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметінің жеке құрамы да белсене атсалысып жатыр, – деді Президент.
Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасымен мемлекеттік материалдық резервті пайдалануға рұқсат берілгенін де атап өтті. Қазіргі таңда республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істеп жатыр. Қоғам белсенділері және волонтерлер гуманитарлық көмек жинауды қолға алды.
– Халқымыздың ынтымағы мен жоғары азаматтық жауапкершілігі осы кезде айқын көрінді. Бірқатар аймақ инфрақұрылымды және бүлінген үйлерді қалпына келтіруге кірісіп кетті. Бұл шаруаға ірі бизнес өкілдері қосылды. Қоғам белсенділері де зор үлес қосып жатыр. Еліміздегі компаниялар, жеке кәсіпкерлер түрлі көмек қорына қомақты қаржы аударды. Қаражат күн сайын түсіп жатыр, көмек қоры ұлғаяды деп сенемін. Кәсіпкерлерге зор алғыс айтамын. Болашақта да халқымыздың игілігі үшін бірге жұмыс істейміз деп сенемін.
Жиналған қаражат елді мекендерді қалпына келтіруге жұмсалады. Сондай-ақ апаттың кесірінен қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек ретінде беріледі. Ешкім елеусіз қалмайды. Мемлекет шығынды түгел өтейді. Тасқынның зардабын жою үшін бюджет шығыстары қысқартылатын болды. Мемлекет қаржысын қатаң үнемдеу режімі енгізіледі. Әрине, маңдай термен тірнектеп тапқан дүние-мүлікті бір сәтте жоғалту оңай емес. Мен мұны түсінемін. Зардап шеккен азаматтарға тағы да айтамын: бүкіл халық сіздермен бірге. Көп ұзамай баршаңыз қалыпты өмірге қайта ораласыздар. Ол үшін мемлекет бәрін жасайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент тасқын басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатқанына да тоқталды. Жұртқа жан-жақты көмек беру үшін дереу Ассамблеяның республикалық және аймақтық штабтары құрылды. «Жүректен – жүрекке!» ауқымды акция жүргізіліп жатыр. Апат аймақтарына 1500 тоннадан астам азық-түлік және ең қажетті тауарлар жолданды. Оның жалпы сомасы шамамен 770 миллион теңге болды.
– Су тасқынымен күреске этномәдени бірлестіктердің 12 мыңға жуық өкілі қосылды. Олар қайырымдылық және гуманитарлық көмек жинауға жұмылды. Сондай-ақ жұртты қатерден хабардар етуге және қауіпсіз жерге көшіруге атсалысты. Мұның бәрі – өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі.
Мен Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарына арнайы бардым. Кездесу кезінде жұртшылық Ассамблея мүшелеріне зор ризашылық білдірді.
Ассамблея – кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес. Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган. Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде және жедел ұйымдастырып келеді. Мұның бәрі көпжылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз.
Ассамблея мүшелері «Қайырымдылық керуені» жобасы арқылы мұқтаж жандарға үнемі қолдау көрсетіп жүр. Былтырдың өзінде құны 1,7 миллиард теңгеден асатын көмек берілді, – деген Президент бірлігі мықты халықтың күш-қуаты азаматтардың бір-біріне деген осындай қамқорлығынан айқын көрінетінін атап өтті.
Президент түрлі сын-қатерге қарамастан, еліміз стратегиялық мақсат-міндеттерінен айнымайтынына назар аударды. Оның айтуынша, аз уақыт ішінде жүргізілген саяси реформалар нәтижесінде биліктің барлық тармағы адамның заңды мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға және оны ілгерілетуге негізделген жаңа жүйе бойынша жұмыс істей бастады. Ендігі міндет – әділдік, инклюзивтілік, прагматизм қағидаларына негізделген және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін жаңа экономика үлгісіне көшу.
Отаншылдық – басты бағдарымыз
– Түрлі сын-қатерге қарамастан, біз стратегиялық мақсат-міндеттерімізден айнымаймыз. Аз уақыт ішінде жүйелі саяси реформалар жасадық, экономиканы жаңғыртатын және қоғамдық этиканы жаңартатын ауқымды шараларды қолға алдық. Саяси өзгерістер азаматтық қоғамның дамуына әлден-ақ тың серпін беріп үлгерді. Отандастарымыздың мемлекеттік маңызы бар шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігі едәуір артты.
Биліктің барлық тармағы адамның заңды мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға және оны ілгерілетуге негізделген жаңа жүйе бойынша жұмыс істей бастады. Біз әділдік, инклюзивтілік, прагматизм қағидаларына негізделген және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін жаңа экономика үлгісіне көшіп жатырмыз. Осылайша, әр азаматтың бақуатты өмір сүруіне барлық жағдай жасалып, тең мүмкіндіктер берілетін мемлекет құрамыз. Қазақстанда бұрын-соңды мұндай ауқымды реформа жасалмаған. Бірақ бұған тоқмейілсіп отыруға болмайды, реформаны сапалы жүзеге асыра беруіміз керек.
Еліміз қарқынды дамуы үшін ондаған жыл бойы қордалаған көптеген мәселені шешуіміз қажет. Біз күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана болашақ жетістіктердің берік тұғырын қалап, саясатта, экономикада, мәдениетте және әлеуметтік салада түбегейлі өзгерістер жасай аламыз, – деген Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеяның бүгінгі сессиясы «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» деп аталғанын, барша халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәнін осы үш ұғым дәл әрі нақты білдіретінін, бірлік пен ынтымақ басты құндылығымыз және мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болып қала беретінін айтты.
– Бірінші. Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет. Біз Құрылтайдың Атыраудағы отырысында негізгі идеологиялық тұжырымдарды жинақтап, жүйелеп алдық. Жалпыға ортақ құндылықтарды айқындадық. Бұл – ең алдымен, Тәуелсіздік және Отаншылдық. Одан кейін – Бірлік және Ынтымақ. Келесі – Әділдік пен Жауапкершілік. Сондай-ақ – Заң және Тәртіп. Бұдан соң – Еңбекқорлық пен Кәсібилік. Және – Жасампаздық пен Жаңашылдық. Бұл – біздің саясат пен экономикадан бастап, білім мен мәдениетке дейінгі барлық саладағы бағыт-бағдарымыз. Мұның бәрі халқымыздың азаматтық бірегейлігін нығайтады. Сондай-ақ еліміздің болашақ келбетін қалыптастырады. Ассамблея жұмысына арқау болып отырған қағидалар осы құндылықтармен толық үндеседі.
Мен Ұлттық құрылтайдан соң оның қорытындысы туралы қоғамдық талқылауды жіті бақылап отырдым. Сарапшылардың және ел ісіне бейжай қарамайтын азаматтардың пікірін, ұсыныстары мен тілектерін оқыдым. Меніңше, ой-пікірдің көпшілігі Атыраудағы Құрылтай, шын мәнінде, ұлтымыздың дамуына қатысты жаңа философия мен идеологияның бастауына айналды деген пайымға келіп тоғысады. Дегенмен Құрылтайда айтылған жалпыұлттық доктрина, яғни тұғырнама жетекші қоғамдық институттардың барлығы қолдаса ғана толық жұмыс істей алатынын ұғынған жөн. Сіздердің, қоғамның қолдауы болмаса, бұл доктрина қағаз жүзінде қалады. Мұны міндетті түрде жүзеге асыруымыз керек. Ондағы негізгі қағидаттарды орнықтыру ісінде Ассамблея басты рөл атқаруға тиіс.
Азаматтарды әлеуметтік ортаға кіріктіру жүйесі Отанға деген сүйіспеншілік, патриотизм идеалдарын насихаттауға және халқымыздың мәдениетін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін құрметтеуге негізделуі керек деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Елге қажетті құндылықтар, көзқарастар мен түсініктер қалыптастыру және қоғамдағы татулық пен келісімді нығайта түсу – аса маңызды міндет екенін айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл мәселені бақылаусыз қалдыруға болмайды. Оның бәрін Ассамблея да, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар да үнемі бақылауда ұстауға тиіс», деді.
Сонымен қатар Президент балаларды іргелі құндылықтарға сүйене отырып тәрбиелеуге баса мән беру қажеттігін де айтты. Өскелең ұрпақтың дүниетанымы тарихқа қатысты өкпе-реніштен, догматизмнен және мәдени стереотиптерден ада болуға тиіс екенін ескертті. «Жастарымыз әрдайым алға ұмтылуы қажет. Олардың дүниетанымы өткенді, бүгінді және болашақты біртұтас ұлтымыздың еш бөлінбейтін ортақ мұрасы ретінде эмоциясыз, саяси астарсыз шынайы қабылдауға негізделуі өте маңызды», деді бұл жайында Мемлекет басшысы.
– Біз, Қазақстан халқы, өзгелердің теріс ықпалына түспейтін өз идеологиямызға сүйенуіміз керек. Біздің идеологиямыздың тірегі – мемлекетіміздің тәуелсіздігі. Ең бастысы – дұрыс сөйлеп, жақсы ниет білдіру ғана емес, нақты жұмыс істеп, игілікті іске күн сайын күш жұмсау. Бізге бос сөз емес, нақты іс керек. Оқыту-тәрбиелеу үдерісінде «Біз әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз», «Қазақстанның халқы біртұтас» деген қағидаттар көрініс табуға тиіс. Бұл – мызғымас әрі берік қағидаттар. Мемлекеттік саясаттың басты өзегі және жалпыұлттық бірегейлікті нығайтатын негізгі фактор – бірлік.
Ортақ Отанымыздың тағдырына жанашырлығымыз біздің азаматтық сана-сезіміміздің өзегі болып қала береді. Ал ұлттық толеранттық, өткен заманның дәстүрлеріне және түрлі мәдениетке деген құрмет, мемлекеттік тілді және басқа да тілдерді білу – Қазақстан азаматтарына тән қасиеттер.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының аспан түстес төлқұжаты еліміздің жалпыұлттық бірегейлігінің ең қарапайым әрі түсінікті белгісі екенін үнемі айтып жүрмін. Көк паспорты бар әрбір адам ұлтына, көзқарасы мен наным-сеніміне қарамастан, Қазақстан азаматының барлық құқығын иеленеді. Қазақстан Республикасының кез келген азаматы әлемнің қай түкпірінде жүрсе де, біздің мемлекетіміздің қорғауында болады. Біз ешқашан өз азаматтарымызды тағдыр тәлкегінде қалдырмаймыз.
Естеріңізде болса, жер жүзін коронавирус індеті жайлап, көптеген ел шекарасын тарс жапқанда, Қазақстан дереу өз азаматтарын Жер шарының әр қиырынан елге әкелуді ұйымдастырды. Сондай-ақ біз 2021 жылы Ауғанстандағы, 2023 жылы Газа секторындағы ахуал, тіпті Украинадағы жағдай күрт шиеленіскенде азаматтарымызды ол жақтан шұғыл шығарып алдық. Әр жолы, қандай да бір елде азаматтарымызға қауіп төнсе, біз олардың Отанына тезірек оралуы үшін жедел шаралар қабылдаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент біздің көк паспортымызға еліміздің тұғыры саналатын басты құндылықтардың бәрі сыйып тұрғанын да айтты. «Оны бүкіл әлем заманауи озық мемлекеттің құжаты ретінде таниды. Қазақстан азаматтары ондаған мемлекетке визасыз бара алады және біздің табанды жұмысымыздың арқасында мұндай елдердің қатары көбейіп келеді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
– Қазір Қазақстан Әлем төлқұжаттары индексінде 66-орында тұр. Бұл – жаман көрсеткіш емес. Бірақ бұл индексті жақсарту жұмыстарын жалғастыра береміз. Бұдан бөлек, кейінгі жылдары Қазақстан азаматтығынан бас тартқан адамдардың саны айтарлықтай азайды. Керісінше, Қазақстан азаматтығын алғысы келеді. Осының бәрі еліміздің тұрақты дамып келе жатқанын, біздің елге қызығушылықтың арта түскенін және мемлекетіміздің халықаралық беделі жоғары екенін көрсетеді, – деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ассамблеяның жастардың идеологиялық тәрбиесін айрықша назарда ұстайтынын алға тартты. «Бұл – болашақта не боларын болжап білу мүмкін емес, қазіргідей алмағайып әлемде аса маңызды мәселе» деген Президент Ассамблеяның этносаралық коммуникация орталықтарын дамытумен және осындай жаңа орталықтар ашумен айналысатынына, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар жобаларды қолдап, еріктілерді және жергілікті бірлестіктерді ынталандырумен шұғылданатынына тоқталды.
– Мен Ұлттық құрылтайда қазір елге қауіп төндіріп тұрған бес кеселге тоқталдым. Ассамблея нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу ісінде маңызды рөл атқарады. Қауіпсіз өмір сүру үшін осындай қатерлі құбылыстардан біржола арылуымыз керек. Бұл – әсіресе, ұрпақтың болашағы үшін айрықша маңызды. Біз балалар мен жастарды барынша қорғап, дұрыс тәрбиелеуіміз қажет. Қоғамдық кеселдерді түбірімен жоямыз десек, ортақ іске бүкіл ел болып жұмылған жөн. Ұлтына, дініне, әлеуметтік жағдайына қарамастан, оған барлығы атсалысуы керек.
«Ұлы істер шағын әрекеттерден басталады». Сол сияқты кішігірім қадамдар ауқымды өзгерістерге жол ашады. Әр адамның ой-санасы және мінез-құлқы жақсарса, тұтас қоғам жақсарады. Мақсат-мұраты биік болса, елдің рухы да биік болады. «Адал азамат» болу аса маңызды. Бір сөзбен айтсақ, келеңсіз үрдістерден жай ғана жирену жеткіліксіз. Оны жоюға да белсене атсалысу керек, – деді бұл жөнінде Президент.
Міндет – өзара құрмет пен сенімді арттыру
Сонымен қатар Президент бүгінде жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына тоқталды. Мемлекет басшысы қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды екенін айтты.
– Екінші. Біз жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына куә болып отырмыз. Радикалды идеологияны дәріптеу және ксенофобия отын тұтату үшін халықаралық тұрақсыздықты пайдаланып қалғысы келетіндердің әрекеті анық көрінуде.
Кейбір мемлекеттердің геостратегиялық амбициясынан этнодіни астар іздеуге тырысатындардың, тіпті оны өркениетаралық қақтығыс ретінде көрсеткісі келетіндердің үні қатты шыға бастады. Соның салдарынан қазір әлемнің әр түкпірінде түрлі экстремистік күштердің белсенділігі артып келе жатқаны байқалып отыр.
Лаңкестік қауіп-қатерлер тағы да алғы шепке шықты. Таяуда Мәскеу іргесінде жұртты қанға бөктірген лаңкестік оқиға жүрегімізге өте ауыр тиді. Көптеген азамат қайғылы оқиғаның құрбандарына жанашырлық, тілеулестік танытып, Ресейдің Қазақстандағы елшілігі мен консулдығы ғимараттарының алдына гүл шоқтарын қойды. Әлемнің барлық дерлік елі осындай көрініске куә болды.
Қазақстан халықаралық құқықты және гуманистік идеалдарды берік ұстанатын ел ретінде алғашқылардың бірі болып Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттерді бейбіт халыққа жасалған сұмдық қатыгез әрекетті айыптауға шақырды.
Барша адамзат өзара диалог орнатып, күш біріктіру арқылы ғана халықаралық қатынас саласындағы күйреу мен ыдырау үрдісіне төтеп береді, берекесіздік пен сенімсіздікті еңсере алады.
Жер жүзінде бәрімізді алаңдататын түрлі оқиғалар болып жатыр. Біртұтас ұлт ретінде дәл осы кезде біздің мақсатымыз да, ниетіміз де бір болуға тиіс. Қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сессия барысында Мемлекет басшысы тіл мәселесіне де тоқталды. Тіл тақырыбының көптеген мемлекет үшін өзекті екенін айтқан Президент бұл мәселенің дұрыс шешілуі кез келген елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына едәуір ықпал ететінін тарихтың өзі көрсетіп отырғанын да алға тартты.
– Қазақстанда да солай. Біз осы аса шетін мәселеге келгенде сыртқы-ішкі факторларды ескере отырып, стратегиялық ұстамдылық және толеранттық танытуымыз қажет. Бірақ бұл біздің мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға баса назар аударатынымызды жоққа шығармайды. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің дамуына айрықша назар аударуға ықпал етеді.
Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін. Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз. Бүгін біз өз бетінше қазақ тілін жетік меңгеріп, оны қоғамда кеңінен насихаттап жүрген азаматтарды марапаттаймыз. Бұл өте пайдалы әрі саяси тұрғыдан маңызды жұмыс деп ойлаймын. Мемлекет олардың түрлі жетістіктеріне, соның ішінде саяси сипаттағы табыстарына да назар аударады және оларды барынша қолдайды.
Қазақстан – қазақ тілі мемлекеттік тіл саналатын көптілді ел, болашақта да солай бола береді. Бұл – біз үшін орасан зор басымдық.
Билік елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті шара қолданатын болады. Кім айтса да, мұндай бағыттағы түрлі қитұрқылық пен пәлеқорлықты қоғам қатаң сынға алады, құқық қорғау органдары да соған сәйкес әрекет жасайды, – деді бұл жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қоғамда алауыздық тудыратын кез келген әрекетке қатаң тосқауыл қою қажеттігіне де тоқталды. Азаматтарымыздың бізге қатысы жоқ ақпарат майданына араласып, өшпенділікті насихаттауы еліміздегі тұрақтылыққа және қоғамдық келісімге зор қатер төндіретінін айтқан Президент:
– Әрқайсысымыз азаматтардың құқығы тең және еркін болуын қамтамасыз ететін Ата заңымыздың әрбір сөзін бұлжытпай ұстануымыз қажет. Заң мен тәртіптің әрдайым және барлық жерде сақталуы, заң үстемдігінің сөзбен де, іспен де орнығуы маңызды. Біздің міндетіміз – қоғамда өзара құрмет пен сенімді нығайта түсу. Сондай-ақ діни, аймақтық немесе әлеуметтік-экономикалық алшақтықты болдырмау үшін баршаға ортақ жаңа қағидаттар мен ұстанымдар ойластыру. Ассамблеяның осы күрделі мәселеге байланысты атқарып жатқан қызметі айрықша маңызды, – деді.
Бірлігіміз – әралуандықта
Президент Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту мәселесіне арнайы тоқталып, Ұйымның мемлекеттік органдармен, Парламентпен және мәслихаттармен қарым-қатынасын жақсарта түсу керек екенін атап өтті. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея жетекшілеріне мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатысу, этно-әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтау және ондай оқиғалардың алдын алуға баса мән беру, Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту міндеттерін жүктеді.
– Үшінші. Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту қажет. Оның мемлекеттік органдармен, Парламентпен және мәслихаттармен қарым-қатынасын жақсарта түсу керек.
Кейінгі жылдары Ассамблеяның қызметі айтарлықтай өзгерді. Бұл құрылым қоғамдағы аса маңызды институтқа және этномәдени бірлестіктердің бас штабына айналды.
Ассамблея барлық деңгейдегі мекемелермен түрлі бағытта серіктестік орнатып, басқаларға үлгі болуға тиіс. Жергілікті атқарушы органдармен және мәслихаттармен жұмыс жүргізу үшін тиімді тәсілдер табуға баса мән берген жөн.
Әкімдер күнделікті туындайтын көптеген мәселемен айналысады. Олардың жұмысы өте көп, бұл – түсінікті жағдай. Бірақ ел бірлігін нығайту – айрықша маңызды міндеттің бірі. Оны ешқашан назардан тыс қалдырмау керек.
Менің тапсырмаммен аймақ басшылары кемінде екі айда бір рет Ассамблея өкілдерімен бірге этносаралық ахуалға қатысты жиналыс өткізеді. Ассамблеяның негізгі іс-шараларына облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдері тікелей өздері қатысуға тиіс. Мен мұны орынбасарға ысыра салуға болмайтынын нақты ескерттім. Өзгелердің, әсіресе Парламенттің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының дәл осылай жасағаны абзал.
Ассамблея мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатысуы керек. Сондықтан оның ғылыми-сараптамалық әлеуетін дамыту қажет. Этно-әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтауға және ондай оқиғалардың алдын алуға баса мән берілуге тиіс.
Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарының мамандары этномедиацияға қатысты жұмысты қолға алды. Оның ауқымын кеңейтіп, бұл тәжірибені Ассамблеяның барлық ұйымына тарату қажет.
Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту керек. Ең алдымен, Ақсақалдар кеңесі және Аналар кеңесі сияқты тиімді құрылымдарды дамыта түскен абзал. Министрліктер және әкімдіктер олардың қызметіне қолдау көрсетуі қажет. Арнайы гранттар бөліп, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар беруі керек, – деді бұл жөнінде Мемлекет басшысы.
Президент сессияда сөйлеген сөзінде жастардың белсенділігі мен бірлігіне ерекше тоқталып, жас буынның Ассамблея қызметіне тың серпін әкелгенін атап өтті. Осыған орай Мемлекет басшысы Ассамблея құрылымдары мен этномәдени бірлестік басшыларының бір орынбасарын жастардан тағайындауды ұсынды. Сондай-ақ орталық және жергілікті органдар Ассамблеяның жастарға, әсіресе волонтерлерге қатысты жобаларына жан-жақты қолдау көрсетуі керек екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы маңыз қойған мәселенің бірі – жалпыұлттық ықпалдастық үшін қажетті әрі барлық аймақта Ассамблеяның ауқымды бастамаларын жүзеге асыратын сенімді орны Достық үйлеріне қатысты. Бұл орталықтар әлеуметтік маңызы бар жүзден астам жобаны іске асыруға ұйытқы болды.
– Алайда Достық үйінің қызметін жетілдіріп, күшейте түсу мәселесін ойластырған жөн. Олар қоғамдық кездесулер мен талқылаулар өтетін және тың бастамалар мен идеялар туындайтын комьюнити-орталыққа айналуға тиіс. Мен бұл бастаманы қолдаймын. Достық үйі этномәдени бірлестіктер бас қосатын орын ғана болып қалмауы керек. Сонымен бірге ол жергілікті қоғамдастықтардың дамуына жол ашып, тірек болатын, бірлік, жасампаздық, өрлеу сияқты құндылықтарды дәріптейтін орталық болуы қажет.
Біз келесі жылы Ассамблеяның отыз жылдығын атап өтеміз. Бұл – саяси тұрғыдан өте маңызды іс-шара. Аталған мерейтойға тыңғылықты дайындалу керек. Бұл құрылым өзін этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жолында сындарлы саясат жүргізе алатын тиімді құрал ретінде танытты.
Ассамблея бірегей азаматтық институт ретінде өзара құрмет пен сенімнің қоғамда орныға түсуіне зор үлес қосып келеді. Біз алдағы мерейлі белесті Ассамблея қызметін халыққа түсіндіріп, насихаттауға және азаматтарды ел бірлігін нығайту жолындағы ауқымды жұмысқа жұмылдыруға ұтымды пайдаланамыз.
Үкімет Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын атап өтуге арналған іс-шаралар жоспарын әзірлейді. Мемлекеттік органдар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, ғылым және мәдениет қайраткерлері, қоғам өкілдері қатысатын осы іс-шараның бәрі іскерлік сипатта болуға тиіс. Жоспарда біздің «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидамызды паш ететін іс-шаралар мен әлеуметтік сипаттағы жобалардың барлығы өзара үйлесім табуы керек, – деген Мемлекет басшысы үнемі айтып жүретін «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидасы бүкіл әлемге ортақ, БҰҰ-ға тиесілі екенін де мәлімдеді.
Елдікті нығайтатын міндеттер
Мемлекеттік саясат пен қоғамдық қызметтің этносаралық қатынас саласына қатысты негізгі міндеттерін атап өткен Президент сессия кезінде ел бірлігін нығайтуды көздейтін сан қырлы шаруаны қорытындылап, жаңа міндеттерді айқындады.
– Сессия қарсаңында аймақтарда да мазмұнды әрі нәтижелі пікірталастар болғанын білемін. Баршаңызға ұтымды ұсыныстарыңыз үшін алғыс айтамын. Оның бәрі сараланып, жұмыс барысында ескеріледі.
Ассамблея төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасарлары Аурика Георгиевна Дякке және Акбаржон Яхияхожаевич Исмаиловқа ризашылығымды білдіремін. Олар бір жылдың ішінде Ассамблеяның қызметін жақсартуға елеулі үлес қосты.
Осы орайда сіздерге Ассамблея төрағасының жаңа орынбасарлары Юрий Германович Шинді және Лугмар Харкиевич Буларовты таныстырғым келеді. Олар – Ассамблея мүшелерінің арасында беделі бар, сондай-ақ Ұлттық құрылтайдың жұмысына белсенді атсалысып жүрген азаматтар. Еліміздегі осындай маңызды қоғамдық институттардың қызметін одан әрі үйлестіру үшін мұның мәні зор. Сессия шешімдері тиімді жүзеге асырылса, Қазақстанның барша азаматының болашағы жарқын болуы үшін бүкіл қоғамды жұмылдыруға мүмкіндік туады деп сенемін.
Мемлекеттік құрылымдар азаматтық қоғам институттарымен, әсіресе Ассамблеямен сындарлы диалог және сенімді серіктестік орнатса, алға қойған міндеттің барлығын орындай аламыз. Біз алапат тасқын салдарын жойып, барлық салада түбегейлі өзгеріс жасауды жалғастырып жатқан осы бетбұрысты сәтте мұның мән-маңызы зор, – деді Президент.
Сын-қатерлерге төтеп беріп, қиын сәтте ұжымдасып, шұғыл жұмыс істеуді үйреніп келе жатқанымызды айтқан Мемлекет басшысы мұның бәрі – баға жетпес тәжірибе екенін атап өтті.
– Ерте ме, кеш пе, кез келген мемлекет түрлі сынаққа тап болуы мүмкін. Сондай кезде ел өмірінде күрделі әрі түбегейлі бетбұрыс жасалады. Біз де осындай жаңғыру жолымен жүріп келеміз. Бұған дейін тоқсаныншы жылдардың тауқыметін жиі айтатын едік. Сол кездегі қиындықтарды қазір көпшілік еске ала бермейді.
Еліміз кейінгі жылдары аса күрделі сынақтардың тағы бір тарихи кезеңін бастан өткеріп жатыр. Бірлік пен ынтымақтың арқасында бұл қиындықтың бәрін жеңеміз. Шынығып, ширап, бұрынғыдан да мықты болып шығамыз.
Ауқымды су тасқыны болып жатқан қазіргідей сәттерде халқымыздың ұжымдасып, жұмыла білу қабілеті шыңдала түседі. Азаматтардың ынтымағы мен өзара тілеулестігі айқын көрінеді. Мемлекеттік аппарат дағдарысқа қарсы күресте зор тәжірибе жинақтайды.
Бұқаралық ақпарат құралдары және өздерін блогер санайтын кейбір азаматтар табиғат апатына қатысты дүрбелең тудырып, байбалам салу, билікті орынсыз айыптау қоғамды ортақ іске ұйыстыруға бөгет болатынын, мемлекеттік органдар ахуалды уысынан шығарып алды деген жалған ұғым қалыптастыратынын түсінуге тиіс.
Мұндай әрекет әлеуметтік күйзеліс тудырады. Оның салдары халқымыздың абырой-беделіне нұқсан келтіреді. Сондықтан билік осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіретін адамдарға заң жүзінде шара қолданады.
Сонымен бірге барлық деңгейдегі билік өкілдері жұртшылықпен, әсіресе беделді әрі жауапкершілігі жоғары белсенді азаматтармен тығыз байланыста болуы керек. Халықтың пікіріне құлақ асуы, ең бастысы, жедел және дұрыс шешім қабылдауға тиіс. Қазір мемлекет қордаланып қалған көптеген түйткілдің түйінін тарқатуға мәжбүр. Азаматтардың басым көпшілігі мұны түсінеді, – деген Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің бір жағынан көптеген саланы жанталаса реттеуіне, екінші жағынан, еліміздің тұрақты дамуына мықты негіз қалыптастыруға тиіс екенін айтты.
– Апаттарға қарсы күрестің тиімді жүйесін құруды көздейтін күрделі шаруа шешімін табуы керек. Сондықтан табиғат апаттарымен күресетін пәрменді шаралар қабылдау үшін мемлекет пен ғылымның ықпалдастығын іс жүзінде қайтадан түзу қажет.
Менің тапсырмаммен Тараздағы Қазақ гидромелиорация-құрылыс институты қайта құрылады. Сондай-ақ Алматыдағы Сейсмология институтының әлеуеті күшейеді. Климат өзгерістерін зерттеп, тежеуге айрықша назар аударылады. Су шаруашылығы саласын басқару жүйесі, оның ішінде «ҚазСуШар», «Нұра топтық су құбыры» сияқты компаниялар да түгел қайта құрылады.
Елдегі бөгеттер мен бөгендердің барлығы дерлік өткен ғасырдың 50-70 жылдары салынған. Заман талабына сай су қоймалары тапшы болғандықтан, биылғы тасқынның зардабы тіпті ауыр болды. Сондықтан Қазақстанның 11 аймағында жаңадан 20 бөген салынады, тағы 15-іне күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонда 134 елді мекенді су басу қатері едәуір азаяды.
Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасына тасқынның алдын алу және оның салдарын азайту шаралары қосылады. Бұл шаралар халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленеді. Төтенше жағдайлар министрлігінің техникалық базасын жаңартамыз. Оның арнайы техникасының, тікұшақтары мен ұшақтарының санын көбейтеміз. Ұлттық гидрогеология қызметі қайта құрылады. Бұл қызмет жерасты су ресурстарын барлау және қорғау жұмысымен айналысады.
Қоршаған ортаның жай-күйіне бәріміз жауаптымыз, мұны естен шығармау керек. Қоғамда экология мәдениетін қалыптастырып, табиғатты аялау қағидасын дәріптеген жөн, – деді бұл жөнінде Президент.
«Таза Қазақстан» – мәдениеттіліктің өлшемі
Президенттің бастамасымен қазіргі таңда елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны өтіп жатыр. Мұндай іс-шаралар су тасқыны болған аймақтарда да ұйымдастырылады. Мемлекет басшысы мұның бірреттік іс-шара емес екенін ескертті.
– Барлық өңірде аумақтарды көгалдандыруға және тазалауға көп көңіл бөлу керек. Әркім ортақ іске үлес қосатын болса, еліміз көркейе түседі. Біз қалалар мен ауылдарды абаттандыруымыз қажет. Әрбір үй, аула, тұрғын үй кешені, саябақ және басқа да нысандар әкімдердің де, жұртшылықтың да назарынан тыс қалмауға тиіс. Саламатты әрі жайлы орта қалыптастырамыз десек, азаматтар барынша белсенділік танытуы керек. Бұл жалпы азаматтық мәдениетіміздің деңгейін, керек десеңіз ұлтымыздың келбетін көрсетеді.
Қоғам мүлкіне залал келтіретін адамдарды заңмен жауапқа тартамыз. Әкімдер Үкіметпен бірлесіп жергілікті жолдарды жөндеуге кірісуі қажет. Бұл жұмыстар әкімдердің қызметін бағалайтын негізгі индикаторлар тізіміне енгізіледі.
Табиғат апатын еңсеретін күн алыс емес. Топан су кеткен соң одан зардап шеккен аймақтар қалпына келтіріледі. Бұл – күрделі әрі жауапты жұмыс. Ең алдымен, азаматтарға шығындарын өтеу үшін тиісті өтемақы төленеді. Үй-жай құрылысы басталады, баспана беріледі, бүлінген инфрақұрылым жөнделеді. Президент ретінде мен бұл жұмыстарға қаржы жұмсаудан аянып қалмаймын. Мен үшін, ең бастысы, азаматтардың әл-ауқаты. Түптеп келгенде, бұл қаржыны не үшін жылдар бойы жинап келдік? Оны қажетімізге жаратпай, жай ғана шет мемлекеттердің бағалы қағаздарында ұстау үшін жинадық па? Жоқ, бұл – азаматтардың несібесі.
Осы қыруар жұмыс өте аз уақытта, яғни жаз бен күздің бес-ақ айында аяқталуға тиіс. Бірақ біз бірлесіп, бұл шаруаны абыройымен атқарып шығамыз деп сенемін.
Алапат тасқынның кесірінен мыңдаған адам мал-мүлкінен айырылып, табыссыз қалды. Сондықтан мемлекет азаматтарды қолдау үшін нақты шаралар қабылдап жатыр. Зардап шеккен әр шаңыраққа бірреттік көмек беріледі. Бұдан бөлек, шығынды санағаннан кейін жойылған немесе зақымдалған мүлік үшін де өтемақы беріледі. Мемлекет бүлінген баспаналарды жөндейді, қирап қалған үйлердің орнына жаңасын салады, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге Президент өзен жағасына үй салу қауіпті, оны қайтадан су шайып кетуі мүмкін екенін ескертіп, құрылыс салатын жерді таңдағанда елді мекеннің гидрологиялық және географиялық ерекшелігін қаперде ұстау қажеттігін еске салды.
– Әкімдіктер тиісті ереже талаптарын қатаң сақтауға және азаматтарға тұрғылықты жерінен көшуі мүмкін екенін түсіндіруге тиіс. Тұрғындардың өмірі мен мүлкін қауіпті жағдайда қалдыруға болмайды.
Алдағы ауқымды құрылыс жұмыстары жұртқа жаңа мүмкіндіктер береді. Азаматтар экономикалық әлеуеті зор және экологиялық ахуалы жақсы елді мекендерден баспана алып немесе үй салып, қоныс аудара алады.
Қауіпті жерде орналасқан елді мекендерді көшіру туралы шешім тасқын судан зардап шеккен әрбір отбасының пікірін ескере отырып, жан-жақты ойластырып қабылданады. Бұл ретте ешқандай мәжбүрлеуге, күштеуге жол берілмейді.
Үйін өз күшімен қалпына келтіремін деген азаматтарға өтемақы төлеудің бөлек жолдары қарастырылады. Ең бастысы, қаражат баспананы жөндеуге жұмсалуы керек. Шығынды өтеу және мүлікті қалпына келтіру туралы өтінім беру үдерісі цифрлық форматта жүзеге асырылады. Бұл жөнінде Үкіметке арнайы тапсырма берілді.
Әрбір елді мекен жұртқа жәрдем беруге ниет білдірген ірі кәсіпкерлерге бекітіліп беріледі. Сонда олар өздері бөлген қаржының қайда жұмсалып жатқанын нақты көре алады. Тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмысын өзім жеке бақылауға аламын.
Қарғын судан зардап шеккен адамдардың несиесін төлеу мерзімі үш айға дейін шегеріледі. Сондай-ақ төтенше жағдайға байланысты төлем уақытын өткізіп алған борышкерлерге айыппұл және өсімпұл салынбайды.
Бұдан бөлек, мемлекет табиғат апатынан зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдеріне, су шайып кеткен аудандардағы шаруаларға қолдау көрсетеді.
Атап айтқанда, осы өңірлердегі кәсіпкерлер мен шаруалардың несиесіне және лизинг төлемдеріне қатысты пайыздық өсімді төлеу мерзімі кейінге шегеріледі. Сондай-ақ егіс науқанын уақтылы және ойдағыдай өткізу үшін диқандарға қажетті көмек беріледі. Тағы да қайталап айтамын: осы қиын-қыстау кезде ешкім ескерусіз қалмайды. Мемлекет барлық міндеттемесін толық орындайды, – деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы алдағы уақытта азаматтардың мүлкін сақтандыру жүйесін одан әрі жетілдіру жолдарын қарастыру қажеттігіне жан-жақты тоқталды. «Дамыған елдерде алапат апаттан келген шығынның басым бөлігін сақтандыру компаниялары өз мойнына алады. Әрине, ол үшін экономика мен қаржы жүйесін одан әрі дамытып, қоғамда тиісті мәдениет қалыптастыру керек», деген Президент бұл мәселемен Үкімет айналысуы керек екен атап өтті.
– Халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің басты міндеті болып қала береді. Әділетті Қазақстанды құру тұжырымдамасы – құр сөз емес, нақты жүзеге асырылып жатқан шаруа. Ол үшін нақты шаралар қабылданып, жаңа мүмкіндіктерге ұдайы жол ашылып жатыр. Мысалы, менің Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысындағы 4 инфрақұрылымдық бастамамның аясында 1 мамырдан бастап «Наурыз» атты жаңа ипотека бағдарламасы іске қосылады. Оны іске асыруға 8 жыл ішінде 1,7 триллион теңге жұмсалады. Нәтижесінде, 70 мыңға жуық отбасы баспаналы болады, – деді Президент.
Өрлеу, жаңғыру кезеңіне қадам басамыз
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, еліміз соңғы жылдары аса күрделі сынақтардың тағы бір тарихи кезеңін бастан өткеріп жатқанын айтып, бірлік пен ынтымақтың арқасында бұл қиындықтың бәрін жеңетінімізге, шынығып, ширап, бұрынғыдан да мықты болып шығатынымызға сенім білдірді.
– Қазіргі күрделі кезеңде елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау – ең басты міндет. Біз қоғамға іріткі салатын әрбір әрекетке тосқауыл қоямыз. Мен бұрын да айтқанмын, қазақтың мемлекеттігіне қарсы кейбір теріс пиғылды адамдар қарап отырмайды. «Атың шықпаса, жер өрте» деген. Олар қоғам ішіне іріткі салу үшін әлеуметтік желіде түрлі қитұрқы әрекеттерге баратыны анық. Бір сөзбен айтсақ, халық арасында жалған мәлімет таратады. Сондықтан бәріміз кез келген ақпаратқа сын көзбен қарап, тек ресми мәліметтерге сүйенуіміз қажет.
Жұртымыз ел тағдыры сынға түскен сәтте қайсарлық танытып, ынтымағын сақтай білген. Жанашырлық, тілеулестік сияқты адами қасиеттерді бәрінен биік қойған.
Біз тарихтың тағы бір сынағынан өтіп жатырмыз. Бірнеше апта бойы халқымыздың бірлігі мен табандылығы және теңдессіз табиғат апатын абыроймен еңсеру қабілеті сынға түсуде.
Кез келген дағдарыс біз үшін сынақ қана емес. Ол әрқайсымыздың бойымызда бұғып жатқан күш-қуатымыз бен қарым-қабілетімізді ашып, тың мүмкіндіктер береді.
Еліміздің өркендеуіне кедергі келтіретін нәрсенің бәрі ерте ме, кеш пе, тарих қойнауына еніп, келмеске кетеді. Ендеше, қазіргі табиғат апаты байбаламға салып, өмірден түңілетіндей нәрсе емес. Өсіп-өркендеу жолында түрлі кедергі кездеседі. Бірақ оның артынан жақсылық келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Президент бұл алапат тасқын біз үшін жалған жетістікке алданып, «зая кеткен кезеңнен» ажырайтын жолайрық болуға тиіс екенін де айтты. «Қазақта «Алпыс күн тасыған дария алты күнде қайтады» деген сөз бар. Көп ұзамай қарғын су кетіп, жұрт күнделікті өмірге оралады. «Әр қиындықтың қайыры бар» дейді халқымыз», деді бұл жайында Қасым-Жомарт Тоқаев.
– Біріншіден, тасқын кезінде ел бірлігі нығая түсті. Арқадағы ағайынға, Жайықтағы жұртқа бүкіл Қазақстан халқы көмектесуге ұмтылды. Апат аймағында тұратын адамдар барша отандасымыздың шынайы жанашырлығын сезінді.
Екіншіден, елдің жағдайын жақсарту үшін ешкім қиындықтың келуін күтіп отырмайтыны анық. Дегенмен мұндай апаттар біраз шаруаны шұғыл қолға алуға себепкер болады. Тасқын аяқталған соң кейбір ауылдар тың жерге қоныстанып, жаңадан бой көтереді. Жол салынады, су тартылады. Ауылдарымыз мүлде жаңа келбетке ие болады.
Жалпы, әлемдегі үлкен дағдарыстардың қарқынды дамуға жол ашатыны белгілі. Қазіргі алапат тасқын да, түптеп келгенде, елімізге оң әсерін тигізеді деп ойлаймын. Сын сағатта жұдырықтай жұмылған жұртымыз осы қалпында Өрлеу, Жаңғыру кезеңіне қадам басады. Бәрі де жақсы болады.
Бәріміз – бір елдің азаматымыз. Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қара шаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру.
Мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін қорғауды Президент ретіндегі ең басты міндетім деп санаймын. Осы қастерлі міндет Әділетті Қазақстанды құру және белсенді әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізу арқылы ғана орындалады.
Биік мақсатқа жету үшін түрлі кедергіден өтеміз, барлық қиындықты жеңеміз. Ауқымды міндеттерді орындаймыз. Біз еліміздің басты құндылықтары мен бағыт-бағдарынан айнымаймыз. Мемлекеттілігімізді нығайтып, Тәуелсіздік туын әрдайым биік ұстаймыз. Мен бұған нық сенемін және сол үшін бәрін жасаймын. Бұл – менің Президенттік әрі перзенттік парызым, – деді сөзінің соңында Мемлекет басшысы.
Салтанатты жиында Республикалық тәжік этномәдени орталығының төрағасы Акбаржон Исмаилов, ҚХА Төрағасының орынбасары, Қазақстан корейлері қауымдастығының президенті Юрий Шин, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық ұйымының төрағасы Тимур Жұмырбаев, Қарағанды облысындағы «Ассамблея жастары» ұйымы өкілдігінің төрағасы Александр Урмашов, Жетісу облысындағы Достық үйінің директоры Руфина Усанова сөз сөйледі.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен халықтар арасында бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, мемлекеттік тілді дамытуға сiңiрген еңбегi үшiн бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар тапсырылды.
Атап айтқанда, ІІ дәрежелі «Достық» орденімен Астана қаласы Қайырбеков атындағы №2 мектеп мұғалімі Елизавета Шнайдер, «Ел бірлігі» орденімен «Қазақстан украиндарының радасы» бірлестігінің төрағасы Юрий Тимощенко, мемлекет және қоғам қайраткері Мурат Ахмадиев, «Дустлик» Қазақстан өзбектерінің этномәдени қауымдастығы төрағасының орынбасары Хасан Шарипов, «Ерен еңбегі үшін» медалімен Степногорск балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқытушысы Николай Дураченко, Атырау қалалық №3 мектеп-гимназиясының мұғалімі Татьяна Любина, «Шапағат» медалімен Өскемен металлургия кешені Мырыш зауытының күйдірушісі Сергей Панасюк, Ұлытау облысы Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының аккомпаниаторы Аркадий Побединский, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының бөлімше командирі Кирилл Пономаренко, Ақмола облысы Арайлы ауылы орта мектебінің мұғалімі Анастасия Ирубаева марапатталды.
Бұған қоса, Қазақстан халқы Ассамблеясы Шығыс Қазақстан облысы ғылыми-эксперттік тобының төрағасы Нелли Краснобаеваға, Қарағанды облысындағы «Ассамблея жастары» өкілдігінің төрағасы Александр Урмашовқа, Жетісу облысы «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Руфина Усановаға Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысы жарияланды.