Сәуірдің 26-сы күні Жайық өзенінің деңгейі Орал қаласы тұсында 855 см болып, бір тәулікте 4 см төмен түсті. Тек Тайпақ ауылы маңында ғана Жайық 10 см көтеріліп, сай-саланы суға толтырып барады. Барбастау – Ақжайық – Индер тасжолын тасқын су бұзып өткен.
Кейінгі тәулікте төтеншеліктер облыс бойынша 9 адамды эвакуациялаған екен. Бұл – негізінен су басқан саяжай аумағынан кетпей жүргендер. Ал Жайық бойындағы Чапаев, Кеңсуат ауылдарында Жайықтың жайылған суы қолдан соққан бөгетке тіреліп тоқтаған.
«Батыс Қазақстан облысында су тасқынына қатысты жағдай тұрақталып келеді. Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде көптеген елді мекен мен Орал қаласы су тасқынынан аман қалды. Ендігі кезекте Жайық өзенінің төменгі жағында орналасқан Ақжайық ауданындағы жағдайды қатаң бақылауда ұстау қажет» деген Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Ақжайық ауданының Базартөбе, Қарауылтөбе, Есенсай және Тайпақ ауылдарына барып, өзен жағасын нығайту жұмыстарын өзі қадағалап шықты.
Өңір басшысы «Су тасқынына байланысты қауіп әлі сейілген жоқ. Сондықтан тасқын судың алдын алу жұмысын жалғастырамыз. Аудандардағы жұмысты бақылауда ұстаймыз. Қосымша материалдар қажет болса жеткіземіз», деді.
Айта кетейік, осы Ақжайық ауданының өзінде су тасқынының алдын алу үшін кейінгі бір айда 31,4 км бөгет тұрғызылған екен. Бұл іске 823 адам, 158 техника жұмылған.
Облыста төтенше жағдай жарияланған сәуір айының басынан бері Қазақстанның 14 өңірінен қосымша күш келген еді. Бүгінде олардың жартысы Атырау облысына ауысса, қалғаны өздері орналасқан аймаққа кетті. Оларға жергілікті халық дән риза. Мысалы, ҚР Қарулы күштердің Десанттық-шабуылдау әскерлері Бәйтерек ауданында 12 күн ішінде 13 шақырымнан аса бөгет тұрғызған еді. Кеше өз бөліміне аттанған әскерилерге Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоғжанов алғыс айтып, марапат табыстады. Осындай жиын Орал қаласындағы бас алаңда да өтті.
«Төтенше жағдай кезінде Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға көмектесу үшін Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерден 500-ден аса әскери қызметкер келді. Қызылорда және Шымкент қалаларынан келген ұландықтар елді мекендер маңына бөгет тұрғызып, тұрғындарды эвакуациялау және ол аймақтағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен айналысты. Біз бүгін осы сарбаздарға рахметімізді айтып, мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар табыстадық», дейді Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысы полковник Бекайдар Қазкеев.
Мамандар қазір Батыс Қазақстан облысына су тасқынынан төнген қауіп беті қайтты деп отыр. Осы кезге дейін қауіпті аймақтардан 13 989 адам көшірілді. Облыс аумағындағы 12 эвакуациялық бекетті әлі де 2 мыңнан аса адам паналап отыр.
Табиғат апатынан зардап шеккен халыққа мемлекет тарапынан кешенді көмек көрсетіліп жатыр. Сонымен бірге өзге өңірлерден де гуманитарлық жәрдем жетуде. Соңғы есеп бойынша өз еліміздің облыстарынан және басқа шет мемлекеттерден – Қырғызстан, Тәжікстан Республикаларынан, Ресейдің Дағыстан өлкесінен барлығы 341 млн теңге көлемінде 849 тонна гуманитарлық көмек келген.
Батыс Қазақстан облысы