• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Қаңтар, 2015

Электронды карта – қоныстандыруға қолайлы құжат

4832 рет
көрсетілді

Шығыс өңірінде азаматтарды қоныстандырудың электронды картасы жасалды. Аталған картаны облысқа жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғандықов таныстырды. Тұрғындарды еңбек күші мол өңірлерден Шығыс Қазақстан облысына қоныстандыруды көз­дейтін электронды карта жөнінде министрдің орынбасары егжей-тегжейлі түсіндірді. Электронды картада мамандар тапшылығы байқалған елді мекендер туралы жан-жақты мәліметтер берілген. – Электронды картада белгі­лі елді мекенде «Жұмыспен қам­­ту­дың жол картасы-2020» бағ­дар­ламасы, аудандық бюджет, жұ­мыс беруші және жеке қар­жы­сы есебінен қол жеткізуге бола­тын бас­пана жайы мен бос жұ­мыс орын­дары туралы мәлі­мет­­пен қа­нығуға мүмкіндік жа­сал­­ған. Сон­дай-ақ, онда жарам­ды жер, ба­лабақшалар мен мектептердегі бос орындар, тех­­ни­­ка­лық және кәсіптік оқу мүм­кін­дігі де көрсетіледі. Одан өзге сайтты жасаушылар елді мекеннің фот­осуреттерін де орналастыруды көз­деп отыр, – деді облыстық жұ­мыс­пен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлес­тіру бас­қар­­масының жетек­шісі Айжан Садықова. Вице-министр аталған карта­ның өте жүйелі түрде жасалғанын айтады. – Электронды карта көр­не­­­кі­лігімен және пайдалануға қолай­лылығымен ерекшеленеді. Бұл тарапта жақсы жұмыс жүргі­зілді. Ендігі басты шаруа  –  жобаны нақты жүзеге асыруды жеделдету. Сонымен қатар сайттан басқа да коммуникациялық құралдар арқылы халықты ақпараттандыру қажет. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарла­масы шеңберінде қоныс ауда­рушыларға субсидия төленеді. Бұл үрдіс 2011 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап ен­гі­зілген. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы жү­зеге асырыла бастаған уақыттан бері 15 мың адам көшті. Мұның бәрі адамдарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында жасалып жатыр, – деді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары. Яғни, Шығыс Қазақстан өңі­рі­не қоныс аударуға ниетті аза­мат­­­тар облыстық жұмыспен қам­ту және әлеуметтік бағ­дар­ла­ма­ларды үйлестіру басқар­ма­сы­ның сайтына кіріп, бағдар­ламаға қатысушы кез келген елді мекен жөнінде ақпарат ала алады. Н­е­месе жергілікті жұмыс­пен қам­­ту орталығынан да барлық ақп­а­рат­қа қол жеткізуге болады. Тіпті, элек­тронды карта жобасында ке­­ле­шектегі жұмыс берушімен он­лайн жүйеде тікелей сөйлесу мүм­­кін­дігі де қарастырылып жатыр. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.