• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мереке 01 Мамыр, 2024

Ынтымақ – бұзылмайтын қорған

222 рет
көрсетілді

Бүгін – Қазақ­стан халқы­ның бір­лігі күні. Айтулы мереке барлық ай­мақта, алыс аудан, елді мекендерде кең атап өтіле­ді. Бірлік – Қазақстан халқының өмірлік ұста­нымы, әрбір отандасымыз қапысыз қастерлеп, қадірін терең ұғына білуге тиіс басты құндылығы. Ел бірлігі біздің ең қасиет­ті қазынамыз – Тәуелсіз­дігіміздің тірегі.

Егемен ел атанғалы бергі тұрлаулы кезеңде, тағдырлы жылдары мемлекеттің әр қадамы, әрбір ісі осы қасиетті де қастерлі тәуелсіздігімізді қорғап, оны мәңгілік етуге бағытталып келеді. Бұл – ынтымағын ырысқа айналдырып, бірлігін бекемдей алған, татулығын тыныштығы мен тұрақтылығының тұғыры ете білген елдің ғана қолынан келетін ұлы міндет. Елдің бірлігі мен татулығы – тәуелсіздікті мызғымастай етіп орнықтырудың ең құдіретті құралы.

Біздің жадымызда 1 мамыр – Халық­аралық ынтымақ күні ретінде орын алған. Бала күнімізде осы күнді асыға күтетін едік. Күн ұзарып, жер аяғы кеңіп, дала төсі жасыл желекке бөлене бастайтын мереке қарсаңында бүкіл жерде сенбіліктер көптеп ұйымдастырылып, қала, ауыл-аймақ бір тазарып, жаңарып, сілкініп қалушы еді.

Мамырдың майса мерекесін жалпыхалықтық думанға айналдырған азаматтар, үлкендер қауымы осы іс-шара арқылы өскелең ұрпақ бойына бірлікті, ынтымақты, достықты сіңіруге тырысушы еді. Енді, міне, бұл күн заман талабына сай өзгеріп, Қазақстан халқының бірлігі күні деп атап өтіліп келеді. Тегінде ынтымақ, бірліктің түп негізі бір, мақсат-мұраты ортақ ұғымдар.

Тәуелсіздік бастауында ел өміріне түбегейлі өзгерістер әкелген әлеуметтік-эконо­микалық және саяси бетбұрыстарды халық­тың жаппай қолдауына ықпал еткен негіз­гі ұстын қоғамдық келісім болғаны белгі­лі. Қоғамдық келісім бірлікпен ұшта­сып, тұрақтылыққа негіз болып, ел дамуы­ның, мемлекеттік саясаттың ең басты қағи­дасына айналды. Осы қанатты қағида еліміздегі барша этностардың тілін, ділін сақтап, ұлтына, нәсіліне қарамастан, барша азаматтардың тең құқылы екенін әйгілей отырып, олардың барлығын ел мен жер иесі – мемлекет құраушы ұлт қазақ халқының маңына біріктірудің, сол ар­қылы барша бұқараны ұлы істерге жұмыл­дырудың бірегей құрылымы – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуына алып келді. Ассамблея алғаш құрылған күн­нен бастап бірлігіміздің бастауы, тірлігі­міздің арқауы бола білді. Ол татулық пен бір­лікті сақтаудың бірегей институты ретінде қа­лыптасты. Қасиетті қазақ жерін бейбіт­ші­ліктің бесігіне айналдырып, өзгеге үлгі етті.

Бұл күнде аталған қалаулы қағида­лар әрбір азаматтың санасына нық орны­ғып, тұтас бір мәдениетке айналды. Жақында ғана өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІІІ сес­сиясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбында да осындай сындарлы астары бар. Кезекті сессия әдеттегідей еліміздің қо­ғамдық, әлеуметтік өміріндегі маңызды оқиға, еліміздегі қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтудың айтулы бе­лесі болды. Ассамблеяның тіпті ішкі әлеу­меттік-саяси мүдделерден де жоғары, жал­пыазаматтық, жалпыхалықтық инсти­тутқа айналып келе жатқанын тағы бір паш етті.

Бірлік пен қайырымдылық – құстың қос қанаты секілді қашанда қатар жүретін қасиеттер. Оны біз осы жылдың басты сынағы болған көктемгі тасқын сумен күрес барысында айқын аңғардық. Мемлекет басшысы атап өткендей: «Ортақ істен ешкім шет қалған жоқ. Бүкіл аймақта қоғамның барлық өкілдері бір кісідей жұмылды. Отандастарымыз зардап шеккен жандарға жаппай қолұшын созды. Бір-біріне шынайы жанашыр болды». Бұл – туған елге деген шынайы жанашырлықтың, азаматтық жауапкершіліктің нақты көрінісі.

Ассамблеяның басым бағыттарының бірі – оның аймақтардағы жұмысы. Аймақтық ассамблеяларды дамытудың арнайы, бапталған тұжырымдамасы бар, ол әрбір өңірдің өзіндік ерекшеліктері мен қажеттіліктеріне сәйкес жемісті жұмыс жүргізуіне бағыт-бағдар болып отыр. Жер-жерлерде жыл санап қатары көбейіп келе жатқан Достық үйлері бейбітшілік пен келісімнің, азаматтық бастамалардың және азаматтық қоғам институттарының жан-жақты ресурстар орталығына айналып үлгерді. Орталықтардың жұмысын неғұрлым жүйелі етіп, өзіне жүктеген мін­деттерге сәйкес жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін республикалық Достық үйлері директорларының әдістемелік кеңесі құрылған. Ассамблеяның қоғамдық келісім кеңестері де аймақтық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етуде айрықша маңызға ие. Құрылым барлық азаматтық қоғам институттары мен күллі әлеуметтік күштерді өңірлердегі әлеуметтік-эконо­микалық өзгерістерді тиімді жүзеге асыруға жұмылдыруға жұмыс істейді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы мем­лекеттік тілдің тұғырын нығайту, қолданыс аясын кеңейту мақсатында да бірқатар жұмыс атқарып келеді. Барлық этномәдени бірлестіктер жанында түрлі этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуіне қажетті тілдік курстар тұрақты жұмыс істейді. Бүгінде ел аумағындағы қай этностың өкілі болмасын қазақ тілін үйренуге ынталы, ықыласты. Тілімізді үйреніп қана қоймай, ұлттық салт-дәстүрлерімізді ұлықтауға, насихаттауға да белсене атсалысып келе жатқан басқа этнос өкілдерінің қарасы мол. Оған біз биыл жаңаша тұжырымдамамен аталып өткен Наурыз мейрамы барысында барынша куә болдық. Түрлі этномәдени бірлестіктер қазақы салт-санаға құрмет көрсетумен қатар, өздерінің де ұлттық әдет-ғұрыптарын ортаға салып, ұлық мерекенің сәнін келтірді, мерейін тасытты. Осы іс-шаралардың бәрі – өзгелерге өнеге-үлгі, татымды тәлім-тәрбие, әрбір басқа этнос өкілінің қазақ тілін үйренуіне, жергілікті халықтың салт-дәстүрін білуіне, құрметтеуге ынталандыру іспетті. Бір сөзбен, шаңырағы биік, босағасы берік, іргесі ел болуымызға Қазақстанды Отаным деп санайтын әрбір азаматтың өзіндік үле­сі бар. Елімізде тіліне, дініне, нәсіліне қара­мастан, барлық азаматтарға бірдей мүм­кін­дік жасалған, тең құқық берілген. Олар қалауларына қарай, кең көлемді білім алып, еңбек етіп, тұрмыс-тіршілік құрып жатыр.

Сындарлы этносаралық қатынас сая­саты әрбір азаматтың ұлттық болмысын сақтауына толық мүмкіндік береді. Елімізде этномәдени бірлестіктердің 15 тілде 52  бұқаралық ақпарат құралы бар. Орыс, неміс, өзбек, ұйғыр, корей театрлары – шыңдалған шығармашылық мектебі, ұлағатты руханият ұясы. Еліміздің этносаралық татулық пен бірлігі саясаты бүгінде көп елге үлгі. Ас­сам­б­леяның жұмысы мен біздегі бірлік, ынты­мақ тағылымының тамырларын терең зер­де­леуге көптеген алыс-жақын мемлекет­тер қызығушылық, ықылас танытып отыра­ды. Соның нәтижесінде халықаралық қатынастар аясы да жыл санап кеңейіп келеді.

Ал ел бірлігі дегеніміз, ең алдымен – мем­лекет құраушы ұлт, қазақтың бірлігі, халқы­мыз­дың маңына топтасқан барша этнос­тар­дың бірлігі. Ешкімді ұлтына, дініне, тіліне қа­рап бөлмеу, кемсітпеу – зайырлы, мәде­ниет­ті елдің белгісі. Кез келген саладағы саясат ба­­йып­­тылықпен, байсалды түрде жүргізі­лсе ға­на баянды болатынын өмірдің өзі көрсетіп отыр.

Дүниежүзілік геосаяси құрылым мен әлемдік экономика күн өткен сайын шие­ленісіп, күрделеніп барады. Еліміз де кейінгі жылдары аса күрделі сынақтардың тағы бір тарихи кезеңін бастан өткеріп жатыр. Сол тұрғыда біз, Мемлекет басшысы айтқандай, бірлік пен ынтымақтың арқылы бұл қиындықтың бәрін жеңуге, шынығып, ширап, бұрынғыдан да мықты болып шығуға тиіспіз.

Мамырдың майса шуағындай мейір­бан мереке – Қазақстан халқының бірлігі күні қасиетті қазақ топырағында тағ­дыр тоғыстырған туыстарға, бір туған бауыр­ларға айналған сан түрлі этнос өкілдері айтулы датаны кең ауқымда атап өтіп, бір-біріне жүрекжарды құттықтауларын арнайды. Барлық та, байлық та, бақыт та бірлікте екенін әрдайым есте тұтып, бағалай білейік. Тәуелсіздік тірегі – іштегі ынтымақ пен сырттағы ықпалдастық, бүгінге деген төзім мен сабыр, ертеңге деген үміт пен сенім. Қазақстан халқының бірлігі – жүздеген халық пен миллиондаған адамның бақыты, зейнетінің кепілі.