Елімізде алғаш рет атақты Леонардо да Винчидің «Әдемі ханшайым» картинасы көпшілік назарына ұсынылды. Жаһанның жауһар мұрасы Астанаға Мәдениет және ақпарат министрлігі, Италияның Астанадағы елшілігі, Алматы қаласындағы Италия мәдениет институты, «ForteBank», «Mastercard» және «Scripta Maneant» баспасының ыждағатымен әкелінді. Оны ұлттық музейдің иммерсивті залына орналастырды. Ендеше, көзбен көріп, көңілмен түйгенімізді байыппен баяндайық.
Баспасөз конференциясы басталды. Музейдің мәжіліс залына қала жұртшылығы, әдебиет және мәдениет қайраткерлері, тілшілер және алыс-жақын елдерден келген меймандар жиналды. Ең әуелі данышпан да Винчи және оның картинасы хақында таныстыру сөздері айтылды.
Иә, ол – Ренессанс дәуірінің жарық жұлдызы. Еуропа өркениетінің ең басында тұрған тұғырлы тұлға. Суретші, инженер, ұста, музыкант, математик, өнертапқыш – бұл Леонардо таланттарының бір бөлігі ғана. Ал оның археология, астрономия, архитектура саласындағы ұшан-теңіз еңбегін оқымақ түгілі, санап тауысу қиынға соғады. Мұның барлығы – бір-ақ адамның бойындағы қабілет. Заманында оны жақсы дегендер де, бақсы дегендер де жетіп артылды.
Бірі әзәзілге қол тапсырған әумесер, италиялық Фауст десе, бірі әулиеге балап, оны қасиетті рух иесі деп санады. Бірақ оның даусыз дарын, талассыз талант екеніне ешбір адам шек келтіре алмайды. Леонардоның бір ғана «Моно Лизасы» неге тұрады? Ол өнер тарихындағы ең танымал картиналардың бірі. Әлі күнге дейін Луврдағы осы бір ғажап әрі тылсым туындыны көру үшін жұртшылық жер шарының түкпір-түкпірінен ағылып келеді. Олар Джаконданың жанарынан жаратқанның жамалын тануға болатын құдіретке имандай сенеді. Мұның өзі сүлей суреткердің мың жылда бір туатын бірегейлігін анықтап тұрған жайт емес пе? Ал «Жасырын кешкілік» картинасы ше? Ғайса пайғамбар мен он екі айдай апостолдарының кескіні таңырқатпай қоймайды. Мұнда сізге эстетикалық ләззат сыйлап отырған нәрсе – оқиғадағы дауыл алдындағы тыныштық. Қанын ішіне тартып сұрлана қалған сатқын Иуда Искариоттың толық бет-жүзін Леонардоға дейін ешкім кенепке түсірмеген еді. Нарықта бұл туынды 50 млн долларға бағаланады. Ал сіз бен біз көруге мүмкіндік алып отырған «Әдемі ханшайым» картинасының бөгенайы тіпті бөлек.
Бұл картина «жас қалыңдық» немесе «профильдегі әйел портреті» деп те аталады. Мұнда біз қызыл, қара және ақ бормен пергамент парағында жазылған ренессанс костюміндегі қызды көреміз. Оксфорд профессоры Мартин Кемптің айтуынша, бұл портрет Милан билеушісі Лодовико Мороның заңдастырылған қызы Бианка Сфорза бейнеленген Леонардо да Винчидің жұмысы. Сонымен конференцияға қайта оралайық.
Италия мәдениет институтының директоры Эдоардо Кризафулли «Әдемі ханшайымды» Қазақстанға әкелу оңайға соқпағанын атап өтті. «Швейцариядан арнайы әкелінген картина жоғары сападағы күтімді қажет етеді. Осы тұрғыда Қазақстанның технологиялық жоғары біліктілігі бізге оң әсерін тигізді. Астанадағы ұлттық музей – әлемдегі ең озық музейлердің бірі екеніне көзім жетті. Сондықтан бұл ел «Әдемі ханшайымға» бесіктей жайлы болатынына еш күмән келтірмеймін», деп ағынан жарылды.
Ал «Scripta Maneant» баспасының бас директоры және негізін қалаушы Джорджио Армароли әріптесінің сөзін қуаттап, Италия мен Қазақстан арасындағы мәдени байланысты нығайта беру керектігін атап өтті. Ресми баяндамадан кейін әнтек әзілдегісі келді ме, «Біздің ханшайымды көрсе «Алтын адам» сөзсіз ғашық болып қалар еді» деп айтып қалды. Достық рәуіште айтылған сөз екенін бірден ұқтық. Әйтсе де тыңдап отырған халық Моно Лизаның жымиысы секілді не күлімсірерін, не тіксінерін білмей қалды. Қош, сонымен баспасөз конференциясы аяқталып, көрменің тұсаукесеріне де жеттік.
Салтанатты іс-шара музей атриумында өтті. Қызыл лентаны қию рәсіміне Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова, Италияның Қазақстандағы елшісі Марко Альберти, көрме демеушісінің бірі «Forte bank» атқарушы директоры Әлия Есжан, Қазақстан және Орталық Азиядағы «Mastercard» директоры Санжар Жамалов, Италия мәдениет институтының директоры Эдоардо Кризафулли және «Scripta Maneant» баспасының бас директоры және негізін қалаушы Джорджио Армароли қатысты.
Сонымен Шалкиіз жыраудың Би Темірге «Бармай тапқан Қағбамсың» дегеніндей, Қазақстанға да Винчидің туындысы өз аяғымен келді. Әлбетте, бұл – өнер жанашырлары үшін таптырмас мүмкіндік.
Ұлттық музейдің 10 жылдығына орай ұйымдастырылған танымал туындының көрмесі музейдің төртінші қабатындағы Мультимедия залында 7 маусымнан 4 тамызға дейін жалғасады.