Бүгінде адам санасы барлық іс-әрекетін экологиялық тұрғыдан қарастырмаса, тіршілігімізге қауіп төніп тұрғаны сөзсіз. Әл-Фараби атамыз айтқандай, «Дүниеде бәрі математикалық дәлдікпен орналасқан, орнынан бір нәрсе жылжыса, табиғаттағы тепе-теңдік бұзылады». Бір жақсысы, осы ретте жастар өз болашағына жауапкершілікпен қарайтынын олардың жыл сайынғы өтетін Ұлттық экологиялық форумға қатысуынан білуге болады. ІІ Ұлттық экологиялық жастар форумы «Жандану әлемі» қорының құрылтайшысы Ә.Назарбаеваның жеке бастамасымен жақында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткен болатын.
Форумның бас әріптесі Тұңғыш Президент қоры, форумның ұйымдастырушылары Білім және ғылым министрлігі және «Жандану әлемі» қоры болып табылады. Форумның басты мақсаты жастардың қоршаған ортаға деген ықпалын жақсарту, экологиялық ағарту, экологиялық мәдениетін құру және қоғамның түйсігін қалыптастыру саласындағы «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасын жүзеге асыру; жастардың өзекті экологиялық мәселелерді шешуге байланысты зерттеулерге, тәжірибелік және қоғамдық жұмысқа белсенді тартылуын қамтамасыз ету. Жиынды Ғылым және білім министрлігі өкілдерінің, Германия мен Финляндияның ғылыми сарапшыларының қатысуымен экология саласындағы халықаралық білім беру бағдарламаларының тұсаукесері ашты. Бұл форумға еліміздің барлық жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Әр оқу орнынан жалынды жастардан құралған командалар келді. Форумның үш күндік жұмысы барысында Республикалық ғылыми-зерттеу жұмыстарының байқауы шеңберінде экология саласындағы бірлескен жобаларды жоспарлау, табиғатты қорғау қызметі саласындағы теориялық және тәжірибелік білімді талқылауға арналған алаң құрылды. Форумға келіп түскен студенттердің 100-ге жуық ғылыми еңбегі жинақталып, осы саладағы сарапшылар ұжымы үлкен саралау жұмысын жүргізді. Эко-форумның бағдарламасына «Менің жасыл қалам – менің арман қалам» тақырыбына ЖОО арасында Ботаника бағының аумағында өткен байқаулық бағдарлама, Медеу шатқалына экскурсиялық тур, «Барлығы отбасынан басталады» бейнероликтер байқауы, «Балалық шақтың балдәурен ғаламшары» балалар эко-шығармашылығының көрмесі кірді. Ұлттық форум Гала-концертпен аяқталды, онда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қорының «Жандану әлемі» қорымен бірлесіп жүзеге асыратын «Балалық шақтың балдәурен әлемі» әлеуметтік жобасының тұсаукесері болды. Форумның жұмысына Қазақстанның барлық аймағын қамтыған еліміздің 34 жоғары және арнайы оқу орындарынан келген 1540 делегат қатысты. Ең үздік жұмыстардың авторлары, форумның бас әріптесі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қоры тағайындаған арнайы сыйлықтарды У.Асен, А.Болатбек, А.Дәрменқұлова, М.Жұмабекова, Ш.Желенова, Г.Елшібек, Г.Сейтмағанбетова, М.Сарман, А.Якуценя сынды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері еншілегенін мақтан тұтамыз. Студент жастарымыздың белсенді ой, пікірталасына қарап, кеңінен қанат жайған экологиялық форумға ақ жол тілейміз. Әлия Назарбаева бастаған ұйымдастырушы азаматтардың осы отансүйгіштік рухтағы патриоттық бастамасы жастарымыздың бойында ең басты қазыналарымыздың бірі – экологиялық сананы қалыптастыруға болашаққа да қызмет ете берсе, нұр үстіне нұр демекпіз.
Тұрсынкүл БАЗАРБАЕВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың энергоэкология кафедрасының меңгерушісі, география ғылымдарының кандидаты, доцент.
АЛМАТЫ.
Сурет: http://www.zhandanu.com/