• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
12 Маусым, 2015

Тағаттылық – адамзат таңдауы

402 рет
көрсетілді

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері V съезінің кешегі жалпы отырысы мен жабылу салтанатына Ел­басы Нұрсұлтан Назар­баев қатысты. Жалпы оты­рысты Парламент Сена­тының Төрағасы, съезд Хат­шы­лығының Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ашып, жүр­гізіп отырды. Ол кешегі отырыстарда сындарлы пікірлер айтылғанын ауызға алып, съезд жұмысының жоғары дең­гейде өтіп жатқанын атап көрсетті.

Жалпы отырыстағы алғашқы сөзді Қ.Тоқаев форумға қатысу үшін арнайы келген Иордания Королі ІІ Абдаллаға берді. Қазақстан – Шығыс пен Батысты байланыстырып отырған алып мемлекет. Соншалықты аумағына сай Қазақстанның Шығыс пен Батыс руханиятын, өркениетін жақындастырып отырғанына тәнтімін. Бүгінгі таңда осындай үнқатысу алаңы өте қажет. Заманауи қатерлер ешкімді де бей-жай қалдырмайды, оларға қарсы бірлескен шаралар қолдансақ қана зауалдарды ауыздықтай аламыз. Барлық дін өкілдері үшін әлем ортақ, бәріміз үшін ол жалғыз. Қазір жаһандық қоғамдастығымызға қатер төніп тұр. Дін атын жамылғандар бәрімізге ортақ қатер төндіруде. Соның ішінде Ислам әлемі де бұл қауіптен тыс қалып отырған жоқ. Әсіресе, зорлық-зомбылық әрекеттерге жастарды тартушылардың қаупі зор. Олар шағын топ болса да зияндылығы жылдам тарауда. Турасын айтатын болсақ, олардың қасиетті Исламға ешқандай қатысы жоқ. Алайда, бір құмалақ бір қарын майды шірітуі мүмкін. Сондайлардың Алла атын жамылғанына қарай, жұрттың бәрі мұсылмандардан теріс айналмауы керек. Керісінше, бәріміз бірлесе отырып, осындайларға қарсы күш біріктіруге тиіспіз. Соның ішінде мұсылман қауымының белсенділігі зор болғаны жөн. Иорданияның ресми ұстанымы да осындай. Біз діндердің бір-бірін құрметтеуін, бір-біріне төзімділік танытуын қалаймыз. Терроризм мен экстремизмге қарсы бірлескен кешенді шаралар ғана әлемдегі бейбіт өмірді сақтап қала алады. Сонымен бірге, дағдарысты аймақтарда өмір сүріп жатқан халықтың тағдырына араласып, оларға көмек қолын созу бәріміздің міндетіміз, дей келіп, сөзінің аяғында Иордания Королі шын мұсылман барлық адамды бауырым деп санайтынын атап көрсетті. Ислам діні – шынайы сенім діні, олар бір-бірімен кездесіп, амандасқанының өзінде алдымен бейбіт өмір тілейді, деді ІІ Абдалла.

Келесі сөз БҰҰ Өркениеттер альянсының жоғары өкілі Насер Абделазиз әл-Насирге берілді. Өзінің сөзін ол Қазақстандағы діни ахуал және этностық қарым-қатынас туралы айтудан бас­тады. Қаншама көпэтносты және көпконфессиялы болса да Қазақстан билігі олардың арасында бейбіт өмір орнатып отыр, осының өзі бүкіл әлемге үлгі боларлық, деді ол. Біздің әлеміміз бүгінгі күні теңдессіз тұрақсыздық жағдайын басынан кешіруде. Сондықтан да біздің бүгін нағыз әділетті және бейбіт жолға ұмтылып, сол үшін жиналып отырғанымызды бәріміздің Алланың алдындағы адал ісіміз деп тануымыз керек. Бүгінгі күні ұйымдасқан қылмыстар, есірткі бизнесімен айналысатын жүздеген топ миллиондаған адамның өміріне қауіп төндіруде. Оның үстіне, осындай қатерлер мемлекеттер арасындағы шекаралық кедергілерден асып түсіп жатыр. Бүгінгі әлем біздің 20 жыл бұрынғы әлемімізден мүлде бөлек. Инновациялық жаңалықтардың көбін қылмыстық топтар өз пайдасына ұқсатып кетуде. Әсіресе, жастарды түзу жолдан тайдыруға олардың ықпалы зор. Міне, осындай қасіреттерге тек діни көшбасшылардың белсенді әрекеттері ғана қарсы тұра алады ғой деп ойлаймын. Саналарға имандылық, рухани тазалық ұрығын себу ғана жас­тарды бұзылудан сақтайды. Біз БҰҰ Өркениеттер альянсының жанынан осындай істермен айналысатын кеңес құрып жатырмыз. Дін қайраткерлері осы кеңес арқылы жастарға үндеу жариялап, оларды түзу жолға тартуға ықпал етер деген үміттеміз. БҰҰ тарапынан бұл іске қолдау білдірілуде, деді әл-Насир. Келесі сөз Минск және Слуцк митрополиті, Бүкіл Беларусь патриархы Павелге берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев оның кеше Мәскеу және Бүкіл Ресей патриархы Кириллдің съезге арнаған сәлемхатын жеткізгенін атап өтті. Митрополит Павел де өзінің сөзін съезді ұйымдастырушыларға деген алғыстан бастады. Мен оны өте ауқымды халықаралық форум деп санаймын. Адамзат бүгінгі күні күрделі ахуалға тап болып отыр, осындай үнқатысу алаңдарының болғаны және ондағы келісім ғана жүректерге болашаққа деген сенім ұялатады. Бүгінгі күні ғасырлар бойы қалыптасқан имандылық мұраттары аяқасты етіліп, бұрмалануда. Сөйтіп, олар теріс пиғылда пайдаланылуда. «Өзің үшін ғана өмір сүр» деген өзімшіл қағидат белең алып тұр. Қоршаған ортаға деген эгоистік қатынас бір-бірімізге деген өшпенділікке алып келді. Осының кесірінен жергілікті қақтығыстар, дінге негізделген шиеленістер өрши түсуде. Сондықтан біз асыл діндеріміздегі адами құндылықтарымызды жаңғыртып, жастардың оларды қабылдауына әсер ететін шараларға жаппай кіріскеніміз абзал. Озық үлгілер арқылы дәстүрлі этикалық қағидаттардың күш алуына үлес қосуымыз керек. Тек дін иелері емес, бүкіл қоғам иманды болғанда ғана адамзаттың алға сеніммен аяқ басуына жол ашылады. Сонымен қатар, қауіпсіздіктің ең басты кепілі – діндер арасындағы ынтымақтастық екенін ұмытпайық, деді сөзінің соңында митрополит Павел. Сөз кезегі өзіне тигенде ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы италиялық Ламберто Заньер өзінің съезге қатысып отырғанына қуанышты екенін жеткізді. Одан әрі ол ЕҚЫҰ жұмысының бағдарлары туралы анықтама бере келіп, дін лидерлерінің съезі оның негізгі қағидаттарына сай, яғни аймақтық және әлемдік қауіпсіздікке үлес қосатынына сенімді екенін білдірді. Зорлық-зомбылық пен экстремизмді дәстүрлі және әлемдік діндердің бәрі де жоққа шығарады. Адамдарға олардың Құдай ісіне қарсы екенін уағыздайды. Керісінше, экстремистер дін атын жамылып, зорлық-зомбылықты насихаттайды. Сондықтан экстремизмді діннен бөлек, оған қарсы әрекет екенін әшкерелеудің маңызы зор. Осы тұрғыда біздің ұйым да бірқатар шаралар ұйымдастырып отыр. Соның ішінде Жерорта теңізі бойындағы қауіпсіздік мәселесіне арналған конференция биыл Иорданияда өтетін болды. Астанадағы осы үнқатысу алаңы да өзара түсіністікті кеңейте түседі деп санаймын. Демек, оның да халықаралық қауіпсіздікке қосып жатқан үлесі үлкен. Діни экстремизм, фанатизм сияқты түсініктердің және олардың зияндылықтарын дін лидерлерінің әшкерелеуінің маңызы зор. Діни тұрғыдан білім беру, осы бағыттағы ағартушылық жұмыстар позитивті ұстаным болып табылады. Соның ішінде террористік топтардың, теріс идеологиялардың діни сенімнен мүлде теріс әрекетпен айналысатынын да жастар арасына кеңінен таратқан дұрыс болар еді.

Бәрімізге ортақ бейбітшілік мұраттарын насихаттауға берілген бүгінгідей тамаша мүмкіндік әлемдік бейбітшіліктің нығаюына ықпал етеді деген үміттемін, деді Бас хатшы сөзінің соңында. Келесі сөз Кентербери архие­пис­копының өкілі, ағылшын шір­кеуінің епископы Ричард Аткинсонға берілді. Бірінші күнгі жалпы отырыста ол Кентербери архиепископының съезге арнаған құттықтау сөзін оқып берген болатын. Енді өзінің съезге арнаған сөзін айтты. Осы форум арқылы біз өзара ынтымақтасудың басты бағыттарын талқылап отырмыз. Біз бір-бірімізді қолдап, құрмет көрсету арқылы экстремистік, радикалдық топтардың жауыққыш ниетіне тойтарыс беріп, олардың идеологиясының терістігін әшке­релейміз. Осындай форумдарды кеңейтіп, жиі және көлемді түрде өткізе беру керек деп санаймын. Адамдардың санасына зорлық-зомбылыққа, өзінікін ғана дұрыс деп санайтын біржақтылыққа орын болмау керектігін дін қай­рат­керлері мейлінше кең көлемде насихаттай беруі керек. Одан әрі епископ Кентербери шіркеуінің Англия қоғамындағы түсіністік пен келісімді сақтау бағытында атқа­рып жатқан жұмыстарына тоқ­талып өтті. Соның ішінде «Біз­дің жақын көршілеріміз» деген бағдарламаны іске асырып жат­қандарын айтты. Бұл бағдар­лама бойынша басқа діндер­ді тұтынатын көршілерге деген төзімділік, олардың сенімін сый­лау бағытында халыққа насихат жүргізіледі. Бағдарлама Анг­лия­ның қалалары ғана емес, ауылдық жерлерін де қамтыған. Оған билік тарапынан да қолдау білдіріліп, оның белсенділеріне 5 мың фунт стерлингке дейін грант береді. Соңғы 4 жыл ішінде жоба үлкен оң нәтижелерге қол жеткізді, деді ол. Кезегі келгенде «Джинджя Хонче» синтоизм храмдары қау­ым­дастығының атқарушы дирек­торы Таненори Тераи (Жа­по­ния) өз сөзін айтулы шараны ұйымдастырып отырған Қазақстан мемлекетіне, Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдіруден бастады. Бұдан ары Жапония өкілі әлем бойынша экономикалық даму мәселесіне көбірек көңіл бөлініп, рухани құндылықтарға соншалықты назар аударыла бермейтінін, соның себебінен түрлі қиындықтар, кесірлі келеңсіздіктер өршіп бара жатқанын айта келіп, Жапонияда да осындай үрдіс қалыптасқанын жеткізді. Таненори Тераидың ай­туынша, рухани-мәдени бай­лық­тарды насихаттаудың, оны адамзат өмірінің негізі ретінде бағалай білудің маңызы зор. Әлемдік сын-қатерлерді азайту, ықтимал қауіптердің алдын алу үшін рухани құндылықтарға басымдық беру уақыт талабы. Мұны бәріміз түсінуіміз керек. Бұл мәселеде Қазақстанның бастамасы көңілге жылылық ұялатады. Түрлі діндер мен мәдениеттердің өкілдерін, саяси қайраткерлерді Астанаға жинап, жаһандық проблемаларды бірлесе шешуге үндеу көрегенділікті білдіреді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы съезді шақыру арқылы адамзат баласына дін­дер­дің, мәдениеттердің қадір-қасиетін ұғына отырып, оның әлеуетін бейбітшілік орнатуға пайдалану қажеттігін меңзеп отыр, деді «Джинджя Хонче» синтоизм храмдары қауымдастығының атқарушы директоры. Бұдан кейін сөз кезегі Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Ислам ұйымының (ИСЕСКО) Бас директоры Аб­дулазиз Осман ат-Туэйджриге берілді. Аса қамқор, мейірімді Алланың атымен бастаймын. Жоғары мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаев мырза, съезге қатысушы жақсылар мен жайсаңдар, мен үшін сіздердің алдарыңызда сөз сөйлеу зор құрмет. Біз әлемдік деңгейдегі қайраткерлердің басын қосқан, дінаралық келісімді нығайта тү­суді, жаһандық мәселелер туралы ой қозғап, оның шешілу жолдарын қарастыруды мақсат еткен съезге қатысып отырмыз. Мен осы берілген мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ыстық ықыласым мен алғысымды білдіргім келеді, деген ИСЕСКО Бас директоры одан әрі қазіргі таңда ғаламды тол­ған­дырып отырған өткір, өзекті мәселелерді, оның зардаптары жөнінде әңгіме өрбітті. Әлемнің қауіп­сіздігіне нұқсан келтіріп отыр­ған күштермен күресу, лаң­кестік пен атыс-шабысты тоқтату біздің басты мақсатымыз болуы керек. Бұл бағытта қолға алынуы тиіс жұмыстар өте көп. Солардың ең бастыларының бірі ретінде жаһандық үнқатысудың қажеттігін айтар едім. Әсіресе, дінаралық келісімнің, мәдениеттер арасындағы шынайы байланыс орнатудың маңыздылығы қаперден шықпауы тиіс. Адамзатты ізгі­лікке, мейірімділікке, ынтымаққа үн­деуде діндердің әлеуетін пайдалану қажет-ақ, деді Абдулазиз Осман ат-Туэйджри. Бұдан бөлек, ол Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі ғалам жұртшылығына ой салатынын, айтулы шараны ұйымдастыру заман талабына сәйкес келетінін жеткізді. Сондай-ақ, Абдулазиз Осман ат-Туэйджри өзі басқарып отырған Ислам ұйымының бейбітшілік пен тұрақтылық орнату бағытында атқарып жатқан жұмысына, қолға алынған ұтымды бағдарламалар тұрғысында айта келіп, Қазақстан мен ИСЕСКО жер бетіне тыныштық пен та­тулық дәнін себу бағытындағы мақсат-мүдделерінің ұқсас екенін, сондықтан, Ислам ұйымы Қазақстан тарапынан көтерілген ізгілікті бастамаларға үнемі қолдау білдіретінін жеткізді. Сөзінің соңында ИСЕСКО Бас директоры барша қазақстандықтарға, Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жүрекжарды лебізін білдірді. Дүниежүзілік лютеран қау­ымдастығының президенті Муниб Юнан да өз сөзін съезді ұйымдастырушылар мен оған қа­тысушыларға алғысын айтудан бастады. Сондай-ақ, ол әлем жұртшылығы діни лидерлердің өзара түсіністікпен үнқатыса отырып, жаһандық түйткілдерге, лаң­кестік пен экстремизмге, алау­ыздық отын тұтатушыларға қарсы күш біріктіру мақсатында жиналып, кеңесе алатынын көруі керек. Осы орайда, Астана бізге мүм­кіндік беріп отыр. Діни лидер­лер лаңкестікке, экстремизмге қарсы үн қатпаса, бөтен пиғылдылар дегенін жасай береді, деді. Өз ойын әрі қарай жалғай түскен Дүниежүзілік лютеран қауымдастығының президенті экстремизмді белгілі бір дінге ғана теліп көрсету дұрыс еместігін, әрбір діннің өз экстремистері бар екенін айтты. Мен бүгінгі өте маңызды басқосуда дін жантүршігерлік оқиғалардың себепкері емес, түйткілді оңтайландыра шешуші күш екенін шынайы пейіліммен жеткізгім келеді. «Діни экстремизм» дегенің дін емес. Бұл – нағыз дінді қорлайтын құбылыс. Экстремистер дін атын жамылып, өздерінің арам пиғылдарын жүзеге асырғысы келеді. Ол дін лидерлері үшін ғана емес, озық ойлы адамзат баласына үлкен сынақ. Үнсіз қалсақ, экстремистердің сыбайласы боламыз, деді спикер. Оның сөзіне қарағанда, лаңкестікке, экстремизмге, жат әдеттерге қарсы тізе қоса қимылдауда Астанадағы съездің маңыздылығы өте жоғары. Себебі, дін лидерлерінің өзара сұхбат құруына мүмкіндік беретін, Қазақстанда тұрақты өткізіліп келе жатқан форумның беделі зор. Бұдан кейін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері V съе­зінің Декларациясы қабылданды. Құжаттың мазмұнын Дінаралық үнқатысу жөніндегі Папа кеңесінің президенті кардинал Жан Луи Торан оқып шықты. Жиын соңында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорытынды сөзді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа берді. Қазақстан Президенті съезге Иордания Королі ІІ Абдалланың қатысып отырғанына, ол баста­машылық еткен «Амман жолдауы» мен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің үндестігіне, бұл бастамалардың өркениеттер мен конфессиялар арасындағы сындарлы үнқатысуды дамыту үшін қажетті тұғырнама қызметін атқаратынына назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев жұмысы аяқталуға таяған съездің делегаттары қонақжай қазақ жеріне тағы да жиналу арқылы басты мақсатқа қол жеткізгенін атап өтті. – Діндер, халықтар және мемлекеттер арасындағы татулық пен келісімнің аса маңызды екендігін түсіну үшін бір-бірімізге тағы бір қадам жақындай түстік. Діндердің өзара ықпалдастығы мен олардың жаһандық даму жолындағы рөлі туралы ашық сұхбат жалғасын тапты. Әлемнің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі жолындағы ын­ты­мақтастыққа деген ортақ мүд­делестік бар екені аңғарылды. Өмір­дің өзекті мәселелері жөнінде съезге қатысушылардың бар­лығының ортақ немесе ұқсас ұстанымдары көрініс тапқан декларация мақұлданып, қабылданды. Қазақстанның елордасында екі күн бойы түрлі тілде, түрлі дәстүр бойынша бейбітшілік, келісім, әділеттілік, кешірімділік және жақыныңа деген сүйіспеншілік туралы ортақ тілек-дұға жасалды, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті съезге қатысушылардың бәріне жемісті жұмыстары үшін алғыс айтты. – Құдайға жасаған құл­шылықтары арқылы Қазақ­станның өсіп-өркендеуіне ниет­тестік білдіріп, елімізге бақ-береке тілегені үшін түрлі діннің барша қызметшілеріне алғыс айтамын. Съездің барлық зайырлы қонақтарына – саясаткерлерге, қоғам қайраткерлеріне, сарапшылар мен журналистерге іс-шараны табысты өткізуге, біздің идеяларымызды ілгерілетуге қосқан баға жетпес үлестері үшін шын жүректен ризашылық білдіремін. Дүниеде сенім мен ақылды ұштастыратын ақиқаттан артық ештеңе жоқ. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері рухани тұлғалар мен саясаткерлердің үнқатысуы пішімінде өтіп келеді. Осылайша біз адамдар арасындағы татулық пен келісім мәселелеріне қатысты іс-қимылдың ізгі сипаты ар-ұждан мен рухани қуат арқылы арта түскенін қалаймыз. Барша қатысушыларды съездің игі әрі бейбітсүйгіш ахуалын өз пікірлестеріне, серіктестеріне жеткізуге шақырамын, – деді Нұр­сұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі жаһандық үнқатысудың өзектілігін, оның қажеттілігі арта түскенін тағы да айқын көрсетіп бергенін айтты. – Сөз бен тіл, яғни тілдесу мен үнқатысу – адам баласына, адам­затқа берілген Құдайдың теңдессіз сыйы. Біздің парызымыз – оның бітімгершілік және жасампаз қуа­тын толығымен пайдалану. Бүгінгі V съезде жалпыға ортақ тату­лық пен мейірім, әділеттілік пен рухани үйлесім дәуіріне қарай тағы бір қадам жасалды. Біз жа­һанды күмән-күдік жайлаған кезеңде тек бір-бірімізбен тілдесу арқылы ғана үмітті, болашаққа деген се­німді оятуға болатынын дә­лелдедік, – деді Қазақстан Президенті. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан На­зарбаев съездің қызметіне қатысты ұсыныстарын айтты. – Қазірдің өзінде съезіміздің бай тарихы қалыптасып үлгерді. Біз бетпе-бет сұхбат құру жөнінде елеулі тәжірибе жинақтадық, сұхбаттасу мен өзара түсінісу дәстүрлерін орнықтырдық. Діндер мен өркениеттердің өзге де өзара ықпалдасу ұйымдарымен байланыс жолға қойылып келеді. Сон­дықтан мен Астанадағы осы­нау ғимаратта Бейбітшілік және келісім музейін ашуды ұсы­намын. Съезіміздің тарихына деген мұндай игі көзқарас, адамзаттың даму проблемалары жөніндегі бірлескен шешімдер тәжірибесін жинақтап, қорыту діндер мен халық­тардың татулығы мен өзара түсі­ністігін нығайту үшін аса маңыз­ды болмақ. Бейбітшілік және келісім музейі, сондай-ақ, дін­дер мен мәдениеттер үнқаты­суы тарихын зерттейтін съезд жанындағы ғылыми мекеме болады, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті діндер мен мәдениеттер үнқатысуын ілгерілетуші тұлғаларды ма­ра­пат­таудың да маңыздылығына тоқ­талды. Осы орайда, Мемлекет басшысы «Рухани татулық пен келісімді дамытуға және нығайтуға қосқан үлесі үшін» атты сыйлық тағайындауды ұсынып, оны Дін лидерлері кеңесінің шешімі бойынша беруге, съездің жалпы отырысында тапсыруға болатынын айтты. Президент Нұрсұлтан Назар­баев съездің екі күндік жұмысы әлемге дамудың ең қолайсыз сце­нарийлеріне жол бермеуге болады деген үміт сыйлағанына, адамзат даналығы мен жауапкершілігіне деген сенім ұялатқанына назар аударды. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз тарапынан форум жұмысына қатысушыларға ризашылығын жеткізді. Бұдан кейін съезге қатысушы мәртебелі қонақтарды Бейбітшілік және келісім сарайының алдында құрметпен шығарып салу рәсімі өтті.

Жақсыбай САМРАТ, Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».