Парижде өтіп жатқан XXXIII жазғы олимпиадада Алматы облысынан 5 спортшы ел намысын қорғап жатыр. Олар 3 спорт түрінен олимпиада ойындарының лицензия иегерлері атанғаны туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ерболат Сарабеков мәлімдеді.
«Лицензия алған спортшылар саны бойынша Алматы облысы республикалық рейтингте 6-орында. Олимпия ойындарында Алматы облысынан стенд атудан – Әсем Орынбай, Едуард Ещенко, Дмитриенко Мария, оқ атудан – Чирюкин Никита, грек-рим күресінен Демеу Жадраев сынға түседі», деді басқарма басшысы.
Аймақтың оғландары бақ сынаған спорттық сайыстар қатары олимпиадамен шектелмейді. Күні кеше 25 маусым – 7 шілде күндері аралығында Якутияда VIII Халықаралық «Азия балалары» спорттық ойындарына өңірден 7 спорт түрінен
9 спортшы қатысты. Ауқымды іс-шараның қорытындысы бойыншы Алматы облысының спортшылары 2 күміс, 2 қола медальдарға ие болды.
Сондай-ақ өңір спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда жалпы саны
1 344 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 482 алтын, 384 күміс, 478 қола жүлде қанжығаға байланды.
Олимпия ойындары аяқталғаннан кейін спортшылар көзге түсетін тағы бір ауқымды шара – V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары. Спикердің айтуынша, халықаралық деңгейдегі дүбірлі додаға Қазақстан ұлттық құрама командасының сапында өнер көрсетуге Алматы облысының 11 спортшысы – үміткер.
«Жоғарыда аталған жетістіктердің негізі – мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижиесі. Биыл денешынықтыру мен спортты дамытуға бюджеттен 14,9 млрд теңге бөлінді. Бұған қоса халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын үздік спортшыларды ынталандыру мақсатында, аймақтағы 239 спортшыға
51 000-500 000 теңгеге дейінгі аралықта Алматы облысы әкімдігінің стипендиясы төленіп отыр», деді Е.Сарабеков.
Алматы облысында «халықтың 1000 адамға шаққандағы спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз етілуі» көрсеткіші 49 пайызды құрайды. Осы жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 50,2 пайызға жеткізу жоспарланған.
Қазіргі таңда спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арқылы «Ангар» үлгідегі спорт кешенін салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Алматы облысы