Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданындағы төрт шағын ауылда күрделі жөндеуден өткен медициналық пункт пайдалануға берілді. Сайқын ауылдық округіне қарасты Шоңай елді мекенінде, Мұратсай ауылдық округіне қарасты Әжен елді мекенінде, Бисен ауылдық округіне қарасты Жетібай мен Көктерек ауылдарында медициналық пункт күрделі жөндеуден өтіп, бір күнде халық игілігіне тапсырылды.
Шалғай ауыл халқының осы қуанышына аудан әкімі Нұрлыбек Даумов пен аудандық аурухана басшысы Анарбек Белисанов ортақтасты.
– Ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсарту – Мемлекет басшысы өзі назарда ұстап отырған маңызды бағыт. Қасым-Жомарт Кемелұлы әр Жолдауында денсаулық саласына арнайы тоқталып, «Еліміздің басты капиталы – адам. Дені сау ұлт – мықты мемлекеттің берік тұғыры, негізі» деп нақтылап отырады. Медициналық қызмет сапасын арттыруда қадау-қадау игі істерді іске асыруға қомақты қаржы еш кедергісіз бөлініп келеді. Соның жарқын үлгісі – бүгінгі оқиға. Есептік кездесулерде азаматтар ауылдағы амбулатория мен медициналық пункттердің тозығы жеткенін, жедел жәрдем көліктері істен шығып, фельдшерлердің көліксіз қалғанын мәселе етіп көтерген еді. Күні кеше бірнеше округке жедел жәрдем көлігін табыстадық. Міне, бүгін медициналық нысандардың да мәселесі оң шешілгеніне куә болып тұрмыз. Биылдың өзінде Шоңай, Әжен, Көктерек, Жетібай, Тайғара, Кеңой елді мекендеріндегі медпункттерді күрделі жөндеу қолға алынды. Дәл бүгін төрт нысан пайдалануға берілді. Қалған екі нысанның жөндеу жұмысын жыл аяғына дейін аяқтаймыз. Осындай жарқын істеріміз жалғасты болсын, – деді аудан әкімі Нұрлыбек Жасқайратұлы.
Ауылдағы дәрігерлік пункттердің ғимараты ғана жөнделіп қоймай, ондағы құрал-жабдық та түгелдей жаңартылды.
Батыс Қазақстан облысы