• RUB:
    5.35
  • USD:
    478.74
  • EUR:
    528.24
Басты сайтқа өту
Есірткі Бүгін, 09:10

Тәркіленген есірткі – жарты тоннаға жуық

18 рет
көрсетілді

Өңірде есірткіге қарсы күрес қарқынды жүргізілгеніне қарамастан бұл кеселдің заңсыз айналымы әлі де өршіп тұр. Облыстық ПД ақпараттық сая­сат бөлімінің қызметкері Игорь Мецаловтың мәлімдеуінше, жыл басынан бері заңсыз айналымнан 476 кило 446 грамм түрлi есiрткi заты тәркіленген. Оның ішінде 5 кило 611 грамы – синтетикалық есірткі.

Тәркіленген есірткінің үштен екісі синтетика болып отыр. Нақтырақ айтқанда, жыл басы­нан бері анықталған 149 есірткі фак­тісінің 97-сі синтетикалық есірткі сатуға қатысты болса, 73-і осы есірткі заттарын сату фактісі. Мәселен, мамыр айында Петропавл қаласында ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «BMW» көлігіне мінген үш күдіктіні ұстады. Кейін анықталғанындай, 23 жастағы жүргізуші Алматы қаласының тұрғыны болып шықты. Ол полиция қызметкерлерінің тоқта деген белгісіне бағынбай, көлігімен қашып, жасырынуға тырысқан. Соңынан қуған кезде көліктің ішінде отырғандар терезеден қара түсті барсетканы сыртқа лақтырып жіберген. Алайда тәртіп сақшылары түйіншекті та­уып алғанда ішінен шамамен салмағы 1 кило болатын ұнтақ зат шыққан. Сараптама қорытындысына сәйкес, бұл α-PvP деп ата­­латын синтетикалық есірткі екені анық­­талды.

Күдіктілердің өздері де алысқа ұза­ма­ды, олардың көлігі «Жұмысшы» кентінен шыға берістегі айналма жолда тоқтатылды. Салонда жүргізушіден басқа 35 жастағы тағы бір алматылық және Астана қаласында тұратын 24 жастағы қыз болған. Бұлардың тұрағы Көкшетау қаласында екені анықталған соң солтүстікқазақстандық жедел уәкіл­­дер олардың қаладағы жалдамалы пәте­­рінен синтетикалық есірткі салынған түйін­шектер, электрондық таразы, буып-түю материалы, 1 кило синтетикалық есірткі, сондай-ақ 20 гр гашиш тәркіледі.

«Тәркіленген есірткінің жалпы сал­мағы 1,5 кило α-PvP және 0,5 кило «ме­федрон» болғанын анықтадық», дейді ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы басшысының міндетін атқарушы, полиция майоры Руслан Үмбетов. Қазір күдіктілердің үстінен қылмыстық тергеу жүргізіліп жатыр. Олар 15 жылға дейін бас бостан­­­дығынан айырылуы мүмкін. Ал үштік­тен тәркіленген есірткінің көлемі бұрын-соңды болмаған аса үлкені болып есептеледі.

Аймақта есірткіге қарсы күресте түрлі акция мен конкурс, кездесулер өткі­зіледі. Осы жылдың 7 айында наша­қор­лықтың алдын алу бойынша 563 іс-шара ұйымдастырылып, оған 35 мыңнан аса оқушы мен студент, сондай-ақ 6637 әскери қызметші қатысқан. Бұл жұмыстың барлығы жастардың есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыруға бағытталған. Жасөспiрiмдерге есiрткiнi, әсiресе синтетикалық есірткілерді пайда­ла­нудың орны толмас салдары туралы айтылды.

«Есірткінің таралуына қарсы күрес – полиция қызметінің басты басым­дық­та­рының бірі. Жедел уәкілдер есірткінің заңсыз айналымының жолын кесуге ғана емес, есірткі жарнамасын, тыйым салынған заттарды сататын интернет дүкендерді, есірткі курьерлерін тартатын ресурстарды анықтауға және бұғаттауға назар аударады. Қаңтар айынан бері осындай 48 ресурс бұғатталды. Өңіріміздің белсенді азаматтары күмәнді адамдар туралы ақпаратты t.me/sko_narkohelp_bot есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының Telegram-ботына хабарлайды. Қазір облыс тұрғындарының полицияға хабарлаған екі өткізу фактісі бойынша тексеру жүргізіліп жатыр», дейді Руслан Үмбетов.

 

Солтүстік Қазақстан облысы