Ата заң – мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі әрі заң үстемдігінің басты кепілі. Конституция күні қарсаңында Конституциялық сот пен Парламентаризм институты бірлесіп өткізген «Конституция: құқық үстемдігінің, азаматтық қоғамның және қазіргі мемлекеттің құндылықтарын іске асыру» атты халықаралық конференция еліміздің саяси және даму жолындағы стратегиялық бағыт-бағдарын айқындайтын Ата заңымызға арналды.
Іс-шараға Конституциялық соттың судьялары, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, ғылыми және заң қоғамдастығының, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы кеңсесінің өкілдері, сондай-ақ Германия, Финляндия, Швейцария, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінің сарапшылары қатысып, адам құқықтары мен бостандықтарын ілгерілетудегі конституциялық бақылаудың рөлі туралы пікір алмасты.
Басты назар мемлекет пен қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі Конституциялық сот төрелігін жетілдіруге аударылып, халықаралық сарапшылар конституциялық бақылаудың өз тәсілдері мен үлгілерін ұсынды. Жиында алғашқы сөзді алған Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова қатысушыларды алдағы Конституция күнімен құттықтап, көпжақты диалогтің маңыздылығын атап өтті. Ол конституциялық заңдылықты қамтамасыз ету – заң шығару және құқық қолдану аясындағы баршаға ортақ міндет екенін айтты.
«Барлық мемлекеттік орган мен лауазымды тұлға осы бағытта жүйелі, жоспарлы және мақсатты түрде жұмыс істеуге тиіс. Бұл ретте азаматтардың қатысуы осы үдеріске өз ықпалын тигізеді. Сондықтан азаматтарымыздың құқықтық мәдениетінің жоғары деңгейі мемлекеттілікті нығайтуға, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті сақтауға жәрдемдеседі», деді ол.
Оның айтуынша, жыл басынан бері Конституциялық сотқа азаматтардан 7 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Оларды қарау нәтижесінде 252 шешім қабылданды, оның ішінде заңдар мен заңға тәуелді актілердің нақты нормаларының Конституцияға сәйкестігін тексеруге арналған 50 нормативтік қаулы бар. «Конституциямыздың 30 жылдығы қарсаңында алдымызда әрбір азамат тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие болатын және қорғауында болатын Әділетті Қазақстанды ілгерілету жөніндегі Мемлекет басшысы белгілеп берген саясатты іске асыруды жалғастыру міндеті тұр», деді Э.Әзімова.
Жиында Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев Ата заңымыздың қысқаша тарихына тоқталып өтті. Оның айтуынша, 1995 жылы жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституция мемлекеттілігімізді дамытудың, адам құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз сақтаудың берік іргетасын қалады. Ал 2022 жылғы конституциялық реформа ел тарихындағы жаңа дәуірдің басталуын белгілеп берді.
«Мемлекеттік саясаттың негізі – Әділетті Қазақстанды қалыптастыру идеясы. Конституциялық бақылау эволюциясы вектордың мемлекет – адам мен азаматтың ең жоғары құндылығына, оның құқықтарын қорғауға бағытталғандығын көрсетеді. Адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғаудың жоғары миссиясын орындай отырып, Конституциялық сот өз шешімдерінде ұлттық конституциялық сәйкестікті құрайтын құқық, әділеттілік және гуманизм туралы түсініктерді қолдануға шақырады. Конституция бойынша (13-бап) әркім өз құқықтары мен бостандықтарын сотта қорғауға құқылы, сондықтан әрбір азамат тиімді қорғауды таба алатындығына, соттың әділдігіне сенімді болуының маңызы орасан зор. Мемлекет басшысы атап өткендей, барлық салада заң үстемдігі қағидатын сақтау – еліміздің серпінді дамуының негізі болуға тиіс», деді ол.
«Ел тарихындағы кейінгі үш жыл бетбұрыс кезеңі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен күрделі реформалар басталып, Ата заңға енгізілген өзгерістер саяси институттарымыздың тиімділігінің артуына, қоғамдық-саяси өмірді демократияландырудың қарқын алуына себепші болды». Осылай деген Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов кең көлемді реформалардың түпкі мақсаты мен басты өлшемі біз адам құқығын қаншалықты жалпыға ортақ әрі қолжетімді ете аламыз деген сұраққа тірелуге тиіс екенін айтты.
«Бірауыз сөзбен айтқанда, әділетті мемлекеттің басты сипаттамасы – заң үстемдігін іс жүзінде жүзеге асырумен көрініс табады. Бұл туралы Мемлекет басшысы жиі айтып келеді. Конституция мен заңдарға енгізілген өзгерістер де осыған бағытталған. Құқықтық танымның негізі – ешбір мемлекеттік орган, лауазымды тұлға, ешбір адам заңға бағыну міндеттемесінен босатылмайтынын түсіну. Азаматтардың мемлекет алдындағы жауапкершілігі болғаны секілді, мемлекеттік билік те азаматтар алдында жауапты», деді Мәжіліс депутаты.
Оның айтуынша, біз Әділетті Қазақстанды құру барысында адамдардың құқықтары мен бостандықтарын тегеурінді қорғауды ғана емес, сонымен қатар өзіміздің азаматтық міндеттемелерімізді де қатаң сақтауды мақсат қылуымыз керек. Жеке құқықтар мен бостандықтарды қорғау мен бекіту, олардың аясын кеңейту – заңға деген құрмет пен талапты күшейтумен қатар жүруге тиіс. «Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында Мемлекет басшысы: «Жаңа Қазақстан әділдік аумағында құрылады. Заң, әділдік және тәртіп біздің бақуатты өмірімізді айқындайтын нақты факторларға айналады» деп атап өтті», деді М.Магеррамов.
Парламентаризм институтының директоры Қанатбек Сафинов Конституция тек құқықтық акт емес, ол біздің қоғамымыздың тұрақтылығы мен өркендеуіне кепілдік беретін мемлекеттік құрылымның негізі екенін атап өтті. Жиырма тоғыз жыл бұрын күрделі геосаяси жағдайда республикамыздың даму бағытын айқындаған Конституциямыздың қабылдануымен ел тарихының жаңа кезеңі басталғанын айтты. «Онымен бекітілген азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, сондай-ақ саяси және әлеуметтік-экономикалық құрылымның негізін қалаушы қағидаттары әділетті және гүлденген қоғам құрудың берік іргетасына айналды. Бүгінде еліміз тек өзінің тарихи бірегейлігін ғана емес, қазіргі заманғы әлемдік үдерістерді көрсететін Негізгі заңымен мақтана алады. Халық билігі, теңдік, бірлік пен заң үстемдігі қағидаттары – елдің ұзақмерзімді даму бағытын анықтайтын мызғымас құндылықтар», деді ол.
Жиында баяндама жасаған Конституциялық соттың судьясы Ерлан Сәрсембаев Конституциялық сот қызметінің жаңа форматы ұлттық заңнамамызды жетілдіруге, сондай-ақ азаматтардың конституциялық құқықтарын іске асыру проблемаларын анықтауға мүмкіндік беретіндігіне тоқталды. Ол Конституциялық соттың Ата заңымыздың әлеуетін ашуға және оның нормаларының үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық ұстанымы көрініс тапқан кейбір шешімдерін мысалға келтірді. «Бұлар – азаматтарымыздың өз құқықтары мен бостандықтарын заңды тәсілмен қорғау мүмкіндіктері мен ерік-жігерін, сондай-ақ осы арқылы әділетті қоғам құруға қаншалықты үлес қоса алатынын көрсететін мысалдар. Заң үстемдік құратын және өмірдің барлық саласында құқық үстемдігі қағидаттары жүзеге асатын дәл осындай әділетті қоғам, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының пікірінше, ел дамуының негізі болуға тиіс», деді ол.
Жиында Парламентаризм институтының сарапшысы Әлібек Темірбеков, Мәжіліс депутаттары Марат Бәшімов пен Үнзила Шапақ, профессор Ларс Броккер (Германия), Мария Риэккинен (Финляндия), Мария Фигерас (Швейцария), т.б. баяндама жасады. Сарапшылардың айтуынша, конференция барысында әзірленген ұсынымдар елдегі құқық үстемдігін нығайтуға және конституциялық сот төрелігін одан әрі жетілдіруге бағытталмақ. Форумның қорытындысында мемлекет, қоғам және халықаралық сарапшылар арасындағы диалогтің маңыздылығы, бұл демократиялық құндылықтарды ілгерілету мен заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін өте маңызды екені атап өтілді.