Жуырда Отырар ауданының әкімдігі мен аудандық ардагерлер кеңесі бірлесіп игі іс жасады. Олар зейнеткерлердің Астана қаласын көріп қайтуы үшін сапар ұйымдастырды.
Ауданымыздан Астанаға 31 зейнеткер барды. Уақыттың түн ортасы болғанына қарамастан зейнеткерлер Темір теміржол бекетінен салтанатпен шығарып салынды.
Астанадағы Бейбітшілік және келісім, Тәуелсіздік сарайларында, Тұңғыш Президентіміздің мұражайында, «Бәйтеректе», «Ашық аспан астындағы», ұлттық және «Алжир» (саяси қуғын-сүргінге түскен азаматтардың әйелдері қамалған лагерь) музейлерінде, тағы да басқа көркем де сәулетті орындарда болған зейнеткерлер көңілдеріне көп ой түйіп оралды.
Қазіргі Астанамыз – өмірден озық тұрған келешектің қаласы. Сондықтан зейнеткерлер осы сапарды ұйымдастырғандарға алғыс айтуда.
Сейділдахан ЕЛБАСЫ,
Отырар ауданының құрметті азаматы.
Оңтүстік Қазақстан облысы.