Хромтау қаласындағы Кеншілер мәдениет үйінде «Tugan Qala» форумы ұйымдастырылды. Ел көлемінде баламасы жоқ бірегей бастама биыл тұңғыш рет тұрғындардың авторлық сценарийімен өтті. Шара тұрғындардың өздері ұсынғандай, қаланың тарихи орындарына квест, «Tugan Qala» бастамасымен бой көтерген нысандарды тегіс қамтып, қатысушылар өздерін қызықтырған тренингтер мен шеберлік сабақтарына қатысуға кеңінен мүмкіндік алды.
«Tugan Qala» форумына мемлекеттік органдар, өнеркәсіп индустриясы өкілдері, қазхромдықтар мен осы шараның ұйымдастырылуына атсалысқан бастамашыл тұрғындар, форумның бағдарламасын әзірлеуге қатысқан «Дөң» ТКБК қызметкерлерін қоса алғанда, жалпы саны 150-ден адам жиналды.
– ERG-дің «Tugan Qala» сынды маңызды жобаларын қызметкерлеріміз бен тұрғындардың қолдауынсыз іске асыру мүмкін емес. Бұл бастамаларға қатысушылар саны жылдан-жылға артып келеді. Біз олармен бірге елді мекенді «арман қалаға» айналдыруға ұмтыламыз, – деді Еуразиялық топ бас директорының персонал және мәдениет жөніндегі орынбасары Ақмарал Найзабекова. – Хромтау тұрғындары да бұл жобаға белсене атсалысып жатыр. Төрт жыл ішінде әлеуметтік жобаларға 2,2 млрд теңге жұмсалды. Атап айтсақ, балабақша, мәдениет сарайы, Хромтаудағы өзге де әлеуметтік нысандардың құрылысына қолдау жасаймыз.
Eurasian Resources Group (ERG) – табиғи ресурстарды өндіру мен өңдеу, энергетика, логистика және маркетинг салаларында толық біріктірілген, әлемдегі ең ірі әртараптандырылған компаниялардың бірі. Топтың құрылғанына биыл – 30 жыл. Бүгінде төрт құрлықта орналасқан ERG-дің кәсіпорындары өз саласы бойынша ең ірі жұмыс берушілердің бірі.
Форум қонақтары «Tugan Qala» жобасының Хромтаудағы алты нысанын аралап көрді. Қалаға арнаған тілектерін арнайы баннерге жазып қалдырды. Қонақтардың бір тобы орталық саябақтан бастап ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке дейін автобуспен серуендеп барып қайтты.
– Форумға қатысушылар бар-жоғы 10-12 миллион теңгеге сапалы, толыққанды инфрақұрылым нысандарын іске асыруға болатынын көріп, қайран қалды, – дейді форумды ұйымдастырушылардың бірі, Әлеуметтік технологияларды дамыту қауымдастығының менеджері Гауһар Асылбек. – Бұл – «Tugan Qala» жобасының тиімділігінің айқын дәлелі. Форум Хромтау қаласының дамуына септесіп, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Жобаның бірегейлігі мен қаржыландыру көлемі тұрғындардың жобаларға белсенді қатысуына және олардың жүзеге асуына жол ашады.
Одан бөлек, форумға қатысушыларға арналып, елдегі әлеуметтік кәсіпкерлік, қаржы, психология, сәулет және құрылыс салаларындағы жетекші сарапшылардың тренингтері мен шеберлік сабақтары жоспарланған. Мемлекеттік органдар және бизнеспен бірлесіп, қауымдастықтар құру жөніндегі шеберлік сабағы да бар. Форум меймандары бастаманың «Идеядан іске асқанға дейінгі» барлық сатысымен жіті таныса алады.
– «Tugan Qala» бастамасы – ерекше қызықты кейс. Барлық моноқаланың ортақ проблемасы – инфрақұрылым. Ал бұл бастама шағын қадамдармен үлкен іс тындырып, қаланы дамытуға сеп. Саябақ, аялдама, мурал – елді мекендердің көркі. Осындағы адамдардың көзіне шуақ үйіріп, көңілін жақсы істерге бұрады. ERG компаниясының бұл тәжірибесінен аларымыз көп, – деді KAZ Minerals өкілі Ермек Дүзкенов. Хромтаулықтар өздері жасаған бұйымдар мен бар аспаздық өнерін салған тағамдар жәрмеңкесі қаланың мәдениеті мен өзіндік ерекшелігін даралай түсті. Меймандар Хромтаудың дәмін татып, өздеріне ұнаған қолөнер бұйымдарын сатып ала алды.
Форум қорытындысында онлайн-байқау мен квест жеңімпаздары марапатталып, оларға естелік сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.
«Tugan Qala» жобасы – ERG жыл сайын облыс әкімдіктерімен арада жасасатын меморандумдар аясында бөлінген қаражаттың қайда бағытталатынын тұрғындардың шешуіне мүмкіндік беретін бастама. Түпкі мақсат – кәсіпорындардан түскен қаражаттың қай инфақұрылым нысандарына жұмсалуға тиіс екенін және қалада қандай нысандар салынатынын тұрғындардың өздері анықтап, сол арқылы қаланың дамуына тікелей өздерінің атсалысуына жол ашу.
Бастама Хромтау, Ақсу, Рудный қалалары мен Қашар және Октябрь кенттерінде іске асырылып жатыр. Биыл Лисаковск қаласынан да өтінімдер қабылданды. Жалпы, «Tugan Qala» жобасы 2019 жылы қолға алынды. Оның аясында бүгінге дейін 144 әлеуметтік нысан салынып, іске қосылған. Олардың қатарында балалар мен спорт алаңдары, арт-нысандар мен инклюзивті жағажай, шаңғы роллер жолы және т.с.с. бар. «Tugan Qala» жобасы аясындағы бастамаларды іске асыруға ERG бүгінге дейін жалпы сомасы 690 млн теңгеден астам қаражат жұмсаған.
Ақтөбе облысы,
Хромтау қаласы