• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Қараша, 2024

Мүмкіндігі шектеулі жанға – жайлы жағдай

134 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мүгедек жандарды әлеуметтік қорғау шаралары қаралды. Сондай-ақ отырыста Үкіметтің 2025 жылға арналған заң жобалау жұмысының жоспары мақұлданды.

Оң тәжірибені тарату керек

Мүмкіндігі шектеулі жандар туралы тиісті ведомство бас­шылары баяндама жасады. Ми­нистрлер мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру, медициналық көмек, оқыту, оларға кедергісіз орта құру мәселелерін шешу жолдары туралы айтты. Сондай-ақ қоғамдық ұйым өкілдері, бірқатар өңір әкімі атқарған жұмыстарымен таныстырды.

Елде барлығы 732 мың мүге­дектігі бар адам тіркелген. Үкімет азаматтардың осы санатын қолдау және кедергісіз жайлы ортаны қалыптастыру жөнін­дегі шаралар кешенін іске асырып жатыр. Мәселен, Әлеуметтік кодекс қабылданды, отбасылар­дың әл-ауқатына тұрақты мониторинг пен талдау жүргізуге мүмкіндік беретін Отбасы­ның цифрлық картасы іске қо­сыл­ды. Бұған қоса, мүгедектікті ресімдеу тәр­тібі оңайлатылып, проак­тивті форматқа ауыстырылды, оны сырттай белгілеу енгізіл­ді. Әлеуметтік қызмет­тер порталының жұмысы шең­берінде оңалту үшін қажетті техникалық құралдар мен рәсімдерді таңдау мүмкіндігі қолжетімді болды.

Премьер-министр мүге­дек­тігі бар адамдарды мемле­кет­тік қолдау жүйесі үнемі жетілдіріліп отыратынын атап өтті. Өңірлерде оңалту орталықтары ашылып жатыр. Былтыр Абай, Жамбыл және Түркістан облысында оңалту орталықтары пайдалануға берілді. Батыс Қазақ­стан облы­сындағы орта­лық­­тың құрылыс жұмысы жыл соңына дейін аяқтала­ды. Ақ­төбе облысының әкімдігі­не оңал­ту орталығының құры­лысын аяқтау үшін жұмыс қарқы­нын күшейту тапсырылды. Осындай орталықтарды Ақмола, Атырау, Жетісу облыс­тары мен Шымкент қаласында салу жос­парланып отыр.

Инклюзивті қалалық ортаны қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Бү­гінде елде мүгедектігі бар адам­дардың қажетіне инфрақұ­рылымның 45%-ы бейімделген. О.Бектенов нақты нәтижеге жетуде көзбояушылықсыз осы бағыт­та сапалы жұмыс жүргізу маңызды екенін айтты.

«Мемлекет басшысының тап­сырмасы бойынша мүге­дектігі бар жандарға қолай­лы әрі жайлы орта қалыптастыру бағытында жоспарлы жұмыс жүріп жатыр. Объектілерді мүгедектігі бар адамдардың, қарттардың ыңғайына қарай бейімдеу жұмысын күшейту қажет. Бұл, әсіресе әлеуметтік нысандарға, дәріханаларға, азық-түлік дүкендері мен сау­да орталықтарына қатысты. Өнер­кәсіп және құрылыс ми­нистрлігіне құрылыстың сапа­сы мен жауапкершілікті арттыру үшін қолданыстағы стан­дарт­тарды қайта қарауды тап­сы­­рамын. Нормалардың сақ­та­луын бақылау қажет», деді ол.

Үкімет басшысы сондай-ақ инватакси енгізу арқылы мүгедек­тігі бар адамдарды тасымалдау мәселесін шешуге баса назар аударды. Қазір республикада осындай 150-ге жуық қызмет жұмыс істейді. Әкімдіктердің алдына автомобиль паркін ұлғайтуға жәрдемдесу міндеті қойылды.

 

Мүгедек кісіге мүмкіндік беріледі

Премьер-министр Еңбек министрлігіне әкімдіктермен және бизнеспен бірлесіп мүге­дек­тігі бар адамдарды жұ­мысқа орналастыру мәселе­сіне айрық­ша назар аударуды тап­сырды. Қолайлы бос жұ­мыс орындарын іздеудің ыңғай­лы­лығы үшін арнайы элект­рон­дық еңбек биржасы құрыл­ды – мемлекет жұмыс орындарын суб­­сидиялайды. Бұл ретте мүге­­дектігі бар еңбекке қабілет­ті адамдардың жалпы санының шамамен 39%-ы жұмыс табады.

Денсаулық сақтау министр­лігі мүгедектіктің алдын алу үшін ауруды ерте диагностикалау және ерте араласу жөніндегі жұмысты жақсартып, сапасын арттыруы қажет. Сонымен қатар мүмкін­дігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін педа­гог­терді даярлауды күшейту маңызға ие. Оған қатысты тиісті міндет Оқу-ағарту және Ғылым министрліктері­нің алдына қойылды. Үкімет басшысы үйде мүгедектігі бар балалар­ды үздіксіз оңалту үшін инно­вациялық техникалық құрал­дарды іріктеу бойынша бірқа­тар өңірдің тәжірибесін кеңей­туді тапсырды. Қазір мұн­дай қызмет Павлодар, Қызыл­орда, Абай облыстарында және Шымкент қаласында қолже­тімді. Сонымен қатар еліміз­дің 14 университетінде әлеумет­тік қызметкерлерді даярлау жұмысы жүргізіліп отыр.

Медициналық-әлеуметтік са­­раптаманың сапасын одан әрі арттыру мақсатында ден­саулық сақтау мен еңбектің ақ­па­раттық жүйелерін толық интеграциялау қажеттілігі де назардан тыс қалмады. Осыған байланысты бейінді министрліктерге жыл соңына дейін жұмысты аяқтау жүк­телді. Жалпы, 2024 жылдың басы­нан бастап мемлекет­тік орган­дарға мүгедектігі бар адам­­дардан 16 мыңнан аса өтініш түсті. О.Бектенов түйткіл­ді мәселе­­лер­ді шешуде жеке көз­қарас қа­жет еке­нін, әлеуметтік қыз­мет­тер­дің өз жұмысын жандандыруы ма­ңызды екенін айтты.

«Әлеуметтік саясаттың жаңа стан­дарттарын жасау мен іл­гері­лету жұмысын жалғастыру қажет. Инновациялық технологияларды әзірлеу және оларды әлеуметтік қамсыздандыру мен қорғау жүйесіне енгізу – өте өзекті мәселе. Оның барлығы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп жатқан Инклюзивті саясат жөніндегі тұжырымдамада көрініс табуға тиіс. Бұл құжат желтоқсан айында қабылдануы керек. Сондықтан Еңбек ми­нистр­лігі тұжырымдама жобасын Үкіметке 15 қарашаға қарай енгізуі тиіс. Жалпы, мүгедектігі бар адамдардың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелері орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының тұрақ­ты бақылауында болуы ләзім», деді О.Бектенов.

 

Заң жобалау жоспары бекітілді

Отырыста Үкіметтің 2025 жыл­ға арналған заң жобалау жұ­мысының жоспары мақұлданды. Жаңа редакцияда 6 заң жобасын әзірлеу, сон­дай-ақ қолданыстағы 13 норма­тивтік-құқықтық актіге түзету­лер енгізу қажет. Премьер-министр 19 заң жобасының 12-сі Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға бағытталғанына тоқталды. Үкімет пен басқа да мемлекет­тік органдар экономиканың орнық­ты дамуына, денсаулық сақ­тау жүйесін және азаматтар­дың өмір сүру сапасын жақ­сар­туға бағытталған ауқымды заңнамалық бастамалар топтамасын дайындауы тиіс.

Президент Жолдауын іске асыру шеңберінде жос­пар жобасы қаржы нарығын тұ­­­рақ­­­­ты дамытуға, кәсіп­кер­лік субъектілері мен азамат­тар­­дың экономикалық белсен­ділі­гін ынталандыруға бағыт­талған «Банктер және банк қызметі туралы» жаңа заңды әзір­леуді көздейді. Сондай-ақ сайлау заңнамасын, мемле­кет­тік қызметті, міндетті меди­ци­налық сақтандыруды, денсау­лық сақтауды дамытуды, балама­лы энергия көздерін, телеком­муникация нарығын және де­ректер орталықтарын жетілді­руге ерекше назар аударылды.

Үкімет мүшелері ұсынған жоспар жобасын мақұлдады. Премьер-министр биылғы жоспарының қалған барлық заң жобасын Парламентке енгізу жұмысын аяқтауды және сапалы сүйемелдеуді қамтамасыз етуді тапсырды.