• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 08 Қараша, 2024

Бозкілемде – әлем саңлақтары

40 рет
көрсетілді

Бүгін елорда төрінде самбо күресінен әлем чемпионаты түңлігін түреді. 50 жылдан бері тұрақты ұйымдастырылып келе жатқан жаһандық доданың жаңалығы да жоқ емес. Астанада өтетін әлем чемпионатында әйелдер тұңғыш рет жауынгерлік самбодан белдесуге түседі. Одан бөлек, зағип жандар да алғаш рет әлемдік аламанның медалі үшін күреседі.

Олимпия ойындарының бағдарламасына ен­бегенімен, самбо күресіне қызығушылардың қа­тары қалың. «Самбо федера­циясы бірнеше жылдан бері ауқым­ды жарыстардың ұйымдас­тырылуына, спортшылардың әлемдік додаларға қатысуына екпін беріп келеді. Бүгінде елі­мізде 43 мыңнан астам адам осы күрес түрімен кәсіби шұ­ғыл­данады», дейді Самбо феде­рациясының бас хатшысы Ер­назар Бексұлтанов.

Самбо күресінен 1973 жылы Иран елінде тұңғыш рет әлем чемпионаты жалауын көтерді. Арада өткен 50 жылдың ішінде 46 рет әлемдік аламанда жалауымыз желбіреді. «Жыл сайынғы ел чемпионатынан бөлек, 2022 жылы Ақтауда Азия кубогі ұйым­­дастырылды. Былтыр елорда төрінде Азия чемпионаты өтті. Биылғы мамыр айында Ақтау қаласында Азия және Океания чемпионаты ұйымдастырылып, додаға 25 елден 500-ден астам балуан қатысты. Енді әлем чемпионатын жоғары деңгейде атқаруға барымызды саламыз», деді Е.Бексұлтанов. Бас хатшы келесі жылдан бастап клубтық жүйені жетілдіріп, жастар, жасөспірімдер, жеткіншектер арасында самбо күресімен шұ­ғылданушылардың қатарын арттыруды көздеп отырғандарын айтты.

Самбо федерациясының бірінші вице-президенті Ма­нарбек Бисекенов 19 жылдан кейін елімізге айналып келген жаһандық доданың маңызы жоғары екенін мәлім етті. «Астанада жалауы желбірейтін әлем чемпионатында 85 елден 600-ден астам балуан қатысуға өтінішін жолдады. Балуандармен қатар бапкерлер, дәрігерлер бастаған 150-ден аса маман келеді», деді М.Бисекенов.

Әлемдік доданың жалпы жүлде қоры – 311 мың АҚШ доллары. Чемпион атанған балуан – 4 мың, күміс жүлдегер – 3 мың, қола медаль еншілеген балуандар 2 мың доллар сыйақы алады. Зағип жандар үш салмақ дәрежесінде сынға түседі. Топ жарған, жүлдегер атанған бал­уан­ға 1000 АҚШ доллары мөл­шерінде сыйақы беріледі.

Ұлттық құраманың бас бап­кері Біржан Имаханов әлем чемпионатында белдесуге түсетін балуандар 24 қазаннан бастап қорытынды оқу-жаттығу жиынын Астана қаласында өткізгенін айта келіп: «Әлем чемпионатына елімізден 28 балуан қатысады. Ерлер додасында әлем чемпионы Серік Нұрбол, әйелдер сынында ғаламдық додада топ жар­ған Арайлым Әбенова, Гүл­дана Әлмұханбетоваға ерекше сенім артамыз», деді. Бас бапкер елімізде өтетін чемпионаттан 2 алтын медаль олжалау міндет­темесі жүктелгенін де атап өтті.

Келесі жылы Қытайда Дүние­жүзілік жекпе-жек ойын­дары жалауын желбіретеді. Осынау айтулы додаға қатысатын балуан­дардың тізімі әлем чемпио­на­тындағы нәтижеге орай түзілмек.