Тәуелсіздік күні қарсаңында «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылар арасындағы үздік шаруашылыққа арналған республикалық конкурс қорытындыланды. Іс-шараға Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов, Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев және тағы басқалар қатысты, деп жазады Egemen.kz.
Өз сөзінде Ерлан Қошанов осы күні халықтың шамамен 40%-ы ауылдық жерлерде тұратынын, сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсарту және әл-ауқатын арттыру мәселесіне ерекше назар аударғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «AMANAT» партиясы ел игілігі үшін белсенді жұмыс істеп жатқан «Ауыл аманаты» жобасын іске қосты. Биыл біздің партия жобаға қатысушылар арасындағы үздік шаруашылықтар мен кооперативтерді жұртқа көрсету үшін арнайы конкурс өткізді. Олардың тәжірибесі болашақта «Ауыл аманаты» жобасын жетілдіру үшін пайдаланылады. Президент айтқандай, жаһандану дәуірінде халықты сақтау үшін, ең алдымен, ауылды сақтауымыз керек. Сондықтан конкурс аясында біз ауыл өміріне ерекше назар аударуды көздедік. Ауыл – біздің алтын бесігіміз, мәдениетіміздің, дәстүріміздің және рухани өміріміздің сарқылмас қайнары. Ауылға деген қамқорлық – әрқайсымыздың өткенге, бүгінге және болашаққа деген қамқорлығымыз», деді ол.
Сонымен қатар Ерлан Қошанов мемлекет тарапынан жүйелі назар аударуды талап ететін бірқатар өзекті мәселені атап өтті. Бұл ауылдардың инфрақұрылымын дамыту, ауыл тұрғындары үшін кепілсіз «тауарлық несие» енгізу, ауылдық округтер бюджетінің кіріс базасын арттыру және тағы басқалар.
Өз кезегінде, вице-премьер Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылған сәттен бастап 16 мыңға жуық ауыл тұрғыны жеке кәсібін бастау үшін 2,5% жеңілдікпен шағын несие алғанын, бұл 17 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік бергенін айтты. Сондай-ақ ол қазір шағын несие алушылар өндіретін өнімді өткізуді жолға қоюға ерекше назар аудару керек екенін атап өтті.
Ал Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов жоба ауылдағы жұмыссыздық деңгейін айтарлықтай төмендетуге арналғанын атап өтті. Сондықтан жобаның барлық артықшылығы туралы тұрғындарды дұрыс ақпараттандыру маңызды. Ол еліміздің барлық өңірінен байқауға қатысу үшін 250-ден астам өтінім келіп түскенін атап өтті. Қазылар алқасының шешімімен 30 өтінім 10 номинация бойынша жүлделі орындарға ие болды.
Мәселен, Батыс Қазақстан облысы Қоскөл ауылының тұрғыны Дамир Қадіров «Үздік кооператив» номинациясын жеңіп алды. «Үздік ЖҚШ» номинациясы бойынша бірінші орын Маңғыстау облысы Ақшұқыр ауылынан Александра Григоловаға бұйырды. Ақтөбе облысы Саржанай ауылының әкімі Медет Бекжанов Үздік ауыл әкімі атанды. «Үздік тауар кредиторы» номинациясында Ақтөбе облысы Байқадам ауылының тұрғыны Айгүл Төлеуова жеңіске жетті. Үздік сүт өнімі үшін бірінші орын Абай облысы Қарасу ауылының тұрғыны Дарьян Жанболатоваға бұйырды. Қызылорда облысы Тасбөгет кентінің тұрғыны Гүлзира Ерниязова ет өнімдерін үздік өндіруші атанды. «Үздік аспаздық өнім» номинациясы бойынша бірінші орынды Жетісу облысы Қарашоқы ауылының тұрғыны Назгүл Шоқанова иеленді. Алматы облысы Қаракемер ауылының азаматы Омар Лимтонов «Үздік көкөніс-бақша және жидек-жеміс өнімдері» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Ауылдағы үздік аграрлық емес жоба үшін бірінші орын демалыс үйін ашып, кәсібін өркендетіп отырған Шығыс Қазақстан облысы Жаңа Үлбі ауылының тұрғыны Жанна Абуғалиге берілді. Ал Батыс Қазақстан облысы Дарьинск ауылының тұрғыны Сергей Каверин «Үздік қайта өңдеу кәсіпорны» номинациясын жеңіп алды. Сонымен қатар, Қызылорда облысы Бесарық ауылының кәсіпкері Мұрат Сәрсенбаев жобаға қолдау білдіргені үшін Алғыс хатпен марапатталды.
Байқауға қатысушылар «Ауыл аманаты» жобасы – мемлекеттің Еңбек адамына деген қамқорлығының жарқын үлгісі, ауыл тұрғындарының табысын арттырудың қарапайым әрі түсінікті құралы екенін атап өтті. Олар Мемлекет басшысына және «AMANAT» партиясына көрсетілген қолдау үшін алғыс білдірді.
Сондай-ақ Бесарық ауылында «Ауыл аманаты» аясында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі өтті. Биыл ауылда аталған жоба аясында үлкен өндірістік орталық салынды. Онда картоптан жасалған фри, наубайхана, кондитерлік цех, сондай-ақ жартылай дайын өнімдер, пластик ыдыс-аяқтар, жұмысшыларға арналған қолғаптар, сабын, шұлық және ағаш бұйымдар шығаратын кәсіпорындар өз жұмысын бастады. Сондай-ақ «Қызылорда» супермаркеті мен кафе ашылды.
Осы күні «AMANAT» партиясының Төрағасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ашылған Қызылорда қаласының «Қорқыт Ата» әуежайындағы жаңа терминалдың жұмысымен танысты.