АСТАНА. 18 маусым. Ақтөбе облысының Шалқар ауданына қарасты Жаңақоныс ауылында 17 жастағы қыз өзін өлтірмек болып белгісіз дәрі ішіп, комаға түсті. Бұл туралы nur.kz хабарлады.
Өзіне қол жұмсап, өлтірмек болған қыз баланың жүкті екені анықталды. Алдын ала болжам бойынша, аяғы ауыр болып қалғанын білген бойжеткен әкесінен қорқып, өзін өлтірмек болған.
Аудандық ауруханаға ол 15 маусым күні жеткізілді. Дәрігерлердің бірі: «Ол есінен танып жатты. Неден уланғаны белгісіз. Қыз жақында мектеп бітіріп, ҰБТ тапсырған. Жүктілік мерзімі – 4 ай. 17 маусым күні біз санавиациямен науқасты Ақтөбеге жібердік», – деді.
Алдымен балалар ауруханасына жеткізілген қыз кейін облыстық медицина орталығына ауыстырылған. Дәрігерлер оның 3-санаттағы комаға түскенін, жағдайы ауыр екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, қыздың анасы да дәрігер. Ол қызының жүктілігінен хабардар екені белгілі болды. Дегенмен, науқас қатал әкесінен қорқып, дәрі ішіп қойған.
Еске сала кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысында ҰБТ-дан аз ұпай жинаған қыз өзіне қол жұмсап, қайтыс болған еді.
Талғат Райымбек.
Дерек, сурет: nur.kz.